Өркениеттің биік шыңы
Өркениеттің биік шыңы
Елордадағы тәуелсіздік
сарайында өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология,
мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – түрлі өркениттердің дамуына,
мемлекеттердің қалыптасуына ықпал еткен аса ірі саяси құрылым» деп атап өтті.
Жошы әулетінің билігі Ұлы даладағы мемлекеттік сабақтастықтың айқын
көрінісі. Сондай-ақ Президент Алтын Орда дәуірінде құқықтық және саяси жүйенің
ерекше үлгісі қалыптасқанын атап өтті.
«Алтын Орда кезеңінде дала заңы мен ислам қағидалары үйлескен жүйе
қалыптасты. Ал құқықтық тәртіптің негізінде Түрік қағанатының құқықтық
мәдениеті мен Шыңғыс ханның Ұлы Ясасы тұрды. Заң үстемдік құрған империяның әр
түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді.
Бұл қоғамдық тәртіптің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді», – деді ол.
Президент тарихи деректерде Алтын Ордадағы басқару тетіктері туралы нақты
мәліметтер сақталғанын жеткізді. Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты
зерттеу өзекті мәселе екенін айтты. Баршамызға белгілі, ежелдегі Месопатамия,
Мысыр, Қытай, Үндістан өркениеттері көп жағдайда өзен аңғарларын игеру арқылы
қалыптасты. Ал, Ұлы дала мүлде басқа тарихи даму жолынан өтті.
«Осыдан бес мың жыл бұрын қазіргі Қазақстанның солтүстігінде орналасқан
Ботай жерінде адам баласы ең алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Бұл әлем тарихына
түбегейлі жаңа сипат берген оқиға болды. Атқа міну мәдениетімен қатар дала
өркениетінде стратегиялық ойлау қабілеті және мейлінше қолайлы өмір сүру салты
пайда болды» деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Осылайша, Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр даласындағы барлық негізгі
көлік, сауда және гуманитарлық байланыстарды бақылауда ұстап, салт атты
көшпенділер өркениетінің ең биік шыңына көтерілді.
Бұл орайда, көшпенділік пен отырықшылық салтының үйлесім табуы Алтын
Орданың тарих сахнасына жарқырай шығуының бірден-бір себебі болды деуге толық
негіз бар.
Асан ТҰРАБАЕВ,
зерттеуші-ғалым,
Тұран Академиясының (Turan Academy) академигі.