Еңбегі ерен Ерекең
Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қаланың қайнаған тіршілігінде көпшіліктің көзіне көп шалына бермейтін салалар болады. Біз көбіне жарығы жанып тұрған көшені, суы сарқырап аққан құбырды немесе әсем ғимараттарды ғана байқаймыз. Әйткенмен, үлкенді-кішілі қалалардың тыныс-тіршілігіне тікелей жауапты, бірақ ел ескере бермейтін маңызды жүйелер де бар. Сондай жүйелердің бірі – кәріз жүйесі.
Кәріз – тұрмыстық, өндірістік және жаңбыр суларын жинап, арнайы тазарту орындарына жеткізетін құбырлар мен каналдардан құралған күрделі жүйе. Қарапайым тілмен айтқанда, елді мекеннің санитарлық тазалығын сақтап, лас суды қауіпсіз жерге шығарып тұратын маңызды инфрақұрылым. Әдетте, кәріз жүйесі жайлы сөз қозғала қалса, көпшіліктің ойына бірден ірі қалалар түседі. Ал, аудан орталықтары мен шағын қалалардағы бұл саланың тыныс-тіршілігі көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Дегенмен, сол шағын қалалардың тазалығы мен тұрмыс қолайлылығын өз ісінің нағыз мамандары қамтамасыз етіп отырады.
Теміржолшылар қақпасы саналатын Арыс қаласында осындай қызметті үйлестіріп отырған мекеменің бірі – «Ақаба-Сервис» компаниясы. Қаланың кәріз жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне жауапты бұл ұжымның еңбегі бір қараған жанға елеусіз көрінгенімен, маңызы орасан. Осы компанияда кәріз жұмысының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген бір майталман бар. Саланың қыр-сырын терең меңгерген Еркін Сарбасов өмірінің елу жылын коммуналдық мекемеге, оның ішінде кәріз жүйесінің жұмысын жақсартуға арнады. Сондықтан ол көзге көрінбейтін еңбектің қадірін кім-кімнен де артық түсінеді.
Арыста Еркін Өскенбекұлын білмейтін жандар кемде-кем. Оны тек көп қабатты үйлердің тұрғындары ғана емес, қаланың жан-жағындағы ауыл-аймақ түгел таниды. Тіпті, Арыстың кәріз жүйесін Еркін Сарбасовсыз елестету қиын.
Кәріз жүйесі – проблемасы да, айғай-шуы да жетерлік қиын әрі күрделі сала. Құбыр болған соң ескіреді, шіриді, тесіледі, жарылады. Коммуналдық талапқа салғырт қарайтын тұрғындар да жоқ емес. Қақаған суықта да, аптап ыстықта да көпқабатты үйлерден проблема үзілмеген. Мысалы, шіліңгір шілдеде кәріз суы таси қалса, айналаны жағымсыз иіс жайлап, қолқаны қабады. Оған шыбын-шіркей үйір келеді. Кәріз жүйесінде қыстың күндері апат орын алса, ол суық күнде елді әбігерге салады. Құбыр бітеліп қалса, әбігерге түсесің.
Мұндайда арыстықтар: «Сарбасов, қайдасың?» дейді. Еркін аға да тез табыла кетеді. Ауа райымен де, уақытпен де санаспайды. Қашан көрсең, шапқылап жүргені. Өзім де Арыста бір жылдай көпқабатты үйде тұрдым. Кәріз жүйесі бітеліп, апатты бригада көмегіне біз де жүгіндік. Сол сәтте бірінші болып Еркін Сарбасов көмекке келетін. Дереу жертөлеге түсіп, жағдайдың себебін жылдам анықтай қоятын. Бұзылған жерді жөндеп бітпейінше дамыл таппайды. Нәтижелі жұмысын талай рет көзбен көрдік. Ел алғысына бөленгеніне де талай рет куә болдық.
«Өзі қалалық мәслихаттың депутаты, өзі мекеме басшысы, неге жертөлеге өзі түсіп жүр?» деген де ой болатын. Сөйтсек, салада қатардағы жұмысшыдан басшыға дейінгі баспалдақтардан өткен адам, білікті маман шаруаның басы-қасында өзі жүреді екен ғой!
2007 жылы Үкімет пен «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның бірлескен қаулысынан соң Арыста кәрізге тікелей жауапты «Ақаба-Сервис» мекемесі құрылады. Бір айта кетерлік жайт, Еркін Сарбасов мекеме атауын өзі таңдапты. Сол мекемеде 2021 жылға дейін он төрт жыл директор қызметін атқарады. Зейнеткерлікке шыққан соң да бір күнде демалмастан, директордың кеңесшісі ретінде еңбек сапында жүр.
Біз «көпшілік қызметін қуана пайдаланса да, қара жұмысын істеуге келгенде жиіркенішпен қарайтын ауыр салада ұзақ жыл қызмет атқаруыңыздың сыры неде?» деп сұрадық Ерекеңнен.
– Бұл негізінде өте қызықты әрі жауапты жұмыс. Бәлкім, кейбір адамдар жиіркене қарар. Саланы толық түсінбейтін сырт көз әуелде солай ойлайды. Ал, кәріз жүйесін терең меңгерген адам ретінде менің көзқарасым басқаша. Бұл бүтін бір қаланың тірі организмі іспетті. Құбырдағы суды тамырдағы қан десек, су айдаушы ірі қондырғыны оның жүрегі деуге келеді. Осы тіршілікті үздіксіз жүргізіп отыру, процесті тоқтатпау асқан шеберлікті талап етеді. Былайша айтқанда, мұнда жүйенің дәрігері де, емшісі де өзіңсің, – дейді Еркін Өскенбекұлы.
Бүгінде «Ақаба-Сервис» ЖШС-і Арыс қаласы мен ауыл округтерінде кәріз жүйесіне 100 пайыз жауапты мекеме болып отыр. Мекеме сонымен қатар Арыс қаласы мен 18 елді мекенге сапалы ауыз су жеткізеді.
Мекемеде 89 адам жұмыс істейді. 2019 жылғы жарылыстан соң, қаладағы кәріз жүйесі түгел күрделі жөндеуден өтті. Бұрын жарық сөнсе, күллі кәріз жүйесінің жұмысы тоқтап қалатын. Бұл проблема бүгінде өз шешімін тапты. Қазір жаңа су сорғы қондырғылары орнатылып, 13 кәріздік-насостық стансаның барлығына дизель отынымен қуатталатын генераторлар қойылған. Ал, Монтайтас, Қожатоғай, Байтоғай, Жиделі және Көкжиде ауылдарына ауыз суды тұшытып, тазартып отыратын әрқайсысы 35-40 млн. теңге тұратын сүзгі қойылған.
Қазір Арыста кәріз-су тазарту қондырғысы жұмыс істейді. Мұнда кәріз суы тазартылып, ол толықтай көгалдандыруға жұмсалады. Арыстың айналма жолының жиегіне егілген талдар сол сумен суарылады. Мұндай қондырғы Арыстан өзге жерде жоқ. Облыс әкімдігі барлық аудан-қала басшылығын осында жиып, осы тәжірибені қолға алуды тапсырған. Одан кейін осы мекемеде арнайы тұқымбақ бар. Онда жергілікті климатқа бейімделген көшеттер өсіріледі. Тұқымбақ та қондырғымен тазартылған кәріз суын пайдаланады.
Е.Сарбасовтың қажырлы еңбегі елеусіз емес. 2012 жылы республика бойынша шығарылған қорытынды нәтижесінде өзі басқаратын «Ақаба-Сервис» ЖШС-і ең үздік мекеме атанды. Cол жылы Арыс қалалық мәслихатының 5-ші шақырылымына депутат болып сайланды. 2015 жылы Арыс қаласының «Ең үздік коммуналдық шаруашылық қызметкері», 2016 жылы «Арыс қаласының құрметті азаматы» атанса, 2019 жылдың желтоқсан айында ел Президенті Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл ретте Арыстағы жарылыс кезінде әкімдік тарапынан 5-секторға жауапты өкіл болып тағайындалып, 17 сектор ішінен бірінші болып құрылысты аяқтағанын айтпай кетуге болмас. Одан кейін зейнеткерлікке шығып, директорлықты Нұрлыбек Ақбаевқа табыстағанымен, кеңесші ретіндегі жұмысы да жеңіл емес.
Ерекең қоғамдық жұмыстарда да белсенді. «Аманат» партиясының Арыс қалалық филиалында бақылау комиссиясының төрағасы қызметін атқарып жүр. Қайырымдылық істерге де атсалысады. Облыстық зағиптар қоғамына қаржылай, құрылыс жағынан көмек беріп отырады. Жылу, кәріз жүйелері бойынша да жәрдем көрсеткен кездері аз емес.
Осындай еселі еңбегімен қала тұрғындарының шексіз алғысына бөленіп жүрген Еркін Сарбасовты коммуналдық қызметтің қайраткері десек жарасады.