МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ СОТТА ДА МАҢЫЗДЫ
Сотқа талап-арыз қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүргізіледі.
Қай ел болмасын, ең әуелі мемлекеттік тілін ұлықтайды. Себебі, тіл – мемлекеттің басты белгілерінің бірі.
Сондықтан мемлекеттік тілдің дамуын жан-жақты қолдау баршамыздың абыройлы
міндетіміз деп түсінген жөн. Бұл мәселеге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та
айрықша мән беріп отырғаны белгілі.
Қазір сот төрелігін жүзеге асыратын судьялардың басым бөлігі қазақ тілін еркін меңгерген. Егер тараптар сотқа қазақ тілінде жүгінетін болса немесе өкілетті
органдар тергеуді мемлекеттік тілде жүргізсе, сот істерін қазақ тілінде қарайтын судьялар аз емес. Десек те, соттарда әлі де болса іс жүргізу көбінесе өзге тілде өтетіні рас. Себебі, АІЖК-нің 14-бабына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа
талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Бір іс бойынша іс
жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Яғни
талап-арыз қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүргізіледі. Ал, іс жүргізу тілін білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушылар сотта аудармашының қызметін тегін пайдалана алады. Әрине, бұл ретте кездесетін қиындықтар да аз емес.
Бүгінде Шымкент
қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында мемлекеттік тіл мәселесі
толықтай шешімін тапты деп сеніммен айтуға болады. Мәселен, сотта құжат айналымы
мемлекеттік тілде жүргізіледі. Атап айтқанда, ішкі құжаттар, өкімдер,
анықтамалар қазақ тілінде шығарылып, жедел кеңестер мен олардың хаттамалары
қазақ тілінде жүргізіледі. Өзге мекемелерге құжаттар тек мемлекеттік тілде жолданады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, азаматтардың арыз- өтініштеріне
де жазылған тіліне қарамастан, мемлекеттік тілде жауап беріледі. Әрбір сот
маманынан мемлекеттік тілді жетік білуі талап етіледі.
Қорыта
айтқанда, ата-бабаларымыздың дәстүріне сай жүйелі сөйлей білсек, тіліміздің
мәртебесі асып, заман талабына сай жан-жақты дами түсетіні анық.
Назерке
СЕРІКБАЙ,
Шымкент
қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маман – сот отырысының
хатшысы.