«Құпиялылықты сақтау – жауапты міндет»
Мемлекеттік құпиялар мен аса маңызды құжаттардың межелі жерге мүлтіксіз жетуін қамтамасыз ететін Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құрылғанына биыл 35 жыл толып отыр.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі 1991 жылы 20 желтоқсанда Министрлер Кабинетінің №793 қаулысымен құрылды. Ол мемлекеттік органдардың, мемлекеттік билік пен мемлекеттік басқарудың жоғары органдарының және жоғары әскери қолбасшылықтың хат-хабарларын жеткізумен айналысады. Фельдъегерлік байланыс қызметі ҚР арнайы мемлекеттік органдарының құзыретіне кіреді.
– Ел Тәуелсіздігімен қатар құрылған біздің қызметке 20 желтоқсанда 35 жыл толады. Ал, Түркістан қаласындағы Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің негізін қалаған Тимур Мәмбетқазиев болды. Бүгінде Тимур Хамитұлы зейнеткер. Ол кісінің жаңа құрылымды құрып, қызметін үйлестіріп, оны жолға қоюдағы еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Үкімет аппараты жанындағы Мемлекеттік фельдъегерлік қызметті Жанат Сарин басқарады. Жанат Берікұлының бастамасымен жыл соңында фельдъегерлік қызметтің мерейлі датасын атап өтпекпіз.
Заңда көрсетілгендей, біздің қызмет мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың мемлекеттік құпияларын қорғай отырып, мемлекеттік фельдъегерлік байланыспен қамтамасыз етуге арналған. Мемлекеттік фельдъегерлік байланыстың бірыңғай жүйесін мемлекеттік фельдъегерлік қызмет және оның филиалдары құрайды. Ал, енді міндеттерімізге келетін болсақ, ол ҚР «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» Заңда жан-жақты көрсетілген. ҚР Президентінің, вице-
Президенттің, Құрылтай төрағасының, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының, Премьер-министрдің, Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, ҚР Президенті Әкімшілігі мен Үкімет аппараты басшыларының атынан жөнелтілетін (атына жіберілетін) хат-хабарларды аталған лауазымды адамдардың тұрған орны бойынша табыстап, Қазақстан Республикасынан тыс жерге жеткізу біздің негізгі міндетіміз болып саналады.
Қазір облыс әкімдігі біздің жұмысқа қажетті барлық жағдайларды жасап, кеңсемен, көлікпен және тұрғын үймен қамтамасыз етіп отыр. Осы қолдауы үшін ұжым мен республикалық Мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің атынан ризашылығымызды білдіреміз. Әлбетте, осының барлығы басшымыз Ж.Б.Сариннің жергілікті мемлекеттік органдардың жетекшілерімен жеке кездесіп, қолдау көрсетуді сұрап, жұмысты нәтижелі ұйымдастыруының арқасында жүзеге асты деп ойлаймыз. Жанат Берікұлы әрбір қызметкерімен жеке кездесіп, соның нәтижесінде бірқатар кадрлық оң шешімдер қабылданды. Мысалы, Дархан Нағызханұлы Мұханбедин орталық аппараттың кадр басқармасы бас маманынан Түркістан қаласындағы Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет басқармасы бастығының орынбасары қызметіне, ал, бірнеше қызметкер аумақтық бөлімшелерден орталық аппаратқа ауыстырылды. Атап айтқанда, Ақтөбе, Тараз, Орал және Алматы қалаларындағы басқармалардан келген мамандармен толығып, ол өзінің оң нәтижесін берді, – дейді Түркістан қаласындағы Мемлекеттік фельдъегерлік қызмет басқармасының бастығы Әлімжан Бейсенбекұлы Әбуов (негізгі суретте).
Біз Әлімжан Бейсенбекұлымен әңгімелесу барысында мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің құқық қорғау, қауіпсіздік қызметтері сияқты көп жағдайда құпия болып келгенін, көп мәліметтердің әлі де жариялауға жатпайтын тұстарын аңғардық.
Яғни фельдъегерлер арнайы құқықтарға, қару алып жүру және оны қолдану құзыреттеріне ие. «Бүгінгі интернет, жалпы байланыс дамыған заманда бұл қызмет қаншалықты маңызды?» деген сауалымызды қойған едік. «Біздің қызмет ерекше құпиялылықпен және мемлекеттік құпияларды сақтау талаптарымен қатаң регламенттеледі. Ол мәліметтерді ғаламтор байланысы арқылы таратуға болмайды. «Аса маңызды» деп таңбаланып келетін қағаз нұсқадағы құжаттар мен хаттар электронды нұсқада кездеспейді. «Жедел!», «Өз қолына табыстау!» деп таңбаланатын хаттар, құжаттар болады. Біздің міндетіміз сол құжаттарды дер кезінде тиісті тұлғаларға жеткізу». Ол, құпияны сақтау, адал қызмет ету – басты міндетіміз» дейді. Бұл қызмет соғыс немесе төтенше жағдайлар кезінде ерекше маңызға ие. Қызметтің әскери сипаты да бар. Сондай-ақ, мемлекеттік маңызы бар маңызды шешімдерді шұғыл тарату қажет болғанда жұмылдырылады.
Мемлекеттік құпияларды қорғау, құжаттардың жоғалмауын және межелі жерге уақытында жетуін қамтамасыз ету – бұл қызметтің басты сипаты. Бүгінгі таңда олар Президент Әкімшілігі, Үкімет, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар арасында байланыс қызметін көрсетіп келеді. Қызметкерлер мемлекеттік құпияларды сақтау талаптарына сай арнайы дайындықтан өтеді. «Фельдъегерлік қызметке үміткерлер мен жұмыс істейтін мамандарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде жоғары деңгейдегі талаптар қойылады. Яғни бірінші кезекте қызметкерлердің лауазымдық міндеттері мемлекеттік құпияларды тасымалдаумен тікелей байланысты болғандықтан, олар міндетті түрде арнайы тексеруден өтіп, құпия мәліметтермен жұмыс істеуге рұқсат алуы тиіс. Бұл қызметке үміткерлерге құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қандай талап қойылса, мұнда да сондай талап қойылады» дейді Әлімжан Бейсенбекұлы бізбен әңгімесінде.
Сөз соңында филиал басшысы еселі еңбек етіп жүрген әріптестерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына табыс тілейтінін жеткізді.
Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».