Мақтааралдық фототілші – бас жүлдегер

Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойына байланысты республикалық фото байқау өтті. Оған Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының фототілшісі Ернар Бөрібаев та қатысқан болатын.  Ол осы фотобайқауда І орынды жеңіп алып, өзінің кәсіби шеберлігін дәлелдеді.

Аталған байқау еліміздегі фотоөнер саласындағы үздік мамандарды анықтауға және Кентау қаласының тарихи-мәдени келбетін, әлеуметтік тыныс-тіршілігін, табиғатының сұлулығын сурет арқылы насихаттауға бағытталған еді. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен кәсіби және әуесқой фотографтар қатысып, елге танымал мамандар үздік жұмыстарды іріктеп алды.
Ернар Бөрібаевтың байқауға ұсынған жұмыстары қазылар алқасының мүшелеріне Кентау шаһарының көркем бейнесін, инфрақұрылымын, адамдардың күнделікті өмір сүру сәттерін ерекше шеберлікпен көрсете білгендігімен ұнады. Оның фотосуреттері көрермендердің назарына  бірден ілікті.  Суреттердің айтар ойларының  тереңдігі мен композициялық үйлесімділігінің  ерекшеліктері  айқын аңғарылып тұрды.
Кентау қаласында өткен марапаттау рәсімінде   Ернар Бөрібаевқа арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табысталды. 
«Бұл жеңіс – мен үшін үлкен мәртебе ғана емес, сондай-ақ фотоөнерге деген махаббатымның жемісі. Кентау – тарихы терең, мәдениеті бай қала. Оның әрбір көшесі, әрбір тұрғыны – фотоаппарат объективінен көрінетін бірегей сюжет. Осы байқау маған  туған өлкемізді жаңа қырынан тануға және оны өзгелерге танытуға үлкен мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ,  байқауға қатысуыма себепкер болған  аудандық «Мақтаарал»  Мәдениет үйінің директоры Серғазы Байдуллаевқа алғысымды білдіремін», – деді Ернар Бөрібаев. 

Дінмұхамед АЯЗБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.
Пікір қалдырыңыз