ЖИ-ді сот жүйесіне енгізу: пайдалы ма, қауіпті ме?

Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы сот төрағаларының II форумы өтті. Маңызды басқосуға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркияның жоғарғы сот органдарының жетекшілері қатысып, сот төрелігіне жасанды интеллектіні енгізу және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын ҚР Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев оқып берді.
Форумда Түркия Республикасы Мемлекеттік кеңесінің сегізінші алқа төрағасы Исмаил Хакки Сайин, Түркия Республикасы кассациялық сотының 10-шы азаматтық алқа төрағасы Шерафеттин Озюрур, Өзбекстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Ибрагим Таджиев өз елдеріндегі сот жүйесін цифрландыру тәжірибесімен бөлісіп, жаңа технологияларды енгізу сот ісін жүргізудің тиімділігін арттыруға, өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға және қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. 
Кездесу барысында жасанды интеллект негізінде әзірленген бірқатар инновациялық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында құжаттарды автоматты түрде дайындау жүйелері, сондай-ақ сот процестерін аудио және бейне форматта тіркеп, ақпаратты мәтінге айналдыратын цифрлық шешімдер бар. Сондай-ақ, форумда Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әкімшілік әділет реформасының нәтижелері жоғары бағаланды. Осы ретте Қазақстан тарапы ұйымға мүше елдердің сот органдары арасында ақпарат алмасуды жеделдетуге және құқықтық интеграцияны күшейтуге бағытталған Бірыңғай цифрлық платформаны құру бастамасын ұсынды. Ұсынысқа форумға қатысушы мемлекеттер қолдау білдірді.
Форум соңында бес елдің делегация басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжат цифрлық сот төрелігін дамыту, киберқауіпсіздікті күшейту және құқықтық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді көздейді. Келесі форум 2027 жылы Қырғызстанда өтетін болды. 

Д.ЖҮСІП.

Пікір қалдырыңыз