Сегіз адамның өлімі

Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».

Өткен айда облыс жолдарында орын алған жол апаттары қоғамды тағы да дүр сілкіндірді. Сегіз адамның өмірін жалмаған бұл жол-көлік оқиғалары жай ғана статистика емес, ел жадында ауыр қайғы ретінде есте қалды.

Осы екі ірі апаттың салдарынан сегіз адам көз жұмды. Қайтыс болғандардың арасында нәресте де, жас бала да, ана да бар. Тергеу барысында анықталғандай, екі апат та көлік тізгінін игере алмаудан болған. Мәселен, 8 маусым күні кешкі сегіздер шамасында Арыс қаласының 52 жастағы тұрғыны жол жиегіндегі үйлердің бірінің алдындағы орындықта жайбарақат әңгімелесіп отырған бір топ адамды қағып, қоршауын жайпап өткен. Рульдегі Арыстағы мектептердің бірінде жұмыс істейтін әйел сол сәтте оқиға орнынан бой тасалап кетеді. Апат салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмса, тағы екі адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қаза болғандардың екеуі бір үйдің адамы, яғни 30 жастағы келіншек пен оның 2 жасар ұлы. Үшіншісі көрші үйдің 5 жастағы ұлы. Ал, төрт балалы жас ананың артында 3 ұлы мен жолдасы қалды.
Ал, 30 маусым күні Түлкібас ауданына қарасты Еңбекші ауылында «Volkswagen Polo» көлігі жолдан шығып кетіп, ағашқа соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, көлік екіге бөлініп кеткен. Апат салдарынан бір үйдің бес баласы оқиға орнында көз жұмды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көлік тізгінінде биыл ғана мектеп бітірген қыз отырған. Бір адамның қателігі осылай бүкіл бір шаңырақты қара жамылдырды. Өкініштісі, осындай жол апатынан бір емес, бірнеше адамның қаза болғаны туралы суыт хабарды күн сайын еститін болдық. Әр апаттың артында бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының, тұтас бір әулеттің тағдыры мен қайғы-қасіреті тұр. 
Облыстағы жол-көлік оқиғаларының ушығып тұрғанын мына деректерден-ақ аңғаруға болады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және есепке алу жөніндегі комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, жыл басталғалы бері өңіріміздің жолдарында 576 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Былтыр дәл осы уақытта 579 жол-көлік оқиғасы орын алған екен. Апат салдарынан 137 адам көз жұмса, 731 жолаушы әртүрлі деңгейдегі жарақаттар алған. Өкінішке қарай, соңғы алты айда жол апатынан кәмелеттік жасқа толмаған 232 жасөспірім жарақат алса, 33 бала қаза тауыпты. Әсіресе, елді мекендерде, ауыл көшелерінде жылдамдықты арттыру өте қауіпті екенін жүргізушілер ескере бермейді. Заң талаптары қатаңдатылып, айыппұл көлемі артса да желік қуған жүргізушілердің жауапсыздығына бұл шектеулер тыйым болмай тұр. Себебі, алты айдағы жол-көлік оқиғаларының 134-і аудандық маңызы бар жолдарда, 368-і елді мекендерде орын алған. Ең көп жол-көлік оқиғалары Жетісай ауданында (81), Сайрам ауданында (77) және Түркістан қаласында  (64) тіркелген. Басқа аудан-қалаларда да жағдай соншалықты мәз емес.
Жоғарыда айтылған қаралы сандарға ортақ бір себеп бар. Ол – жылдамдықты шамадан тыс асыру. Себебі, сағатына 40-50 шақырым жылдамдықпен келе жатқан жүргізуші кез келген жағдайда, тіпті, қарсы алдынан жаяу жүргінші жүгіріп шықса да тежегішті басып үлгереді. Адамды қаққан күннің өзінде соққы өлімге алып келетіндей ауыр болмайды. Ал, 80, 100, 120-мен келе жатқан көлік жаяу жүргінші үшін де, жүргізушінің өзіне де, қарсы беттегі көлік иесіне де өте қауіпті. Мұндай жылдамдықтағы соққының салдары да, тартқызар азабы да орасан. 
Адамның айдың-күннің аманында жарық дүниеден мезгілсіз өтіп кеткенінен артық қасірет жоқ шығар. Төтеннен келген ажал болашағынан үміт күткен жасты, әсіресе, буыны қатып үлгермеген баланы жұлып әкетсе, сең соққандай есеңгіреп қаласың. Осы ретте жол ережесін сақтау әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі екенін естен шығармаған абзал. Себебі, көлік тізгіндегендердің тәртібі түзелмесе, әр жүргінші өз жауапкершілігін жете түсінбесе, жағдайдың оңға басуы қиын. Заңды күшейтуден бұрын жүргіншінің де, жүргізушінің де мәдениетін көтерген дұрыс. Алдағы уақытта бұл мәселенің алдын алмасақ, қара жолда қаза болатындардың саны азаймасы анық. Сондықтан облыстағы құзырлы органдар мәселенің түп-төркінімен күреспесе болмайды.  
Пікір қалдырыңыз