Сіз әлі тірісіз, аға!

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

...Қалта телефонымнан «Қайырғали Медет» деген жазу шыққан соң жалма-жан түймесін басып, құлағыма тоса қойдым.
– Серікпісің? Жұмыстасың ба?
Жазушы ағамның даусы әдеттегідей жайдары шықты. Аспай-саспай, әр сөзін салмақтап сөйлейді. Айнала өртеніп жатса да 
жанұшырып дегбірсіздене кететін пендең ол емес. Қашан көрсең де салмақты қалпынан бір танбайды. Әңгімесін әріден бастайды. Амандық-есендігіңді, отбасы жайын сұрап, бәрін түгендеп алады. Өткен-кеткенді еске алып, күлкілі оқиғаларды айтып, жаныңды бір жадыратады. Сөз арасында кейде анекдоттардың бір-екеуін қыстырып жіберетін дағдысы бар еді. Күлкіден енді езуіңді жиып, көзден аққан жасты беторамалмен сүртіп отырғанда барып бұйымтайын айтушы еді, жарықтық! 
– Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Шіліңгір шілденің алғашқы онкүндігінде  туған күнім екенін жақсы білесің. Жұрт «мына азамат әлі тірі екен ғой» деп ойлап қалсын да. Бастығың да қарсы бола қоймас. Сиясы әлі кебе қоймаған мына көркем дүниемді газеттеріңе жарияласаңдар дұрыс болар еді, — дейді. 
Қайырғали Мүсілімұлы 1956 жылы шілде айында қазіргі Төлеби ауданы, Қосағаш ауылында туған. Бір ауданның түлегі едік. Курстаспыз. 1983 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірдік. Ол еңбек жолын республикалық «Білім және еңбек» журналында әдеби редактор, бөлім меңгерушісі болып бастады. 1990 жылы «Денсаулық» журналында жауапты хатшы, 1991 жылы республикалық «Мәдениет» («Культура») газетінің бас редакторы, 1997 жылы «Қазақстан теледидары мен радиосы» корпорациясында бағдарламалық қызмет редакциясының басшысы қызметтерін атқарды. Ал, 1998 жылы оңтүстік астанадан елге келіп, ОҚО ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының тіл бөлімінің бастығы, 1999 жылы «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының бірінші орынбасары, 2000-2006 жылдар аралығында қалалық «Шымкент келбеті»–«Панорама Шымкента» газеттерінің директор–бас редакторы қызметтерін абыройлы атқарды. «Қазақстан», «Қазақстан-Шымкент» телеарналарында тілшіліктен бастап бас редакторлыққа дейінгі түрлі деңгейдегі қызметтерде болды. Мұнан кейінгі жылдарда «Ерлік» мұражайының меңгерушісі, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі дректорының орынбасары, облыстық тарихи- өлкетану мұражайы директорының орынбасары қызметтерін де атқарды. Арасында «Ел мәдениеті», «Өмір-айна», «Алтын қазына» атты мәдени-қоғамдық, тарихи-танымдық, өнер бағытындағы басылымдарды да шығарумен айналысты.
Қайрекеңнің жас кезінде өлең жазумен әуестенгені де бар. Ал, оны бұрыннан білетіндер «нағыз лирик ақын» еді дейді. Аз жазса да саз жазатын. Мәселен, «Дала кеші» деген мына бір өлеңін оқып көріңізші:
                                       
Құстар тартып көкжиек,
Күн батыс – жалын лаулаған.
Көңілден тарап көп жүйек,
Бір сезім мені баураған.
Бір ауық дала тыныстап,
Ұйқыға жаңа жатқандай,
Сыбдырсыз тұрған тыныш бақ,
Махаббат отын жаққандай.
Қалайша сезім оянбас,
Ақырын самал ескенде. 
Жүрегім сырға тоя алмас,
Даланы кешке кезгенде. 
Тұнып тұрған сурет! Әр жолынан ақынның жүрек соғысының лүпілі естілетіндей. 
Ал, прозасы өз алдына бір әлем. Университетте оқып жүргенде бізге дәріс берген көрнекті ғалым Алма Қыраубаеваның «Қайырғали, сенің  болашақта көркем прозаға ден қойғаныңды қалар едім» деп жылы лебіз білдіргені әлі есімде. Қ.Медет ұлағатты ұстазына уәде берді ме, жоқ па, ол жағын біле алмадым. Алайда, оның ғалым сенімінен шыққанына оқырмандар куә. Оның жазған әңгімелері мен повестері жайлы шағын мақалада түгел айтып шығу мүмкін емес. Қайырғали шығармаларындағы  кешегі, бүгінгі өмір, тіршілік көріністері жүректі тербейді. Әділетсіздікке, жағымпаздыққа, опасыздыққа мейірім, шындық, қайсарлық қарсы тұрады. Бұл – автордың өмірлік кредосы. 
Талантты жан әркез өзінің биігінен көрінері хақ. «Мүйізі қарағайдай» жазушылардың өзі әлі күнге бара қоймаған нарық тақырыбы, бүгінгі күннің тыныс-тіршілігі «Құлқын», «Тендер», «Баспана», «Шеткі үй» әңгімелерінде шебер баяндалады. Шығармаларының арқауына айналған әкімқаралардың тендер өткізудегі белден басатын небір жымысқы әрекеттері, науқас өмір мен өлімнің ортасында жатса да құлқынына бірдеңе түспесе ем жасағысы келмейтін кейбір «антына адал абзал жандардың» лас тірлігі, сайлау кезінде алашапқын болып «дастарқан жайғыш», «концерт бергіш» үміткерлер, жұмыс іздеп қалаға келгенімен баспана мәселесі титықтатқан жас отбасылар жайы – бүгінгі өмір шындығы, көзге таныс көріністер. Расында, «Нарық нақыштары» деген шағын әңгімелер топтамасындағы оқиғалар кімнің басынан өтпеді дейсіз?! Қандай жолмен болса да жүргізушілерден «бірдеңе» қарпып қалу ниетімен жол торыған автоинспекторларды жазушы ащы сын садағына алмай, жай ғана мысқылмен-ақ сілейтеді. «Қойшы іздеген қойшы» әңгімесінде колхоздың бір отар қойын «деректірден» бастап «заппермеге» дейін шопанға сәлем хат жазып беріп алдыртып, ада қылады.
Қ.Медет шығармаларының тақырыбы – туған ауылы, сол ауылдың ақжарылқап адамдары, ата-анасына деген перзенттік махаббаты мен қала өмірінің көпшіліктің көзінен қаға беріс көріністері. Оның шығармаларын оқып отырып, Қосағаш елді мекенін еріксіз есіме аламын. «Масыл» деген әңгімесі тілінің құнарлылығымен, оқиғаның әсем бұрымдай өрілуімен өзіне үйіріп әкетеді. Қаламгер өзінің әңгіме-хикаяттарында тыңнан түрен салып, жаңалық ашып, әуре болып жатпайды. Өзіміз күнделікті көріп, санамызда жатталып қалған ауыл өмірін, жұмыссыздықтан ащы судың құрбаны болып, шаңырағы шайқалып жатқан ер-азаматтардың күнделікті тіршілігін оқырманға ойға орап жеткізеді. 
Қайырғали Медет көп істі үндемей жүріп-ақ тындырды. Қай шығармасын оқысаңыз да өзіне еріксіз жетелеп әкетеді. Оқиғалары шынайы. Кейіпкерлері өз айналамыздағы адамдар. Тілі шұрайлы. Ұзақ-сонар баяндаулар жоқ. Қысқа да нұсқа сөйлемдер көп жайттардан хабар береді. Иландырады. Толғандырады. Сергітеді. Сананы сілкіндіреді. Қалам құдіретін еріксіз мойындатады.  
Мәселен, жоғарыда сөз еткен «Масыл» хикаяты өзекті өртейтін жайттан сабақ алуға мәжбүрлейді. Автор маскүнемдік дертіне салынған бүгінгі адамдардың шынайы бейнесін ашуға тырысқан. Басты кейіпкер Бекқұл Мәскеуде оқып, елге қажетті маман болып оралады. Қызметке араласады. Қаржы саласында сатылап өсіп келе жатқан жас жігіт бірте-бірте ішкілікке салынады. Біреулердің есебінен ішуге дәндеген ол ақыры арақ ішпесе жүре алмайтын болады. Осылайша тірлігінің бәрі кері кетіп, маскүнемге айналады.
Қайырғали Медет бергенінен берері көп жазушы еді. Ол 2024 жылы 27 ақпанда ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін 68 жасында көз жұмды. Курстасымның көзі тірісінде «Беймаза көңіл», «Киең қайда, Қазығұрт, рух берер» атты кітаптары жарық көрді. Кезінде журналистер мен жазушылар арасында жарияланған екі бірдей жабық бәйгенің бас жүлдесін иеленді.
Былтыр ақпан айында Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында оқырмандар Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы Қайырғали Медетті еске алып, оның еңбегін, азаматтық тұлғасын, рухани мұрасын тағы бір мәрте саралады. Осы кеште Қайырғали Медеттің екі бірдей кітабының тұсаукесері өткені мәлім. Жазушының «Өмірімнің өзегі» және «Шалқалап туған ай» туындылары осылайша оқырман қолына тиді. Бұл жинақтарға қаламгердің соңғы жылдары жазған әңгімелері мен өлеңдері топтастырылыпты.
... Таяуда Оразгүл жеңгей қоңырау соқты. Жары, жазушы Қайырғали Медеттің туғанына 70 жыл толуына орай Шымкент қаласындағы мейрамханалардың бірінде еске алу асы өтетінін айтып, соған шақырды. 
«Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» демекші, оқырмандарыңыз барда Сіз әлі тірісіз, аға!  
Пікір қалдырыңыз