Біз қазір кімбіз?..

Абай БАЛАЖАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Туғалы естіп келе жатқан әңгімеміз – «Біз батыр халықтың ұрпағымыз!» деген әңгіме. Бала күнімде әлемде осы бізден – қазақтан асқан батыр халық жоқ деп ойлайтынмын және соған риясыз сенетінмін. Ол кезде эпостағы батырлардан бөлек батырларымыз – Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Наурызбай, Есет батыр секілді санаулы ғана батырлар еді. Соның өзі еңсемізді тіктеп жүруге молынан жететін. Тәуелсіздіктен кейін ғой, шүкір, бұрын аты-жөнін естіп көрмеген батырларымыз көбейді. «Уа, бар екенбіз ғой!» дестік. Мәселен, менің үйім Шымкентте, Жеңіс саябағының төңірегінде. Тұратын көшемнің аты – Қараменде батыр. Оң жақтағы көшемнің аты – Елшібек батыр. Сол жақтағы көше – Жанғожа батыр көшесі. Иегімнің астындағы көше Бекет батыр деп аталады. Төрт жағымды төрт батыр қоршап тұр. Осы төрт батыр бабамның есімдерін бала кезде естімеген екенмін. Жанғожа батыр мен Елшібек батырдың есімдерін тоқсаныншы жылдардың ортасы ауа ести бастадық, сол кезде бұл кісілер туралы көптеген мақалалар шықты, кітаптар құрастырылды. Ал, Бекет әулие бабамызды білмейтін қазақ жоқ, десе де, Бекет деген жаудан ел қорғаған батыр бабамыздың да болғанын көбіміз біле бермейді екенбіз. Қараменде батыр атамыздың атын екі мыңыншы жылдардың ортасында көшемізге «Қараменде батыр көшесі» деген тақтайша жапсырып кеткенде бір-ақ естідік. Алайда, оның қазақтың қай жауының басын кесіп алғанын тұтас шымкенттіктер түгілі осы кішкентай көшенің тұрғындарының өзіне әлі күнге дейін ешкім түсіндірген емес.

Қалай болғанда да ұлтыңда батырдың көп болғаны жақсы. Бірақ, ол батырлар насихатталуы керек емес пе?! Жас ұрпақ Отанды сүюді солардан үйренуі, соларға қарап бой түзеуі керек емес пе?! Батыр бабалардың атын құр көшеге қойғаннан олардың ұрпақтары шеттерінен батыр болып кете ме екен?! Егер тек көшеге ат қойып, ескерткіш орнатудан елдің бәрі батыр болып кететін болса, қазір қазақтың алдында бүкіл әлемнің тізесі дірілдеп отырар еді ғой, солай емес пе?! Осынша батырымен бүкіл әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауы тиіс қазақтың өрендері бүгінде соғыс түгілі әшейін әскерге барып келуге қорқатын болған. Мәселен, менің осы үйде тұрып келе жатқаныма тура 35 жыл болды. Осы жылдар ішінде біздің көшемізден әскерге барып келген бір баланы білмеймін. Не орысы, не қазағы, не өзбегі… 
Екінші бір мақтанышымыз – «біз ақын халықтың ұрпағымыз!» деген мақтаныш еді. Расында, кешегі тоқсаныншы жылдарға дейін ақындарымызды төрден түсірген жоқпыз. Оларды билік көзге ілмей бара жатса өзіміз алқалап алып кететінбіз. Қазіргі билік ақынды құрметтеу дегенді тек Мәжіліске депутат қылу деп қана түсінетіндей. Жоғары билікте жүрген шенеунік өзінен төменгі шенеунікке бұрынғыдай «ана Пәленше ақын көзден де, көңілден де таса қалып бара жатыр ғой, соны ұмытып кетпесеңші» деп тапсырма бермейді. Қазақстанда шын ақынның сұрауы жоқ. Сұрауы жоқ нәрсе қашаннан арзан. Сөз, сөз болғанда да ақынның сөзі арзандап кетті. Содан шығар, анау да ақын, мынау да ақын. Сөз арзан болғаннан кейін Нұршат, Ділшат, Мұрсаттардың бәрінің есімдері сұрапыл ақындардың қатарында айтылатын болды. Ақын халықтың ұрпағы мұндай ұсақ болмаса керек-ті.
«Қазақ – балуан халық» деген сөзді малданып келе жатқанымызға да кемі жарты ғасыр болды. Бірақ, мына қазақ Жақсылық пен Шәмілден кейін күрестен Олимпиада чемпионын көрген жоқ. Оған да 45 жыл өтті. Білем, «Елдос Сметов ше?» деп шу еткелі тұрсыздар. Елдостың жеңісіне барлық отандастарымыз секілді менің де жүрегім жарылып кете жаздаған. Бірақ, «қызықтың» бәрі Елдос күресіп болған соң басталды. Қазақтан іргесін әлдеқашан ажыратқан Бекболаттар мен Мұхамеджандар Елдосты қаумалап әкеткен соң-ақ ол жеңістің құны мен үшін тым арзандап кеткен. Елдос бауырым кешіріп қойсын, маған содан бері ол жеңіс қазақтың жеңісі сияқты болып көрінбейді…
«Құралайды көзге атқан мергенбіз» деген сөз де бүгінде күмән тудыра бастады. Себебі, қазақтың баласының не қызының не әлем чемпионатында, не Олимпиада ойындарында топ жарғанын көрген ешкім жоқ. Батырлық, балуандық, мергендік қанда болса, бір жарқ ете қалар едік қой…
Сонымен бүгінде батыр көп, оларға қойылып жатқан ескерткіштер де аз емес, бірақ, әскерге баратындар жоқ. Диванда жатқан қазақтың бүгінгі идеалы – Қабанбай емес, Зеленский болып тұр.
Ақындарымызды айттық, кешегі Қаңтар оқиғасында Айт-Ман Нұржаннан басқа ақынның үнін естіген жоқпыз. 
Балуандарымыздың, мергендеріміздің жай-күйі өздеріңізге де белгілі. Алақандай Қап тауының етегін айнала қоршай отырған елдердің өрендері біздің сақалы сапсиған балуандарымызды төрді айтасыз, босағадан да сығалатар емес. 
Сонда біз кеше батыр болған екенбіз, ақын болған екенбіз, балуан, найзагер, мерген болған екенбіз, бүгін кімбіз? Неге рухымыз осынша жасыды? Жасыған елдің рухын қайтсек көтере аламыз? Негізі Ұлттық құрылтайда мәселе нақты қойылмай болмайды-ау! Рухы бір оянған ел адалдарды өздері-ақ төрге шығарып, арамдарды өздері-ақ елден аластап жібереді! Солай емес пе?!



Пікір қалдырыңыз