Жолдау жүктеген міндеттер жайы түсіндірілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында республикалық жұмыс тобы Түркістан облысына келді.
Республикалық топ құрамында ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Абдулла Исматуллаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев бар. Жұмыс сапары аясында республикалық жұмыс тобы Түркістан қаласындағы бірқатар әлеуметтік және қоғамдық нысандарға барып, азаматтық қоғам өкілдерімен, ғылыми қауымдастықпен, студенттермен, қала тұрғындарымен және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті.
Алғашқы кездесу «Достық үйінде» азаматтық қоғам институттарының өкілдерімен өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, облыс аумағында Жолдау аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Басқосуда Жолдауда белгіленген стратегиялық міндеттер, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері талқыланды. Кездесуге өңірдегі қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты. Басқосу барысында сөз алған ҚР Құрылтайының депутаты, ғалым Дихан Қамзабекұлы Жолдаудың басым бағыттарына тоқталды.
Одан кейін жұмыс тобы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ға барып, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті. Жиында білім мен ғылымды дамыту, ғылыми әлеуетті арттыру, қоғамдық келісім, аграрлық секторды жаңғырту және су ресурстарын тиімді пайдалану бағыттары сөз болды. Одан кейін жұмыс тобы өкілдері «Ұлы Дала елі» орталығында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттерімен жүздесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауындағы басымдықтар түсіндіріліп, жастардың ел дамуына қосар үлесі, азаматтық жауапкершілік, ұлттық бірлік, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді басқару мәселелері талқыланды. Студенттер жиын барысында өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Республикалық жұмыс тобы өкілдерінің келесі бір тобы саурандық тұрғындармен жүздесті. Басқосуда энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, 2029 жылға қарай ауданда электр энергиясының тапшылығын жою, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру, кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту мәселелері талқыланды. Жиынға қатысқан ҚР Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев және Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков тұрғындарға Жолдауда белгіленген міндеттердің мазмұнын түсіндіріп, сауалдарына жауап берді.
Бұдан кейін делегация мүшелері Кентау қаласына барып, онда тұрғындармен, өндіріс және энергетика саласының қызметкерлерімен кездесті.