Ауыл сахнасындағы әсерлі қойылым
Жуырда Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылында көрермендер Е. Бимаханбетұлының «Қырсық келін» спектаклін тамашалады. Қойылымды Түркістан қалалық мәдениет үйінің «Халық театры» ұсынды.
Әзіл мен өмірлік оқиғаларға құрылған спектакль ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Театр әртістері кейіпкерлердің мінезін шебер жеткізіп, сахнадағы образдарды нанымды сомдады. Көрермендер қойылымды жылы қабылдап, өнерпаздарға өз ықыластарын білдірді.
Мәдени кештің жалғасы ретінде театр ұжымдарының тәжірибе алмасуына арналған конференция өтті. Жиында спектакльдің мазмұны, актерлік шеберлік пен сахналық қойылымның ерекшеліктері талқыланды. Сондай-ақ театр өнерін дамыту, шығармашылық жұмыстарды жетілдіру бағытында пікірлер ортаға салынды. Кездесу барысында қатысушылар өзара тәжірибе бөлісіп, сахна мәдениетін дамытуға қатысты ойларын айтты. Мұндай кәсіби пікір алмасу шығармашылық ұжымдарға жаңа ізденістерге жол ашады.
Кеш соңында Бабайқорған ауылының тұрғындары театр ұжымына ризашылығын білдірді. Олар мазмұнды қойылым мен рухани әсерге толы кеш ұйымдастырған өнерпаздарға алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, облыстық мәдениет басқармасы «Халықтық» театр ұжымдарының аудан және қалалар арасында тәжірибе алмасуына бағытталған гастрольдік сапарлар кестесін бекіткен. Бұл бастама ауыл тұрғындарына театр өнерін жақындатуды, рухани-мәдени құндылықтарды насихаттауды көздейді.
Өнер ұжымдарының өзара байланысын нығайтып, кәсіби тәжірибесін арттыруға бағытталған гастрольдік сапарлар алдағы уақытта да жалғасады.
«ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.