«БЕКЗАТ» – АНКАРАДА ЖАРЫҚ КӨРДІ
Мәңгілік мазмұнға ие ісімен өз дәуіріне мән бітірген жап-жас жігіттің отты көздерін көресіз әуелі. Кітаптың жұқалтаңдығы алғашқы әсер ғана, әйтпесе қалыңдығы кірпіштей болғанымен іші жұтаң талай кітап сөрелерде шаң басып тұр емес пе?! Шындаса, кісінің жетпіс жыл жүріп жасағанын жиырма жылға сыйғызып жіберетін жүректер бар екен. Қолымыздағы ықшам кітап сондай бір жастың өмірі мен ерлігіне арналған. Жарқ етіп сөнген жиырма жыл ғұмырында халқына зор жеңіс сыйлап мәртебесін асырған Бекзат Саттархановқа арнап жазылған жырлар жинағы. Чемпион жайлы өзге кітаптардан ерекшелігі - түрік тілінде Түркия астанасы Анкарада жарық көргені. Иә, осылайша Анкараға «Бекзат» кітабы келіп жетті.
Қазақты қуанышқа кернеген жеңіс пен жеңімпаз ұлының хикаясы ендігі түрік оқырманына ұласты. Ozanların Gözüyle/Sözüyle Bekzat Sattarhanov (Ақындардың көзінде/сөзінде Бекзат Саттарханов) деп аталатын бұл еңбекте чемпионның өмірбаяны қысқаша баяндалып, 30 автордың Бекзат Саттархановқа арнап жазған 45 өлеңі түрік тілінде ұсынылған. Сонымен қатар, бұл еңбекте осы уақытқа дейін Сидней олимпиадасының чемпионына арнап жазылған және ішінде Бекзат туралы айтылған кітаптардың тізімі де бар. Анадолы жұрты кітаптан Қазақстанның танымал тұлғалары мен спортшыларының және боксшының Сидней олимпиадасындағы қарсыластарының чемпион жайлы жылы лебіздерін де оқи алады.
Кітап құрастыру бір қарағанда оңай көрінгенімен тыңғылықты еңбекті талап етеді. Бүгінгідей интернет жоқ шақта жазылып түрлі газет-журнал беттерінде қалған, шашылған жырларды жинау үшін кітапханалар мен мұрағаттан том-том тігінді ақтаруға мәжбүрсің. Бұл үшін уақыт керек, сабыр керек, бәрінен де ізденіске құштарлық қажет. Қанша титықтатса да жіті ізденген Ержан Арғынбаев, ақырында жинаған өлеңдер санын қырық беске жеткізіп әуелі қазақша басқан. Міне тыңғылықты еңбек тағы да жалғасын тауып Ержан Арғынбаевтің тікелей өзінің аударуымен түрікше жарық көріп отыр.
Мәңгілік дегеннен шығады, кітап жарық көрген баспаның атауы көне түрікше «мәңгі» деген сөзден келеді. «Bengü» баспаүйі, Еуразия Жазушылар Одағына қарасты тәжірибелі де салмақты баспа. Түркі әлемінің түкпір-түкпірінен авторлар мен шығармаларды түрік тілінде басып насихаттап отырған бұл одақтың орталығы Анкара қаласында орналасқан. «Бенгү» баспасынан шыққан түркі халықтарының әдебиеті, мәдениеті, тарихы жайлы зерттеу кітаптары және түркі тілдерінен тәржімаланған көркем әдеби шығармалар бұл күнде оқырман сұранысын өтеп отыр. Осы уақытқа дейін баспадан түркі халықтарына байланысты мыңға таяу кітап жарық көрсе, оның сексен шақтысының Қазақстанға қатысты кітаптар болуы сөзіміздің айғағы. Қазақстан кітапханасы сериясымен шыққан кітаптардың көпшілігі таңдамалы қазақ прозасының тәржімалары. Одан бөлек ақындардың жыр жинақтары мен зерттеу еңбектер де бар. Енді осы кітаптардың қатарына қазақ бокс тарихына аты алтын әріптермен жазылған жиырма жасар Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов жайлы еңбек те енді. Осы орайда кітапты түрікше жариялауды ұсынып демеушілік жасаған Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы, ғалым-аудармашы Уфук Тузман мырзаға алғыс айтқымыз келеді.
Йашар Доғу, Наим Сүлейманоғлы секілді атақты спортшыларын қатты қастерлейтін, олар жайлы фильмдер түсіріп кітаптар шығарған Түркиядағы бауырлас оқырман қауымы түркістандық қазақ жігітіне бей-жай қарамас деп ойлаймыз. Бекзаттың отты көздері, ол жайлы отты сөздер Анадолының бір бұрышындағы жас өреннің жүрегінде жалын оты тұтата алса не ғанибет?!
Бекзат БЕКБОЛАТ