Нағыз әріптестік деп осыны айтады!

Еліміздегі уран өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «КАТКО» Қазақстан-Франция бірлескен кәсіпорнының құрылғанына 30 жыл толуына орай жуырда Созақ ауданында салтанатты іс-шара өтті. Мерейтойлық жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге, ҚР Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Orano», BU Mining компанияларының басшылары, кәсіпорын қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Салтанатты іс-шара барысында «КАТКО» кәсіпорнының 30 жылдық тарихына арналған бейнеролик көрсетіліп, кәсіпорынның дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерге марапаттар табысталды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов мерейтой иелерін құттықтап, «КАТКО» кәсіпорнының өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтудағы және Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.

«КАТКО» кәсіпорны өндірістік қызметімен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да елеулі үлес қосып келеді. 2009-2025 жылдары компания Түркістан облысында әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға 8,2 млрд. теңге бағыттап, 480 жобаны іске асырды. Аталған жобалар денсаулық сақтау, білім беру, инженерлік инфрақұрылым, энергетика, сумен қамту, қоршаған ортаны қорғау және басқа да әлеуметтік маңызды салаларды қамтиды.

Кейінгі жылдары компанияның қолдауымен Созақ ауданында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Олардың қатарында Шолаққорған ауылындағы 9 көшені электрмен жабдықтау, спорт және балалар алаңдарын салу, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инватакси көлігін сатып алу, 8 көшеге жарықшамдар орнату, Тасты және Шу ауылдарында су ұңғымаларын қазу, мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жобалары бар. 2025 жылы компания Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеуді қалыптастыру мақсатында өтемдік көгалдандыру жұмыстарына 1,78 млрд. теңге бағыттады. Сондай-ақ, Шолаққорған–Түркістан бағыты бойындағы «Жібек жолы» аллеясын абаттандыруға және Созақ ауданында екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үй салуға қаржы бөлінді.

Компания жергілікті экономиканы қолдауға да басымдық береді. 2024-2025 жылдары Түркістан облысының кәсіпкерлерінен тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу көлемі 170 млрд. теңгеден асты.

Мерейтойлық жиында Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге сөз сөйлеп, Қазақстан мен Франция арасындағы ұзақмерзімді әріптестіктің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, «Orano» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Клод Имовен, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма мүшесі Дастан Көшербаев, BU Mining бас директоры Ксавье Сен-Мартэн Тийе және «КАТКО» компаниясының бас директоры Закариа Эль Марзуки кәсіпорынның 30 жылдық даму жолына тоқталды. Олар «КАТКО»-ның уран өнеркәсібіндегі алатын орнына, өндірістік жетістіктеріне және Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудағы рөліне жоғары баға берді.

Мерейтойлық іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Пікір қалдырыңыз