Салық саясатының мақсаты – кәсіпкерлікті қолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындап, мемлекеттік органдар алдына маңызды міндеттер қойды.
Жолдауда салық саясатын жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және салықтық бақылау жүйесін оңтайландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін іске асыру барысында туындаған мәселелерді ескере отырып, заңнамадағы қайшылықтарды жою, салық нормаларын біркелкі түсіндіру және кәсіпкерлерге түсетін артық әкімшілік жүктемені азайту қажеттігін атап өтті.
Бұл ретте салық заңнамасының тұрақтылығы мен түсініктілігін қамтамасыз ету, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескеру маңызды. Өйткені салық жүйесі бюджет кірістерін қалыптастырумен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс.
Сондай-ақ Жолдауда салық салудың әділеттілігін қамтамасыз ету, көлеңкелі экономиканы қысқарту және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру мәселелері көтерілді. Жасанды интеллект пен заманауи технологияларды енгізу салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттырып, адами факторды азайтуға және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында Мемлекет басшысы 2020–2023 жылдары микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты тексерулерге енгізілген мораторий тәжірибесін атап өтті. Осы тәжірибенің оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылауды ұсынды.
Бұл бастама кәсіпкерлік субъектілерінің тұрақты қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасауға, олардың қызметіне негізсіз әкімшілік араласуды шектеуге және артық әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған. Сонымен қатар салықтық бақылаудың негізгі міндеті – салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және бюджет алдындағы міндеттемелердің орындалуына ықпал ету. Сондықтан бақылау шаралары заңдылық, негізділік және тәуекелге бағдарланған тәсіл қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылуы қажет.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті осы міндеттерді іске асыру аясында салық төлеушілермен түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Кәсіпкерлерге арналған семинарлар, кездесулер, дөңгелек үстелдер мен ашық есік күндері ұйымдастырылып, байланыс орталығы арқылы консультациялық көмек көрсетілуде.

Басты мақсат – салық заңнамасының талаптарын түсінікті жеткізу, салық төлеушілердің құқықтары мен міндеттері туралы хабардарлығын арттыру, салықтық міндеттемелердің уақтылы әрі толық орындалуына қолдау көрсету. Сонымен қатар профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту арқылы салықтық құқық бұзушылықтардың алдын алу, салық төлеушілердің заң талаптарын бұзуына жол бермеу және әкімшілік жауапкершілікке тарту мен айыппұл санкцияларын қолдану жағдайларын болдырмау көзделеді.
Қорыта келгенде, салық саясатын жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, салықтық бақылауды оңтайландыру және цифрландыру – экономиканың тұрақты дамуының маңызды шарттары. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайтып, адал кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

        М.Нұрахаев
 Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы
Пікір қалдырыңыз