Мылтықсыз майдан
Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».
Елімізде жол-көлік оқиғалары жиі тіркеліп, қаншама адам қара жолдың үстінде ажал құшып жатқан соң бұл мәселені мылтықсыз майданға теңеуге тура келіп отыр. Иә, бір жылдың ішінде тек Түркістан облысының өзінде ғана екі жүзге жуық адам жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмады екен. Бұл дегеніміз кішігірім бір ауылдың тұрғындарына тең келетін көрсеткіш емес пе?! Ең өкініштісі, «мылтықсыз майданның» құрбандығына айналып жатқандардың басым бөлігі он екіде бір гүлі ашылмаған жастар ...Иә, жүрегің қан жылайды.
Қазығұрт–Шымкент бағыты бойынша ызғытып келе жатқан жеңіл көлік жол жиегінде тұрған «Фураның» астына кіріп кетіп, төрт бірдей жасөспірімнің өмірі қиылғанына көп бола қойған жоқ еді. Артынша облыс орталығына жарысқа бара жатқан мақтааралдық үш оқушы Арыс қаласының аумағында ажал құшты. Алғашқысы түн ортасында жол жиегінде тұрған жүк көлігін байқамай қалған болса, екінші оқиға жүргізушінің тәжірибесіздігі салдарынан орын алған көрінеді. Осы ретте мектеп оқушыларын көлік жүргізу тәжірибесі аз мұғалімдермен алыс жолға шығуға кім рұқсат берді екен деген ой келеді. «Апат салдарынан жеңіл көліктің үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. «Chevrolet Cobalt» жүргізушісі және тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасына байланысты барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды» делінген облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, көлік басқарған жаттықтырушымен бірге кәмелетке толмаған спортшы жасөспірімдер Түркістан қаласына жарысқа бара жатқан. Алайда, кәмелетке толмағандарды тасымалдау бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға, оның ішінде полицияға хабарлама берілмеген.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірімізде жылына кем дегенде 200-300 адам жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмады екен. Түрлі деңгейдегі дене жарақатын алғандарды қоса есептегенде 1500 (!) адам апат азабын тартатын көрінеді. Бұл – бір ғана облыстағы көрсеткіш. Ең өкініштісі, мұндай қайғылы жайт құрбандары жыл санап көбейіп барады. Мұның себебін көшедегі көліктің шамадан тыс көбеюімен, сондай-ақ куәлікті сатып алып рульге отыратындардың кесірінен деп түсіндіруге де болатын шығар. Бірақ, қаншама адамның қаза тауып, қаншама отбасының қайғыдан қасірет шегіп қалуына көлік жүргізушілердің тәжірибесіздігі мен кейбір жол сақшыларының өз қызметіне жауапсыз қарауы да себеп болып жатады. Мына бір мәліметке назар аударайықшы. Бір ғана Түркістан облысында жыл басынан бері жеті жүзге жуық адам көлік жүргізу құқынан айырылыпты. Есесіне, бұл көрсеткіштен екі есе көп адам көлік жүргізу куәлігіне ие болған. Жеті жүз адамның не үшін көлік жүргізу құқынан айырылғанын тереңірек зерттеп-зерделеп алсақ, үміткер жүргізушілерге куәлік беру тәртібін бұдан да қатаңдатқан болар ма едік?..
Таяуда айрандай ұйып отырған отбасы арыстай азаматынан айырылып, ойламаған жерден қайғы жамылды. Тіпті отызға да толып үлгермеген марқұмның артында үйелмелі-сүйелмелі үш баласы мен жасы жиырманың о жақ, бұ жағындағы жары қалды. Әке-шешесі болса да қан жұтып отыр. Иә, тас түскен жеріне ауыр дегеннен басқа айтарға сөз таппайсыз.
Тас демекші, бір жерден оқығаным бар еді, ажал алдымен тасқа келген деседі. Сонда жансыз тастың өзі «бауырын» ажал алып бара жатқанына шыдамай, айналаны азан-қазан еткен көрінеді. «Бір тасты жоғалтқанына мұнша дүрбелең болды, тағы бір тасты ажал алатын болса, дүние төңкеріліп кетер, құрысын, бұдан былай тасқа тиіспейік» деген екен ажал әкелетін Әзірейіл. Бірақ, өмірдің заңы солай, өлімді қалайда біреуге телу керек. Содан көп ойланып, «ажалды адамдарға берсек қолай болады?» деген тоқтамға келеді. Бір адам өледі. Оған қайғырған жұрт көп ұзамай тағдырдың жазғанына көніп, қу тіршілігін жалғастыра береді.
Жасыратыны жоқ, бүгінде бір көшеде жаназа мен той қатар өтетін хәлге жетті.
Бес-алты жасар кезім еді, біздің ауылда жиырма жастағы бір жігіт қайтыс болды. Бүкіл ауыл бір апта аза тұтты. Сол күндерден есімде қалғаны, көшеде әркімге килігіп жүретін шайпыауыз кемпір бар еді. Күніне бір адаммен соқтықпаса көңілі көншімейтін. Ауыл адамдары оның боқауызына үйреніп қалған, өздігінен ұрынарға қара таппай жүрсе де ешкім оған сөз шығындап әуре болмайды. Әншейінде айқайлап сөйлеп, жұрттың мазасын алатын тентек кемпірдің өзі сол күндері тәубеге келіп жүрді. Көшеде доп теуіп жүрген бізге ақырын жақындап келді де: «Балдарым, ауылда АДАМ өліп жатыр ғой, сендер дым болмағандай доп теуіп жүргендерің қалай, ұят емес пе?» деді. Жылы сөзбен, жанашырлықпен айтылған сөз арада қанша жыл өтсе де жадымнан өшкен емес, күні кешегідей көз алдымда. Яғни ажал адуынды апамызды да бір күнде тәубеге келтіргендей әсер қалдырды. Апта аралатып ажал құштыратын, арамыздағы қимастарымызбен амалсыз қоштастыратын жол-көлік оқиғасының жиілеп кетуіне жол бермеу үшін, «мылтықсыз майтанның» құрбандарын барынша азайту үшін, бәлкім, бәріміз де бір мезгіл тәубені есімізге түсіріп жүруіміз керек шығар.