СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақты
дамуына, қоғамның әл-ауқатына және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген
сеніміне кері әсерін тигізетін өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан оның алдын
алу, заңдылық пен әділдік қағидаттарын нығайту мемлекеттік саясаттың басым
бағыттарының бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы
Тоқаев елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға, мемлекеттік аппараттың
жауапкершілігін арттыруға және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік
мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді.
Осы бағытта Түркістан қаласының әкімдігі
тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, мемлекеттік
қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыру және мемлекеттік органдар қызметінің
ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, қала әкімдігі жанындағы
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырыстарында
мемлекеттік мекемелер мен дербес бөлімдердің аталған бағыттағы жұмыстары
қаралып, анықталған кемшіліктерді жою және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін
төмендету жөнінде нақты тапсырмалар беріледі.
Әсіресе жер қатынастары, тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, мемлекеттік сатып алу және әлеуметтік
қолдау салаларында заңдылықтың сақталуына ерекше назар аударылады. Мемлекеттік
органдар қызметіндегі ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және
олардың туындау себептерін жою бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Біздің басты ұстанымымыз – сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек өткізілген іс-шаралармен немесе есептік
көрсеткіштермен шектелмеуі тиіс. Ең алдымен, қабылданған шаралардың нақты
нәтижесі, мемлекеттік қызметтердің сапасы және халықтың мемлекеттік органдарға
деген сенімі маңызды.
Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің
қызметтік міндеттерін адал атқарып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін
қорғауды басты назарда ұстауы қажет. Ал мемлекеттік мекемелердің басшылары
өздеріне қарасты салаларда заңдылықтың сақталуына және сыбайлас жемқорлықтың
алдын алуға тікелей жауапты.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы
күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті
екенін ұмытпауымыз керек. Қоғамда адалдық, әділдік және заңға құрмет
құндылықтарын қалыптастыруға әрбір азамат өз үлесін қосуы тиіс.
Түркістан қаласының әкімдігі алдағы
уақытта да мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру, сыбайлас жемқорлық
тәуекелдерін азайту және халыққа сапалы әрі адал қызмет көрсету бағытындағы
жұмыстарды жалғастырады.
Біздің мақсатымыз – заң үстемдігі
орныққан, әділдік пен адалдық салтанат құрған, азаматтардың сеніміне лайық
қоғам қалыптастыру. Өйткені сыбайлас жемқорлықтан ада қоғам – еліміздің тұрақты
дамуы мен жарқын болашағының кепілі.
Әзімбек ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ,
Түркістан қаласының әкімі.