Реформалар оң нәтиже беруде
Цифрлық технологиялардың дамуы еліміздегі сот саласына да оң ықпалын тигізуде. Соңғы жылдары сот ісін онлайн режимде жүргізу тәжірибесі енгізіліп, «Цифрлық сот» жобасы аясында онлайн сот процестері іске қосылды. Онлайн сот процестері азаматтарға сот залында болуды талап етпей-ақ, қашықтан қатысуға жол ашты. Сонымен қатар соттарда медиация және татуласу рәсімдері жиі қолданыла бастады. Бұл тәсілдер азаматтық және қылмыстық істерде тараптардың өзара келісімге келуіне және сот процестерін қысқартуға мүмкіндік береді.
Сот жүйесіне электрондық құжат айналымының енгізілуі де маңызды қадамдардың бірі дер едік. Бұл жаңашылдық қағазбастылықты азайтып, құжаттарды сақтау мен басқаруды жеңілдетті. Электрондық құжат айналымы сот процестерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтар мен заңгерлерге қажетті ақпаратты жылдам әрі оңай алуға мүмкіндік беруде.
Сот отырыстары да тікелей эфирде көрсетіліп, сот шешімдері ашық түрде жариялануда. Бұдан өзге сот жүйесіне қатысты ақпарат пен қызметтерді халыққа жақындату үшін мобильді қосымшалар мен онлайн платформалар іске қосылды. Мысалы, «Сот кабинеті» қосымшасы арқылы азаматтар сотқа арыз беріп, өз істерінің қозғалысын бақылап отырады. Бұл азаматтарға сот қызметтерін қашықтан пайдалануға және ұзақ уақыт күтпей-ақ өз мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, сот жүйесіндегі жаңашылдықтар қоғам мен құқық қорғау саласының дамуына айтарлықтай пайдасын тигізуде. Цифрландыру, жасанды интеллект, медиация сияқты жаңа әдістер сот төрелігінің тиімділігін арттырып, халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуда.
Әлия БУРАМБАЕВА,
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі
ауданаралық сотының судьясы.