Зейнетақы жинағын қалай пайдаланған жөн?

Маржан ЖАМАНҚҰЛОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінгі таңда зейнетақы туралы сөз бола қалса, көбіне қанша ақша жиналды, қанша адам пайдаланды, оған қандай өзгерістер енгізілді деген сияқты деректер ғана айтылады. Бірақ, осы статистиканың артында өте маңызды әлеуметтік мәселе жатыр. Сондықтан зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану жай ғана экономикалық немесе қаржылық мәселе емес, ол қоғамның өмір сапасына да ерекше қатысы бар мәселе болып шығады.

Соңғы жылдары ел азаматтарына зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға немесе медициналық қызметтерге пайдалануға мүмкіндік берілді. Бұл бастама қоғамда түрлі пікірлер туғызды. Біреулер мұны халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған қадам деп бағаласа, енді біреулер болашақта зейнетақы жүйесіне қауіп төнуі мүмкін деп алаңдайды. Дегенмен, бұл тәжірибе көптеген қазақстандықтар үшін нақты көмек болғаны анық. Осы қаражаттың арқасында біраз адам алғаш рет баспаналы болса, енді біразы медициналық ем-домға қол жеткізді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтар соңғы бірнеше жылда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тұрғын үй мен емделу мақсатында триллиондаған теңге пайдаланған. Бұл көрсеткіш бір жағынан халықтың қаржылық мүмкіндіктерін көрсетсе, екінші жағынан әлеуметтік қажеттіліктердің де жоғары екенін аңғартады. Бірақ, медициналық мақсатта пайдаланылған қаражаттың құрылымына қарасақ, бір қызық жайтты байқауға болады. Оның басым бөлігі стоматологиялық қызметтерге жұмсалған. Яғни азаматтар көбіне тіс емдеу, имплантация немесе протездеу сияқты қызметтер үшін зейнетақы жинақтарын пайдаланған. Бұл дерек қарапайым тұрмыстық мәселе сияқты көрінуі мүмкін. Дегенмен, оның астарына үңілсек, адамдар медициналық қызмет үшін неге зейнетақы жинағына жүгінуге мәжбүр деген сұрақ туындайды.
Әлемде қазіргі таңда медицина саласы қарқынды дамып келеді. Жаңа технологиялар, заманауи диагностикалық құралдар, күрделі операциялардың барлығы адам өмірін ұзартуға және оның сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бірақ, медицина дамыған сайын оның құны да өсіп барады. Қарапайым медициналық тексерудің өзі кейде бірнеше мың теңгеден басталса, күрделі операциялар миллиондаған теңгені қажет етуі мүмкін. Мұндай жағдайда көптеген адамдар өз жинақтарына жүгінеді. Ал, кейбіреулер үшін ең қолжетімді жинақ – зейнетақы қорындағы қаражат.
Бірақ, бұл жерде тағы бір маңызды мәселеге назар аудармасқа болмайды. Егер адамдар медициналық қажеттіліктері үшін зейнетақы жинағын пайдаланса, онда олардың болашақтағы зейнетақысы азаюы мүмкін. Бұл өз кезегінде қарттық кезеңдегі қаржылық тұрақсыздыққа әкеледі. Сондықтан бұл мәселе – тек медицина немесе қаржы саласына ғана қатысты емес, болашақ пен бүгіннің арасындағы тепе-теңдік мәселесі.
Көптеген елдер бұл мәселені әртүрлі тәсілмен шешуге тырысып келеді. Мысалы, Сингапур билігі денсаулық пен қаржы жүйесін ерекше модель арқылы байланыстырып қойған. Елде «MediSave» деп аталатын арнайы жүйе жұмыс істейді. Азаматтардың табысының белгілі бір бөлігі медициналық жинақ шотына аударылады. Бұл қаражатты ауруханаға жату, операция жасау немесе медициналық тексерулер үшін пайдалануға болады. Ал, АҚШ-та азаматтар «Health Savings Account» деп аталатын арнайы шот аша алады. Бұл жүйе адамдарды медициналық шығындарға алдын-ала дайындалуға үйретеді. Керісінше, Канада сияқты кейбір елдерде зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалануға қатаң шектеулер қойылған. Мұндай саясат болашақтағы зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін жүргізіледі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әр мемлекет әлеуметтік және экономикалық жағдайына қарай шешім қабылдайды. Бірақ, кез келген мемлекеттің алдына адамның болашағы мен бүгінгі қажеттілігінің арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтау керек деген сұрақ кесекөлденеңдеп шығады.
Елімізде зейнетақы жүйесінің негізгі қағидалары ҚР «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңы арқылы реттеледі. Соңғы жылдары бұл жүйеге бірқатар реформа жүргізілді. Қазір Отбасы банк зейнетақы қаражатын медициналық мақсатта пайдаланудың жаңа цифрлық механизмін әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы банк басшысы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді. Оның айтуынша, азаматтар болашақта арнайы онлайн платформа арқылы медициналық ұйымды таңдап, қаражатты тікелей сол клиникаға жібере алады. Сонымен қатар көрсетілген қызметтердің дұрыстығы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы тексерілетін болады. Бұл жүйе процестің ашықтығын қамтамасыз етуге және қаржының мақсатсыз жұмсалуының алдын алуға бағытталған.
Зейнетақы мәселесі адамның өмір сапасына, денсаулығына және болашағына тікелей әсер етеді. Егер адамдар медициналық қызмет үшін зейнетақы қаражатына жүгінсе, бұл қоғамда денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігіне қатысты кемшілік бар деген сөз! Бұл азаматтарды қаржылық қауіпсіздігі туралы да ойлануға мәжбүр етеді.
Зейнетақы – адамның өмір бойғы еңбегінің жемісі. Ол тек ақша емес, онда жылдар бойы жинақталған еңбек, үміт және жоспар жатыр. Бірақ, кейде адам болашақ пен бүгіннің арасына таңдау жасауға мәжбүр. Адам ертеңгі күні үшін ақша жинайды. Бірақ, соған жету үшін бүгін денсаулығы мықты болуы керек.
Пікір қалдырыңыз