Тұтынушы құқығы қалай қорғалады?

Елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңмен реттеледі. Заңда тұтынушыны жеке қажеттіліктері үшін тауар сатып алатын немесе қызметті пайдаланатын жеке тұлға ретінде көрсетеді. 

Осы заңның 8-бабында тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапалы әрі қауіпсіз болуына, сондай-ақ, тұтынушы өзінің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына құқылы екендігі жазылған. Ал, 9-бапта тұтынушының тауар немесе көрсетілетін қызмет туралы толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқылы екендігі көрсетілген. Сатушы немесе қызмет көрсетуші өнімнің атауы, бағасы, құрамы, жарамдылық мерзімі, пайдалану тәртібі және өндіруші туралы мәліметтерді тұтынушыға ұсынуға міндетті. Егер сатып алынған тауардың сапасы талапқа сәйкес келмесе, тұтынушы 15-бапқа сәйкес, өз қалауы бойынша тауарды ауыстыруды, оның кемшіліктерін тегін жоюды, бағаны төмендетуді немесе төленген ақшаны толық қайтаруды талап ете алады. Бұл норма тұтынушылардың материалдық мүдделерін қорғауға бағытталған. Сондай-ақ, 42-бапқа сәйкес, тұтынушының құқықтары бұзылған жағдайда ол сотқа немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы. Заңда тұтынушылардың құқықтарын қоғамдық бірлестіктер арқылы қорғау мүмкіндігі де қарастырылған. Тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін сатып алу кезінде берілетін кассалық чек, түбіртек, кепілдік талоны сияқты құжаттарды сақтауы қажет. Бұл құжаттар дауларды шешуде маңызды дәлел бола алады.
Қорыта айтқанда, әрбір тұтынушы өз құқықтарын біліп, заңда көзделген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланғаны жөн. Бұл қоғамда әділдік пен жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.

Түркістан облыстық сауда және тұтынушылардың
 құқықтарын қорғау департаменті.
Пікір қалдырыңыз