Қала мен ауыл мектептерінде алшақтық бар...

Түркістанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын дамытуға қатысты бастамаларын жүзеге асыру және Тамыз конференциясында айтылған тапсырмаларын орындау жолдары талқыланған кеңейтілген мәжіліс өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжіліске аудан, қала әкімдері, білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, жоғары оқу орындарының өкілдері, білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің мамандары, ардагер ұстаздар мен сала сарапшылары қатысты. Мазмұнды баяндамалар жасалып, түрлі мәселелер көтерілді және оны шешу жолдары да талқыға түсті. Өңірдегі білім сапасының қазіргі жағдайы сараланып, нақты міндеттер айқындалды.

Облыс әкімі білім саласына жауапты басшылар мен мектеп директорларына нақты тапсырмалар берді. Білім сапасын жақсартудың бірыңғай жүйесін қалыптастыратын кешенді жоспар әзірленіп, облыс әкімі жанынан Білім сапасы жөніндегі өңірлік кеңес құрылады. Сондай-ақ, әр мектептің білім нәтижесін қамтитын «Білім сапасы – Түркістан» бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесін енгізу, ҰБТ нәтижесі төмен мектептермен жұмысты күшейту, біліктілікті арттыру курстарының тиімділігін бағалау және функционалдық сауаттылықты күнделікті сабақтың негізгі бөлігіне айналдыру тапсырылды.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, өңірдегі білім сапасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Атап айтқанда, ҰБТ, PISA, ББЖМ, мектепішілік бағалау нәтижелері, педагогтердің кәсіби деңгейі және білім беру ұйымдарының көрсеткіштері бойынша талдаулар жасалды.
Облыста бүгінде 1 106 мектепте 550 мыңнан астам оқушы білім алуда. Биыл ҰБТ-ға 35 754 түлектің 29 726-сы қатысып, солардың 10 582-сі мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Өңір бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 64,83 балды құрады. Халықаралық PISA зерттеуінің 2022 жылғы нәтижелері бойынша облыс оқушылары математикадан – 389, оқу сауаттылығынан – 347, жаратылыстану пәнінен 389 балл жинаған. 
Талдау нәтижесінде ең төменгі көрсеткіштер Келес, Сайрам, Ордабасы және Сарыағаш аудандарында тіркелді. 
Педагогтердің кәсіби даярлығына қатысты көрсеткіштер де сараланды. Облыста 66 943 педагог еңбек етеді. Былтыр педагогтердің білімін бағалауға 25 761 өтініш түсіп, тестілеуге 23 555 педагог қатысқан. Оның 8 604-і немесе 36,5 пайызы белгіленген шектік деңгейден өткен. 
Мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына көрсетіп отырған қолдауы мен тапсырмаларына сәйкес білім сапасын жақсарту жұмыстарын жүйелі жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Әсіресе, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын төмендету, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру және әр оқушыға сапалы білім алуға мүмкіндік жасау бағыттарына басымдық берілді. Сонымен қатар келесі жылдан бастап білім бөлімдерінің аудан және қала әкімдіктеріне берілетініне назар аударылды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың білім сапасына қатысты жауапкершілігін күшейту қажеттігі айтылды.
Мәжілісте Түркістан облыстық  білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Камилла Ауанасова, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, білім саласының тәуелсіз сарапшысы, халықаралық EdCrunch конференциясының негізін қалаушы Нұрлан Қиясов және облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нышан Байғұтов баяндама жасап, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Түркістан облысында білім сапасын көтеру, мектептердің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасады. 
Пікір қалдырыңыз