МЕДИАЦИЯ – ДАУДЫ ШЕШУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ
Сотқа жүгінуші тараптар дауларды сотқа дейін және сотта өзара келісім арқылы реттей алады.
Ілгеріде ата-бабаларымыз ел ішіндегі
дау-дамайды билердің төрелік етуімен шешіп отырған. Бітім, құн
беру, келісімге келу, ағайыншылық жолдары арқылы талай түйінді мәселенің
күрмеуін тарқатып отырған. Билер алқасы арқылы
дау-дамай, жанжал ғана емес, елдік мәселелер де кең көлемде
шешіліп отырды. Бұрын әділдікті берік ұстанған халқымыздың ұстанымы
осындай болды. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»
деген мақал халықтың осындай өмір тәжірибесінен алынды.
Бүгінде бұл үрдіс қайта жанданып, соттарда медиация
тәсілі кеңінен қолданыла бастады. Сотқа жүгінуші тараптар дауларды сотқа дейін
және сотта өзара келісім арқылы реттей алады. Бұл үшін медиаторлар,
бітістіруші-судьялар, дауларды бітімгершілікпен шешуге ықпал ете алады. Бітістіруші-судьялар
азаматтарға дауды бітіммен аяқтаудың тиімді екенін жан-жақты
түсіндіріп, туындаған дауды татуласу келісіммен, екі тараптың адвокаттары
болған жағдайда партисипативтік рәсім тәртібімен немесе судья медиатордың
қатысуымен медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келуге шақырады.
Жалпы, медиация қос тарапты бітімгершілікке
шақырып, дауларды
сотқа дейін шешуге ықпал етеді. Қазіргі таңда медиация қызметі
сот жүйесінде
баяғы билер
дәстүрінің жалғасы ретінде қалыптасып келеді. Біз бұдан адамды үнемі сабырлы
болуға және ел бірлігін сақтауға үндейтін бабалар дәстүрінің әлі күнге
дейін өзінің өзектілігін жоймағанын аңғарамыз.
Б.ТАСМАН,
Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық
сотының бас маманы – сот отырысының хатшысы.