Түркістандық спортшылар ерледі
Астана қаласында «Жұлдызай-2026» Ұлттық инклюзивті ойындары өтті. Еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам ерекше қажеттілігі бар спортшылар бақ сынаған ауқымды жарыста Түркістан облысының спортшылары үстел теннисінен жоғары нәтиже көрсетті.
Елорда төрінде бабы мен бағы қатар шапқан Мерей Серікбай, Мұхаммедәли Оралов және Ахмет Қалықұл алтын медаль иеленсе, Нұрислам Абдашим күміс жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, облыс құрамасы үстел теннисінен жалпы 4 медаль жеңіп алып, 20 өңірдің арасында командалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Жарыс қорытындысы бойынша облыс спортшылары бірқатар арнайы номинациямен марапатталды. Атап айтқанда, команда жаттықтырушысы Мақсат Қыдырша «Ең үздік команда жаттықтырушысы» және «Ең үздік бас төреші» номинациясына ие болды. Сонымен қатар Мұхаммедәли Оралов пен Абдашим Нұрислам пара үстел теннисіндегі ойындары үшін «Ең үздік ойыншы» деп танылды.
Айта кетейік, биылдан бастап «Жұлдызай» Ұлттық инклюзивті ойындары Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен негізгі жарыстар тізіміне енгізілді. Бұл – инклюзивті спортты дамытуға, ерекше қажеттілікт ері бар азаматтардың спортпен тұрақты айналысуына және олардың қабілеттерін кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадам.