Қымбат көлікке қызығушылық неге төмен?

Қымбат көлік міну бір кездері өзгелерге өміріңнің бақытқа толы екенін көрсетудің бір жолы болатын. Ол кездері астыңда жап-жаңа S-Class, Cayenne немесе BMW X5 секілді көлігің болса, шетелге шығып, әлеуметтік желіге әдемі фотосуреттер салудың да керегі жоқ еді. Адамдар сізге үнсіз ғана қызыға да, қызғана да қарайтын. Яғни қымбат көлік табысты адамның визит картасы ретінде жұмыс істеді. Ал, қазір олай емес...
Бүгінде өмірімізде көптеген өзгерістер болып жатыр. Құны он, он бес, тіпті жиырма миллион тұратын көліктер саны бұрынғыдан әлдеқайда көп болғанымен, ол мүлдем басқаша эмоциялар тудырады. Мәселен, ең алдымен «мен оны «асырау» үшін қанша жұмсаймын?», «бір жылда қанша шығын болады?» деген сауалдар ойға оралады. Ең бастысы, мұндай көлік мінгендерге аса қызыға да бермейсіз, бұрынғыдай қызғаныш та жоқ. 
Тіпті, енді бірнеше жылдан соң адамдар қымбат көліктерге қызыға қарауды мүлдем доғаратын сияқты. Мұның бәрі қаражат тапшылығына қатысты деп айтуға болады. Себебі, автокөліктер қымбаттады, қызмет құны да көтерілді, кейбір қосымша бөлшектердің бағасы да күрт өсті. 
Адамзаттың байлыққа деген көзқарасы да өзгерген секілді. Бір кездері қымбат заттар сәттілікке қол жеткізген адамның белгісі болса, бүгінде шығындардың көп екенін аңғартатындай. Немесе бұрын қымбат көлік қаржылық еркіндіктің символы болған, ал, қазір еркіндіктің қанша тұратынын еске салады. Тағы бір себеп – барлық жерде сән-салтанаттың болуы. Қымбат көліктер енді ерекше оқиға емес. Өйткені, біз күн сайын бизнес орталықтардың жанында тұрған сәнді кроссоверлерді, электрлі Porsche көліктерін, әлеуметтік медиа блогерлері Lamborghini-ге мініп бара жатқанын көргенде, қымбат көліктің әсері сөзсіз бәсеңдейді. 
Сонымен қатар, біз «қымбат нәрселер адамды автоматты түрде бақытты етеді» деп ойлауды доғардық. Бұрын бәрі қисынды болып көрінетін, мысалы іші салқын көлік жақсы өмірдің белгісіндей еді. Ал, бүгінде бір-бір қымбат көлік мініп, ызғытып бара жатқан адамдарды жиі көреміз. Олар үнемі бір жерге асығады, тіпті көлікте телефонмен сөйлеседі, бағдаршамдарда хабарламаларға жауап береді. 
Кейде сәнді көлік шынымен де сәттіліктің сыйақысы сияқты. Ал, кейде бұл жұмыстың жанама әсері, сәттіліктен ләззат алуға уақыт қалдырмайтын құрал іспетті. Сондықтан біз мүлдем басқа нәрселерге қызыға бастадық. Қымбат көлікке емес, жұма күні кешке телефонды өшіріп, оны тек дүйсенбіде қосуға асығамыз. Тұрақты қоңыраулар мен жұмыс чаттарынсыз, отбасымен бірге тыныш кешкі ас ішуге ұмтыламыз. Тауларға немесе теңіз жағасына бір айға кетіп, мына қарбалас тіршіліктен алыстағымыз келеді. Сондықтан соңғы жылдары сән-салтанат емес, уақыт, тыныштық және өз өмірін басқару мүмкіндігі өмірдің басты құндылықтарына айналды. Тіпті, әлемдегі ең қымбат көлік те табыстың символына ұқсамайды. Ол әлі де әдемі, жылдам және таңдаулы болуы мүмкін, бірақ уақыт өткен сайын шынайы қызығушылықтан алыстап барады. Дегенмен, автомобильдер ештеңеге кінәлі емес. Бақытымызға орай, біз өзгеріп келеміз, сәттілік пен бақыттың не екенін басқаша түсіне бастадық. Бары осы.
Пікір қалдырыңыз