Профилактикалық іс-шараларға маңыз берілуде
Сәбит Қалдыбаев,
«Оңтүстік Қазақстан».
Мақтаарал аудандық полиция бөлімі тарапынан Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидаты және ҚР Ішкі істер министрлігінің нормативтік-құқықтық актілері негізінде қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Аталмыш полиция бөлімінің басшысы Ердәулет АМАНТАЕВТЫҢ айтуынша, бөлім қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуде аянып қалған емес.
Биылғы бес айда ауданда 62 құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде 47 қылмыстық іс орын алды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда біршама төмен.
– Аса ауыр дәрежелі, орта дәрежелі қылмыстар, кісі өлтіру мен бұзақылық, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, бөтеннің мүлкін ұрлау, пәтер ұрлығы, мал ұрлығы, алаяқтық қылмыстармен күрес жүргізіп келеміз. Тергеу саласының қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық және қылмыстық-процесуалдық заңнамаларының талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, қылмыстық құқық бұзушылықтар уақтылы, толық және обьективті тергеп-тексеріледі.
Криминогендік жағдайды тұрақтандыру мақсатында профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Қылмысқа бейім тұлғаларға қатысты жедел бақылау орнатылып, алдын ала әңгімелер өткізілді. Қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін жағдайлар ерекше бақылауға алынды, – дейді Е.Амантаев.
Алаяқтық қылмыстардың алдын алу мақсатында полиция бөлімімен жүйелі және жоспарлы профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Атап айтқанда, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында жиналыстар, нұсқамалар және профилактикалық әңгімелесулер өткізілді. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, банк карталары мен электронды төлемдерге қатысты қауіп-қатерлер туралы ескертулер жарияланды. Соған қарамастан, есепті кезеңде 17 алаяқтық қылмыс тіркелді. Алаяқтық қылмыстардың көпшілігі интернет алаяқтық қылмысы ретінде тіркелген. Шығындарды өтеу бағытында тиісті жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Атқарылған жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау, өткізу және дайындау деректері бойынша құқық бұзушылықтар анықталды.
Қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында патрульдік бағыттар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жаппай іс-шаралар кезінде күшейтілген қызмет режимі енгізілді. Нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалатын құқықбұзушылықтар, оның ішінде көшеде жасалған қылмыстар азайды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында мақсатты профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, мас халде қылмыс жасау, отбасылық–тұрмыстық қатынастағы қылмыстар, соттылығы жойылмаған адамдар жасауы мүмкін қылмыстардың алдын-алуға ерекше назар аударылып отыр. Мас күйде және отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың алдын-алу мақсатында аудан аумағындағы 20 елді мекенде алкогольді ішімдік сатуға шектеу енгізу бойынша кешенді іс-шаралар қабылданды. Аудан бойынша дүкендерінде спирттік ішімдік сатудан – Өнімкер, Ырысты, Мырзатөбе, Қарақыр, Фердауси, Жеңіс, Өргебас, Иіржар, Азамат, С.Рахимов, Азат, Наурыз, Табысты, Өркениет, Еркінабад, Кеңесшіл, Тегістік, Нұрлытаң, Жантақсай, Гүлістан, Көксу, Төрткүл елді мекендері бас тартты. Аталған бағыттағы жұмыстар биыл да жүйелі түрде жалғасын табады.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бір нүктелік рейдтік іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Жол ережелерін бұзу фактілері бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, заң талаптарына сәйкес шаралар қабылданды.
Мақтаарал ауданы.