БИІК БЕЛЕСТЕРДІ БАҒЫНДЫРҒАН ҰЖЫМ
Емдеу мекемесі 15 жылдан бері қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.
Шымкент қалалық
денсаулық сақтау басқармасына қарасты №7 қалалық емхананың тарихы 2011 жылдан
басталады. Әрине, бұл біреулер үшін қысқа ғана мерзім болуы мүмкін, ал, шын
мәнінде емхана осы 15 жыл ішінде көптеген биік белестерге қол жеткізді. Емдеу
мекемесі 15 жылдан бері қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Емхананың
жыл өткен сайын тынысы кеңейіп, көрсетілетін қызмет түрлері ұлғайып келеді.
Бүгінде емханаға 40 992 қала тұрғыны тіркелген. Олар 23 аумақтық учаске арқылы
медициналық көмек алады. Қазір бұл учаскелер толықтай дәрігерлермен қамтылған.
Бұл тұрғындардың өз учаскелік дәрігерін жете тануына мүмкіндік береді.
Емханадағы оңды өзгерістер
Бүгінде емхананың бас
дәрігері қызметін профессор Нұрлан Жаңабаев атқарады. Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік медицицна академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген
білікті маман академияда оқытушы, ректордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі,
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты оқу
клиникалық базасында аға оқытушы, университеттің «Емдеу ісі, «Жалпы медицина»,
«Стоматология және жалпы медицина» факультеттерінде декан орынбасары,
университеттің «Жоғары медициналық білімнен кейінгі білім беру» институты
директорының орынбасары, университеттің Шымкенттегі кампус директоры, «Naz Med»
клиникасының коммерциялық директоры, облыстық фтизиопульманология орталығында мониторинг
және бағалау тобының дәрігерісынды қызмет сатыларынан өткен. Бас дәрігердің күнделікті
жұмысы емхананы аралаудан басталады. Қабылдау бөлмелеріне кіріп, дәрігерлермен
пікір алмасып, кезекте отырған тұрғындардың да жағдайын сұрауды ұмыт
қалдырмайды. Сондықтан да болар, бұл емханада «бас дәрігерге кіру қиын» деген
ұғым жоқ. Халық оны жақсы біледі, ол да көпшіліктің сенімін ақтауға тырысады.
Біз барған күні де дәл солай болды. Бас дәрігер өзі қарсы алып, емхананың
тыныс-тіршілігін асықпай таныстырды. Әр бөлімнің жұмысына тоқталып,
жетістіктерімен қатар жауапкершілігін де жасырмады. Кезек мәселесінің бір ізге
түсуі дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің маңдай тері екенін
ерекше атап өтті. Бас дәрігердің айтуынша, мекеменің кадрлық әлеуеті де көңіл
қуантады.
–Қазір емханада 89
дәрігер еңбек етеді, бұл қажеттіліктің 98 пайызын құрайды. Ал, 185 орта буын
медицина қызметкері 100 пайыз қамтамасыз етілген. Осындай ұйымшыл ұжымның
арқасында емханада қабылдау жұмысы жүйелі жүргізіліп, тұрғындар уақтысында
медициналық көмек ала алады. Мұндағы мақсат – тұрғындардың сұранысына орай
сапалы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету. Бұл ұстанымды әр дәрігердің
қабылдауынан, әр медбикенің қарым-қатынасынан сезіліп тұруын талап етемін, –
дейді Нұрлан Смадиярұлы.
Емханада педиатр, кардиолог, невропатолог,
офтальмолог, хирург, уролог, ЛОР, инфекционист, стоматолог, логопед, психолог,
социолог, фтизиатр, онколог, маммолог сияқты жоғары санатты мамандар жұмыс
істейді. Сонымен қатар толықтай заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. ФГ,
маммография, рентген, УЗИ, спирография, холтер, СМАД, УВЧ, видеогастроскоп,
дефибриллятор, ЛОР-комбайн, спирометр, электрокардиограф, стоматологиялық
жабдық, электроакустикалық аудиометр сынды заманауи құралдар тұрғындардың емделуіне,
сыртқаттың жай-күйін анықтауға мүмкіндік береді. 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен емханаға есту қабілетін дәл өлшеуге
арналған электроакустикалық құрылғы сатып алынды. Мекеме қызметкерлері мен
тұрғындар үшін кафетерия іске қосылды. Қолданыстағы ережелерге сәйкестендіру
үшін пандус қайта жаңғыртудан өтті. Емхананың «А» және «Б» корпустарының
арасына жерүсті өтпелі галерея жасалынды. Осындай қолайлы жағдай
туғызған мекеме басшысына келушілер жиі алғыстарын білдіреді. Көпшілігі емхана
ұжымының кәсіби біліктілігіне, дәрігерлер мен орта буын медицина
қызметкерлерінің жауапкершілігіне, ізетті қарым-қатынастарына тәнті. Науқастар
уақтылы көрсетілген ем-шаралар мен жан-жақты медициналық көмектің нәтижесінде
денсаулықтарының жақсарып жатқанын алға тартады.
2023 жылы емханада «Үздік
тәжірибе орталығы» ашылып, медициналық қызмет көрсету сапасын жетілдіруге
бағытталған жаңа тәсілдер енгізіле бастапты.
– Емхана тұрғындарға
ыңғайлы болу үшін таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін екі ауысымда жұмыс
істейді. Дәрігердің негізгі жұмыс уақыты 8 сағат болса, оның 6 сағаты тікелей
науқастарды қабылдауға, 2 сағаты аула аралауға, үйге шақырту жұмыстарын орындауға
арналған. Бұл әсіресе, қозғалысы шектеулі, жасы үлкен адамдар үшін үлкен
қолдау. Медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуы да назардан тыс қалған емес.
Дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру
мақсатында қалааралық және шет мемлекеттерде оқу-жаттығу, білім жетілдіру
шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Бұл емхананың жұмыс ырғағына жаңа тәжірибелер
мен заманауи әдістердің дер кезінде енгізілуіне мүмкіндік береді, – дейді бас
дәрігер.
Білікті маман – қоғам сұранысы
Медицина
қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру – бір реттік шара емес, үздіксіз
жүргізілетін жүйелі жұмыс. Емханада білікті мамандардың қатысуымен республикалық
және халықаралық деңгейдегі дәрістер мен тәжірибелік семинарлар тұрақты түрде ұйымдастырылып
тұрады. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру
мақсатында медицинадағы ультрадыбыстық диагностика мамандары қауымдастығының
басшысы, медицицна ғылымдарының кандидаты, доцент К.Т. Кулаевтың
ұйымдастыруымен шеберлік семинары, Минск қалалық онкологиялық орталығының
ультрадыбыстық зерттеу бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты,
доцент, ультрадыбыстық диагностика дәрігері және онколог-хирург Александр Гуминскийдің
«Қалқанша безі ауруларын ультрадыбыстық диагностикасы» тақырыбындағы шеберлік
сағаттары, бұдан бөлек, былтыр ақпан айында дәрігерлердің біліктілікті арттыру
мақсатында «Тәжірибелік нейросонография курсы» тақырыбында шеберлік сыныптары
өткізілді. Соңғысы курс нейросонография мамандары мен балалар неврологтарына
арналды. Бұл курс олардың білімдерін ұштап, УЗД дәрігерлерінің жазбаны дұрыс
түсіну қабілеттерін жетілдіре түсуге жол ашты. Сонымен қатар тәжірибелі
дәрігерлер мен УДЗ дәрігерлерінің біліктіліктерін арттыру мақсатында
Санкт-Петербург қаласынан келген профессор Ирина Солнцева «Сүт безі ауруларының
ультрадыбыстық диагностикасы» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Осының
аясында дәрігерлерге «Сүт безінің ультрадыбыстық анатомиясы», «Сүт безінің УДЗ
әдістері мен қазіргі стандарттары», «Қатерсіз сүт безінің дисплазиясы бар
науқастарды УДЗ зерттеу», «Сүт безінің фиброэпитальды ісіктерінің
ультрадыбыстық диагностикасы», «Сүт безі ауруларын диагноздаудың кешенді
мәселелері» тақырыбында дәрістер оқылды. Қазіргі таңда «Жұмсақ тіндер мен тері
паталогиясының ультрадыбыстық диагностикасы» тақырыбында шеберлік сабағы
жалғасуда.
Әрине, дәрігерлердің
өз-өзін жетілдіруі – өте маңызды міндет. Егер дәрігер жаңашылдыққа дайын
болмаса, бұған қол жеткізу мүмкін емес. «Медицина шыңдарын» бағындырудағы
алғашқы қадамдардың бірі – біліктілікті арттыру аясында медициналық кадрларды
даярлау. Алыс жақын елдерден келген ғалымдар мен мамандарды жиі шақыртып
дәрістер оқыту олардың тәжрибелік дағдыларын шыңдауға септігін тигізеді.
Бұл ретте Алматыдағы С.Ж.
Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ден медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Гарипа Хайбулинаның
«Ауруларды басқару бағдарламасы» бойынша өткізген тәжірибелік семинарын, жоғары
санатты дәрігер-ревматолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Ұлыбританияның Бирмингем университеті жанындағы Оқу орталығының ғылым және даму
бөлімінің ғылыми қызметкері Армен Гаспарянның дәрістерін ерекше атап өткіміз
келеді. Емхана дәрігерлерінің теориялық біліммен қатар практикалық дағдыларды
да жете меңгеруіне осындай шаралардың мәні зор. Дәрістер барысында ревматология
саласындағы заманауи бағыттар, клиникалық тәжірибеде қолданылатын инновациялық
тәсілдер, дәлелді медицинаның рөлі, ғылыми зерттеулердің маңыздылығы кеңінен
талқыланып, халықаралық клиникалық тәжірибе, жаңа диагностикалық және емдеу
алгоритмдері ортаға салынды. Осындай мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған
оқу-тәжірибелік іс-шаралар медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттырып
қана қоймай, халықаралық тәжірибемен сусындауына мүмкіндік береді. Бас
дәрігердің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Күндізгі бөлімнің жұмысы қауырт
Емхананың күнделікті
жұмысында ерекше маңызға ие бөлімдердің бірі – күндізгі стационар бөлімшесі.
Бұл бөлімше тәулік бойы дәрігерлік бақылауды қажет етпейтін, алайда, емдік және
диагностикалық көмекті жүйелі түрде алу қажеттілігі туындаған жағдайда қызмет
көрсетеді. Яғни, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмектің аясында науқастың
жағдайын тұрақтандырып, қажетті ем-шараларды жүргізуге бағытталған құрылымдық
бөлім саналады. Қазіргі таңда күндізгі стационарда 45 төсектік орын
қарастырылған, бұл көптеген тұрғындардың уақтылы ем алуына мүмкіндік беріп
отыр. Емханаға кіре берісте орналасқан «Өз-өзіне электрондық қызмет көрсету
бұрышы» да тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасаудың бір көрінісі. Мұнда бекітілген
маман пациенттерге халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру үшін электронды
байланыс орнату жолдарын, онлайн жазылу, анықтама алу, медициналық қызметтерге
қашықтан қол жеткізу мүмкіндіктерін үйретеді. Бұл – 40 мыңнан астам тұрғынның
денсаулығына жауапты емхана үшін уақытты үнемдеудің тиімді тәсілі. Тұрғындар
арасында бала туу көрсеткіші де артып келеді. Осыған байланысты ана мен бала
денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстарға ерекше көңіл бөлінген. Алдын алу
және психоәлеуметтік көмек көрсету бөліміне қарасты «Ана мен бала кабинеті» осы
бағыттағы маңызды бөлімдердің бірі саналады. Аталған кабинетте жаңа туған
сәбиді күту бойынша ата-аналарға тренингтер өткізіліп тұрады. Мұнда баланы
дұрыс күту, сырқаттанған жағдайда алғашқы көмек көрсету, баланы омырауға дұрыс
қою, салмағы аз балаларды тамақтандыру мен күтім жасау жолдары үйретіледі.
Сонымен қатар ананың өз денсаулығына қатысты да жан-жақты кеңестер беріледі.
Бұл – жас аналар үшін үлкен қолдау, ал, сәбилер үшін дені сау өмірдің алғашқы
қадамы.
Дербес қабылдау – пациенттерге
жасалған мүмкіндік
Медбикелердің дербес
қабылдауы емхананың жұмысын жеңілдетіп, созылмалы аурумен есепте тұрған және
тегін дәрі алатын тұрғындарға қолайлы жағдай туғызады.
–Медбикелер
дәрігерден тыс жеке қабылдау өткізе алады. Пациенттің қан қысымын өлшеп,
шағымын тыңдап, тамақтану мен күн режимін сұрайды. Жалпы, жағдайын бағалап,
нені дұрыс, нені бұрыс жасап жүргенін анықтап, қажетті кеңестер беріледі.
Дәрігер тек дәрінің дозасын өзгерту немесе ауыстыру қажет болған жағдайда ғана
қатысады. Бұл дәрігердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, – дейді
емхананың аға мейіргері Майсарохон Байметова.
Бұл жүйеге қатысты
пациенттер де оң пікірде. «Қан қысымым көтеріліп кетсе, бірден медбикеге
келемін. Кезек күтпеймін, бәрін түсіндіріп береді, дәрімді де уақтында аламын»,
«Созылмалы ауруым бар, медбике күнделікті режимімді бақылап, қателігімді айтып
отырады. Өзімді бақылауда ұстап жүруге көмектеседі», «Дәрігерге тек қажет кезде
барамыз. Ал, күнделікті бақылауды медбикелер атқарады» дейді кезекте отырған
кісілер. Айта кетерлігі, емханада ай сайын тегін берілетін дәрі-дәрмек қоры
жеткілікті, ал, олардың уақтылы берілуі де қатаң бақылауда екен.
МӘМС-ке қатысушылар саны артты
Емхана жұмысын
үйлестіріп, пациенттерге әлеуметтік қолдау көрсететін тағы бір маңызды мамандар
шоғыры, ол – әлеуметтік қызметкерлер. Емханада олардың арнайы кабинеті бар.
Әлеуметтік қызметкерлер тұрғындарға медициналық және әлеуметтік мәселелер
бойынша бағыт-бағдар беріп, осал санаттағы азаматтардың құқықтары мен
мүмкіндіктерін түсіндіруде маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда емханада міндетті
әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша да жүйелі жұмыстар
жүргізілуде. Мемлекет басшысының МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістеріне
сәйкес, емхана қызметкерлері үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын белсенді
түрде жүргізіп тұрады. Нәтижесінде тұрғындардың сақтандырылу деңгейі
айтарлықтай артқан. Сақтандырылған азаматтарға қолжетімді медициналық
тексерулер мен ем шаралар жайлы түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуде.
–Мемлекет басшысының
«Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға
аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс» деген тапсырмасына орай,
халықты МӘМС жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік беретін жаңа шаралар
қабылданды. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі
бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы D және E санаттарына жататын
азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады. Бұл өзгерістердің нәтижесінде биыл
МӘМС жүйесімен қосымша қамту шаралары көзделіп отыр. Сонымен қатар ресми
тіркелген жұмыссыз азаматтар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен
төленеді. Бұл өз кезегінде әкімдіктердің халықты жұмыспен қамтуға қатысты
жауапкершілігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға
ынталандырады деп сенеміз. «Бірыңғай медициналық көмек пакетін» қамтамасыз ету
мақсатында да емхана қызметкерлері тарапынан жүйелі әрі қарқынды жұмыстар
атқарылып жатыр. Біздің басты мақсатымыз – әрбір пациентке сапалы медициналық
көмек көрсету. Емханадағы әр бөлім мейіргер қабылдауынан бастап, күндізгі
стационар мен жастардың денсаулық орталығына дейінгі біртұтас жүйе ретінде
жұмыс істейді. Медицина қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен пациентке деген
жанашырлығы – біздің басты күшіміз. Біз аурулардың алдын алуға, халықтың
денсаулығын сақтауға және әр тұрғынның өз денсаулығына жауапкершілікпен
қарауына жағдай жасауға тырысамыз. Емхана есігі әрдайым ашық, әрбір келушіге
қамқорлық көрсетіледі, – дейді бас дәрігер.
Міне, біз сөз етіп
отырған №7 қалалық емхана ұжымы қолжетімді қызмет, кәсіби мамандар мен
пациентке деген шынайы қамқорлықтың үлгісі көрсетіп келеді. Емхана ұжымы тек
емдеумен шектелмей, тұрғындардың денсаулығын сақтау мен алдын алу ісіне де
ерекше көңіл бөледі.