Бейбіт жұртқа береке дариды

Маржан ЖАМАНҚҰЛОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатына орай қоғамдық тәртіпті сақтауға баса мән беріле бастады. Себебі, береке тыныштық бар жерге ғана келеді. Ал, сол тыныштықты сақтауға атсалысып, халықтың алаңсыз өмір сүруіне үлес қосып жүрген жандардың қатарында Ұлттық ұлан сапында абыройлы қызмет атқарып жүрген Сапаржан Жақсыбаев та бар. 
Шалғайдағы ауылда дүниеге келіп, жастайынан еңбек пен тәртіпке бой ұсынып өскен ол бала күнінен әскери өмірге қызығып өсті. Кейіпкеріміздің айтуынша, әскери форма кию – тек мамандық емес, жауапкершілік пен намыстың белгісі!
– Мен Сарыағаш ауданында дүниеге келдім. Ұлттық ұлан қатарына келу себебім, елге, Отанға адал қызмет ету еді. Өзім бала кезден әскери тәртіпке, форма киюге қызығып өстім, – дейді ол. 
2013 жылдан бері әскери салада қызмет етіп келе жатқан Сапаржан Жақып-бекұлы бүгінде 6506 әскери бөлімде әскери жасақ басшысы. Бұл – үлкен сенім мен жауапкершілікті талап ететін қызмет. 
– Қоғамдық тәртіпті сақтау барысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, құқық бұзушылықтардың алдын алуды, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуді бірінші орынға қоямыз. Әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуі үшін біз үнемі қырағы болуымыз керек. Күнделікті қызметіміз таңғы саптық жиыннан басталады. Сол жерде тапсырмалар беріліп, қауіпсіздік шаралары түсіндіріледі. Одан кейін бекітілген аумақта патрульдік қызмет атқарамыз, – дейді жасақ басшысы.
Өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алып жатады. Әсіресе, құқық бұзушылықтың алдын алу, адамдар арасындағы түсініспеушіліктерді реттеу – үлкен сабыр мен кәсібилікті талап етеді. Оның қызмет жолында ұмытылмастай болып есте қалып кеткен оқиғалар өте көп.  Әсіресе, жоғалып кеткен баланы іздеп тауып, ата-анасын қуантқандары оның есінен бір сәт те шықпайды. Бұл тек қызметтік міндет емес, адамгершіліктің үздік үлгісі еді.
– Бірде қоғамдық орындардың бірінде кішкентай баланың жоғалып кеткені туралы хабар түсті. Біз жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп, баланы ата-анасына аман-есен тапсырдық. Сол сәттегі ата-
ананың алғысы біздің еңбегіміздің маңызын тағы бір рет сезіндіргендей болды, – деп еске алады Сапаржан Жақсыбаев.
Сапаржанның пікірінше, бұл салада қызмет ету үшін тек физикалық дайындық емес, рухани білім де аса маңызды.
– Біздің қызметімізде ең алдымен жауапкершілік, тәртіп, сабырлылық, батылдық және халықпен дұрыс қарым-қатынас жасай білу қажет деп ойлаймын. Ең бастысы, Отанға деген сүйіспеншілігің болмаса бәрі бекер. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Көпшілікпен жұмыс істеу кезінде әрқашан сыйластық, әділдік және сабырлылықты ұстанамын, – дейді ол.
Бүгінгі сарбаз – ертеңгі тәжірибелі маман, өмір көрген аға буын өкілі. Сондықтан ол өз болашағына да үлкен жауапкершілікпен қарайды.
– Болашақта осы салада тәжірибемді арттырып, кәсіби деңгейімді көтеріп, жоғары лауазымдарға жетуді армандаймын. Жастарға айтарым, қандай мамандық таңдасаңдар да, адалдық пен еңбекқорлықты бірінші орынға қойыңдар. 
Бұл қасиеттер, әсіресе, Ұлттық ұланға қызметке келгісі келетіндер үшін ауадай қажет, – дейді ол.

Пікір қалдырыңыз