Шұбарсулық балғын балуандар топ жарды
Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылындағы жалпы білім беретін «Парасат» мектебіндегі күрес үйірмесінің жас спортшылары еркін күрестен балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында ұйымдастырылған ауданның ашық біріншілігінде жоғары нәтиже көрсетті. Тартысты бәсекеде бақ сынаған шұбарсулық балғындар өздерінің мықты дайындықтары мен жеңіске деген жігерлерін паш етті.
Жарыс қорытындысы бойынша Айсары Жорабек қарсыластарының бәрін жеңіп, чемпиондық тұғырдан көрінді. Сондай-ақ, Асылжан Балтабай күміс жүлдені еншілесе, Мирас Нұрғалиұлы, Нұртілеу Амангелді, Омархан Жорабек және Матвей Бабенко қола жүлдегер атанды. Бұл жетістік ауыл спортының әлеуетін айқын танытты.
Балғын балуандардың жетістігіне бапкер Мұхтар Дүйсенбекұлының қосқан үлесі ерекше. Ол «Парасат» мектебінде жеңіл атлетика, еркін күрес және қазақ күресі секцияларын қатар дамытып келеді.
«Мектебім мен туған ауылымның спортын биікке көтерсем деймін. Шәкірттерімнің бойына ең алдымен тәрбие, сапалы білім, Отанға деген сүйіспеншілікті сіңдіру – менің басты міндетім. Болашақта тыңғылықты дайындық жасап, шәкірттерімді алдағы 3-4 жылда республикалық деңгейге шығаруды мақсат етіп отырмын» дейді Мұхтар Дүйсенбекұлы.