Елеусіз қалған ерліктер...

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 81 жыл толып отыр. Өкінішке қарай, ел шетіне жау келгенде ерлермен қатар қолдарына қару алған батыр қыздарымызды кейінгі буын жете біле бермейді.  Айталық, Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 5100-ден  аса қыз-келіншек аттанса, солардың басым бөлігі ұшқыш, мерген, пулеметші, танкіші, барлаушы, партизан, байланысшы және медбике сияқты маңызды істерді атқарып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. 

Сол сұрапыл соғыста көрсеткен ерліктері үшін Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова Кеңестер Одағының Батыры атағына ие болды. Бұл атаққа қазақтың басқа да қыз-келіншектері ұсынылғанымен, сол кездегі саясаттың салдарынан олардың ерліктері елеусіз қалды. Олардың барлығы дерлік майданға өздері сұранып аттанды. Мәселен, 1943 жылдың мамырында бір ғана Алматыдан 185 қыз-келіншек майданға жіберілсе, солардың 73-і қазақ қыздары болған. Тура сол жылы Орал облысынан да бiр топ әйел мұғалiм мен медицина қызметкерлерi соғысқа аттанды. Жалпы, Ұлы Отан соғысына Түркістан облысынан 7 мыңға жуық қыз-келіншек аттанған.

Соғысқа аттанған қазақстандық қыз-келiншектер арасында ұшқыш, гвардия лейтенанты Хиуаз Доспанова, ұшақтың механигi Дәмелi Жәкеева, зениттi артиллерия расчетiнiң командирi Ақлима Ақжолова, «Қызыл әскер ақиқаты» газетiнiң қызметкерi Рахима Жанбекова, зенитшi Ажар Оразғалиева, десантшылар – Рәзия Сыздықова мен Қалзия Асанова, барлаушы Жәмилә Сәлiмова, гвардиялық атқыштар дивизиясының сержанты Шағила Құсанова, әуе бақылаушылары – Раушан Мазитова, Нұрғайын Хамитова, Бибiнұр Тынысбекова, майдан дәрiгерлерi – Мәрия Сырлыбаева, Роза Момынова, Рәпия Мақашева, Мархаба Түкiбаева, Гүләндә Түсiпжанова, медбикелер – Сағындық Шынәлиева, Сара Сартбаева, Әмина Орынбасарова, Қызыл Крест комитетiнiң «Флоренс Найтингейл» медалiмен марапатталған лейтенант Рәзия Ысқақова, байланысшы Раиса Абдуллина, авиамоторшы Әқима Ақжолова, I және II дәрежелi «Даңқ» орденiнiң иегерi, зеңбiрекшi Қалзия Асанова, аспаз Шәмшiбану Әмiрова, радист Шекер Ботаханова, зенитшi Қантай Елубаева, барлаушы Рахила Ералина, байланысшы Алтынай Есболатова, әуе механигi, ұлы Абайдың шөбересi Ишағы Жағыпарова, зенитшi Ажар Оразғалиева, жау ұшақтарының «тамыршысы», аға сержант Роза Шамжанова, Мәскеу қаласындағы Бас поштаның Кеңес Армиясындағы түркi тiлдес халықтар жауынгерлерiнiң хаттарын тексерушiсі (цензор) болған Халима Өзбақанова (соғыстан кейiн майдангер, Қазақстанның халық жазушысы Әзiлхан Нұршайықовқа тұрмысқа шыққан), Сталинградтағы талқандалған трактор зауытын қысқа мерзiм ішінде танк жөндеуге ыңғайлап, майданға танктер жөнелтуге атсалысқан он бiр қазақ қызының бiрi Жұмакүл Оңғарова, тағы сол сияқты қазақтың көптеген қаһарман қыздары Отан үшiн жанқиярлықпен шайқасты.

Соғыс жылдарының шежiресiне назар аударсақ, қазақ қыздарының ерлiгi кім-кімді болса да қайран қалдырады. Сол уақытта қазақ тiлiнде шығып тұрған майдан газеттеріне көз салсаңыз, олардың соғыстағы ерлiктеріне жете қанығуға болады. Осынау газет беттерiндегi жауынгер қыздардың ерліктерінен елес беретiн сұрапыл сәттерге көз жүгiртiп көрелiкшi. Солардың бірінде қазақтың өрімдей төрт қызынан құралған танк экипажы майдан өтінде жаумен шайқасқаны жайлы деректер келтірілген. Бір айта кетерлігі, қазақ қыздарынан құралған танк экипажы, олардың ерлік жолдары туралы деректер әдейі құпия ұсталған сияқты. Содан болар, майдангер төрт қызымыз туралы мәлімет тым мардымсыз, там-тұмдап қана сақталған. Бір деректе олар 1944 жылы желтоқсанның басында қаза болды десе, енді бір деректе төртеуінің де хабар-ошарсыз кеткендігі айтылады. Қалай болғанда да, олардың бір экипаж құрамында жаумен соғысуы және жасаған ерліктері бүркемеленген бе деген ойда қаласыз. Бұл бір жағынан көреалмаушылықтан немесе өзге ұлт өкілдерінің соғыстағы рөлін төмендетуден туған пиғыл болуы әбден мүмкін. 

Соғыс жылдарында 800 мыңнан астам әйелдің тек 20-сы ғана бронды танк сапында болған. Оның 12-сі славян халқының өкілдері болса, 4-еуі қазақ қызы. Бірақ, төртеуінің аты-жөндері еш жерде аталмайды. Славян қыздары 12 болғанмен, танк зкипажы бола алмаған, ал, 4 қазақ қызы бір танк экипажы болды. Қарағанды облысынан соғысқа аттанған сол төрт қыздың аты-жөндері – экипаж командирі әрі көздеуші, кіші сержант Жамал Байтасова, оқтаушы-атушы Күлкен Тоқбергенова, механик-жүргізуші Күнжәмила Талқанбаева, радист-пулеметші Жәмила Бейсенбаева (төмендегі суретте). Соғыста оларға Топатай Жүнісов деген қызыләскер кезіккен екен. Сол қазақ жігіті экипажда жүрген төрт қыздың аты-жөндерін жазып алып, мақала дайындаған. Сөйтіп, ол мақаланы Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газетіне поштамен жіберген. Мақала газеттің 1944 жылғы 22 тамыздағы санында «Танкшы қазақ қыздары» деген тақырыппен жарық көрген. Сол мақалада «Танкшылар шабуылға шығып, немістерді қаладан жөңкілте қуды. Литваның сәнді, сәулетті қалаларын жендеттер аяусыз талқандаған екен. Бір кезде Жамалдың танкы жау күтпеген жерден шығып, немістерді баса жаншып, олардың оқ ататын ұяларының үнін өшірді. Орта бойлы күлімкөз Күлкен Тоқбергенова жаудың тылына кіріп, танктерге жол ашатын, жаудан «тіл» әкелетін барлаушы болды, барлау жұмыстарында командованиенің тапсырмаларын батыл орындағаны үшін үш рет марапатталды. Танкке мініп, жауға шабуыл жасадық, немістер күтпеген жерден берілген қатты соққыға табан тіреп қарсылық көрсетуге шамасы келген жоқ» деп танкшы қыздардың майдан даласындағы ерен ерліктері өте әсерлі баяндалады. Қалған құжаттар қызғаныштан,  не болмаса басқа да себептермен жойылып кетуі мүмкін. Тек курсты жүргізген лейтенант Осипованың төрт қызымызға танк экипажы бола алатыны туралы рапорты ғана сақталған. Онда: «Экипаж жедел курсты жақсы меңгерді, танкінің техникалық  жағдайына қарай алатын және жөндей алатын дәрежеде. Тактикалық әдіс нұсқауларды, топографиялық карта бойынша ориентация жасауды өз дәрежесінде біледі. Қашықтықтан және жақыннан ату полигонында да үздіктер қатарында болды» делінген. 

Конструктор Кошкиннің сол кездегі озық техникасы саналатын Т-34 танкісін қазақ қыздарының игеріп, Курск қаласын жаудан азат ету кезінде жан алып, жан беріскен мың жарым танктің арасынан аман шығуының өзі ерлік емес пе?! Бірақ, біз бұл туралы жете біле бермейміз. Тек Жамал Байтасованың майданға кетер алдында соғыста жүрген әкесі Асанға жазған хатында: «Әке, өз міндетімді орындап, үйге жеңіспен оралуға уәде беремін. Қасымдағы үш құрбым да қазақ қыздары. Құшақтап, бетіңнен сүйдім. Қызың Жамал» деп қысқа ғана мәлімет беруінің өзінен ерліктің рухын сезесің. Қайран, қазақтың асыл туған текті қыздары-ай!  

Ұлы Отан соғысына қатысқан әскери журналист Михаил Левченконың күнделігінде: «Ол кезде мен «Патриот Родины» газетінің қатардағы қызметкері едім. Майданда материал жинап жүріп, бір топ солдаттармен және офицерлермен бірге неміс фашистерінің қоршауында қалып қойдым. Меніңше, бұл Котовице маңында болса керек. Жағдай тым қиын еді. Кенет жауынгерлердің арасынан қаршадай бір қазақ қызы шыға келді де, қорғаныс ұйымдастырып, алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бір танкісін отқа орады. Орнынан тұрып, «алға» деп ілгері ұмтылғанда, тасадан екінші темір тажал шыға келгені ғой. Соған қарамастан әлгі қыз алға тұра ұмтылды. Оқ тиіп, мерт болды. Бірақ, жолдастарына да жол ашты. Бұл осы батальонның комсоргі Алтыншаш Нұрғожинова (1924-1944) екен» деген мәліметтер бар. Қаза тапқаннан кейін оны әскери кеңес Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Тіпті, құжаттары Мәскеуге жіберіледі. Бірақ, жоғарыдағылар қазақтың ержүрек қызына батыр атағын бергісі келмеді.

Адамзат тарихындағы ең қаһарлы соғыс қаншама адамның өмірін жалмап кетті. Айтайын дегенім, бұл соғыста қаншама қазақ жігіттерінің, қаншама қазақ қыздарының көрсеткен ерліктері ескерусіз қалды. Сондықтан олардың жасаған қайталанбас ерліктерін мақтан тұтып, келешек ұрпаққа жеткізіп, мәңгілік есте сақтау – біздің қастерлі борышымыз һәм басты міндетіміз!


Шоқан ДИХАНБАЕВ, 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті әскери 

кафедрасының оқытушысы, запастағы майор.

Пікір қалдырыңыз