Халыққа қызмет етуден асқан мәртебе жоқ
2011 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» болып бекітілді. Биыл бұл кәсіби мереке 15-рет аталып өтеді. Мереке Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр.
Қоғамның әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып, жауапкершілігі жоғары салада еңбек етіп жүрген мамандардың қызметі қашанда құрметке лайық. Осы мереке қарсаңында біз оқырман назарына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман НҰРМАХАНОВТЫҢ мақаласын ұсынамыз.
Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Олар халыққа қызмет көрсетіп, қолдауға мұқтаж жандарға көмек береді. Бұрын зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға қатысты барлық жұмысты бір бөлім атқарғандықтан, қызметкерлерге түсетін жүктеме де жоғары болды. Қазір ақпараттық технологиялардың дамуы бұл үдерістерді автоматтандыруға мүмкіндік беріп, жұмысты жеңілдетті.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті өңірде әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау функцияларын жүзеге асырады. Департамент өз құзыреті шеңберінде үш негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі – зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы тағайындау. Екіншісі – медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу. Бұл бағытта мүгедектік пен еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленіп, азаматтардың әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігі айқындалады. Үшіншісі – әлеуметтік қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу. Оның мақсаты – мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету.
Осының бірінші бағытына тоқталсақ, бүгінде облыста 786 576 адам әлеуметтік төлем алады. Оның ішінде 213 086 адам жасына байланысты зейнетақы, 194 135 адам базалық зейнетақы, ал, 379 355 адам жәрдемақы алады. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 75 972 адамды құрайды. Бұл есепке зейнеткерлікке шыққан мүгедектігі бар адамдар кірмейді. Асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын 20 611 адам бар. Олардың 13 013-і арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады.
Өңірде бүгінгі күні 3 375 әйел бала тууына байланысты біржолғы жәрдем- ақы алады. Бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы алушылар саны 25 227 адамды құрайды. Сондай-ақ, 121 374 анаға көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы беріліп келеді. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны 68 045 адам алады.
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 15 028 адамға жәрдемақы тағайындалған. Ал, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын жәрдемақы алушылар саны 8 776 адамды құрайды.
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ісіне келер болсақ, бүгінде өңірде департаментке қарасты тоғыз медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі жұмыс істейді. Олар мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеп, азаматтардың әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін айқындау бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы тоғыз айда облыста 104 313 мүгедектігі бар адам тіркелген. Бұл өңір халқының 4,7%-ын және республикадағы мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 13,7%-ын құрайды. Олардың 15 593-і (14,9%) – бала кезінен мүгедектігі бар адамдар. Қалған 88 720 адам (85,0%) – 18 жастан асқан ересектер.
Өткен тоғыз айда облыста 25 343 адам медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтті. Оның ішінде 5 041 адамға алғаш рет мүгедектік белгіленді. Ересектер арасында алғаш рет мүгедектік алғандардың басым бөлігі қан айналымы жүйесінің ауруларына шалдыққан. Бұл санаттың үлесі 30,3%-ды құрайды. Екінші орында қатерлі ісік түрлері (17,4%), үшінші орында жарақат түрлері (8,3%) тұр. Ал, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар арасында жүйке жүйесі аурулары (26,3%), туа біткен даму аномалиялары (21,7%), психикалық және мінез-құлық бұзылыстары (20,7%) басым.
Жалпы, есепті кезеңде 16 541 адам қайта куәландырылып, олардың 15 819-ы мүгедектігі бар адам деп танылды. Бізде сонымен қатар сырттай куәландыру арқылы проактивті мемлекеттік қызмет көрсету жолға қойылған. Биыл тоғыз айда облыс бойынша 11 239 азаматқа осы тәсілмен қызмет көрсетілді. Бұл көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы санының 44,3%-ын құрады.
Департаменттің үшінші бағыты – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу. Бұл бағыттағы жұмыстарға келсек, биыл қазан айына дейін мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында 63 тексеру өткізілді. Оның 32-сі профилактикалық бақылау, 30-ы жоспардан тыс тексеру. Сонымен қатар прокуратураның ұсынуы негізінде бір нысан тексерілді. Олардың қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 58 нұсқама берілді. Сондай-ақ, 22 нысанға жалпы сомасы 4 173,6 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды және ол толығымен өндірілді.
Биыл министрліктің стратегиялық жоспарына сәйкес абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламаларын орындау деңгейін 89%-ға жеткізу жоспарланған. «Е-Собес» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сүйенсек, облыста оңалтудың техникалық құралдары мен әлеуметтік қызметтерге мұқтаж 77 634 адам бар. Оның 56 495-і қажетті қолдаумен қамтамасыз етілген. Жоспардың орындалу деңгейі 72,8%-ды құрайды. Бүгінде облыста 6 841 адам арнаулы әлеуметтік қызметтерді пайдаланып келеді.
Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік нысандарға кедергісіз жетуі де жіті назарда. Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған жоспар түзіліп, 3 700 нысанды бейімдеу қарастырылған. Биыл оның 80%-ын қолжетімді ету жоспарланған. Бүгінгі күні нысандардың 74%-ы талапқа сай реттелді. Осының барлығы – әлеуметтік сала қызметкерлерінің күнделікті еңбегінің нәтижесі. Олар халыққа қолдау көрсетіп, мұқтаж жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қоғамда тең мүмкіндік қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Бегман НҰРМАХАНОВ,
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты
әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы.