Шаһит жауынгерлердің мәңгілік махаббаттары

Сонымен, Ұлы Жеңіске 80 жыл толды. Иә, бұл ерекше салтанатпен аталып өтілетін де, сол соғыста шаһит болған ерлердің әруағына тағзым ететін де күн... 
Бір сәт мына мәліметтерге зер салайық: 1941-45 жылдары КСРО жағынан қаза тапқандар саны 43,3 миллион, хабарсыз кеткендер 5 миллион деп көрсетіледі. Ал, неміс тұтқынына түскен кеңес жауынгерлерінің санын Германия 5 миллион 270 мың деп көрсетсе, Ресей Федерациясы Қарулы Күштер Бас штабы 4 миллион 559 мың деп дәлелдейді. 
Қалта телефоныма бейтаныс азамат хабарласты. Мәдениеттілік пен зиялылық сөзінен-ақ аңғарылады. Мені сырттай білетінін, қаламгерлігімді сыйлайтынын айтты. Әлеуметтік желі мен мерзімді басылымдардағы бірқатар материалдарымды, соңғы күндері ФБ-дағы «Біз соғысты көрген жоқпыз» деген дүниемді тебіреніспен оқығанын тілге тиек етті. Пендеміз ғой, оқырманыңның болуы, оның жылы лебізін есту бір марқайтып тастайды. Сонымен не керек, хабарласып отырған  Жаңабек Орынбасарұлы есімді бауырымыздың өтініші бар екен. 
Майданға аттанған атасы Қожамбетов Сақыбай Бердіқұлұлы 1943 жылдың наурыз айында отыздан асқан шағында із-түзсіз жоғалып кетеді. Бұл КСРО Қорғаныс министрлігі орталық архивінің 1955 жылы берген мәліметі (4123, қор 58,977 528). Іздеу салушы Жаңабектің айтуынша, 1912 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған майдангер Сақыбай Бердіқұлұлы 1941 жылы желтоқсанда Түркімен КСР-і, Мары облысы, Байрамали қалалық әскери комиссариатынан соғысқа аттанады. Майдан жолынан үзік-үзік мәліметтер бар екен. Сол кезде отызды алқымдап қалған қазақ жауынгері Орта Азияда құрылған 97-ші кавалериялық полкіне әскери борышын өтеуге қабылданады. Оның құрамында негізінен ат құлағында ойнайтын қазақтар, түркімендер, қырғыздар және өзбектер болады. Алдын-ала дайындықтан өткен атты әскер 1942 жылдың соңына қарай Сталинградқа аттандырылады да дивизия 4-ші кавалериялық корпустың құрамына қосылады. Бұл корпустың Сталинград үшін болған алапат соғыста шешуші рөл атқарғаны тарихтан белгілі. Төңірегін кедергісіз жайпап келе жатқан СС генералы Майнштейннің танк армиясына қарсы ұйымдастырылған «Котельниково операциясының» сәтті жүзеге асырылуының алғы шебінде мұсылмандардан құрылған атты әскер корпусының өшпес ерлігі соғыс тарихында алтын әріптермен жазылды. Қыстың қақаған күндерінде неміс танк армиясының алдында қаз-қатар тізіліп келе жатқан румын, итальян атты әскерін жайпап шыққан кеңестік атты әскер Авганерово аумағын жаудан толық азат етеді. Сосын Котельниково қоршауын бұзып шығу үшін кеңестік жауынгерлер жалаң қылышпен танкілерге қарсы шабуылға шығады. 
Аттар мен жауыргерлердің судай аққан қанынан ақ қар қып-қызыл түске боялып, қызыл жол пайда болады. Өліспей беріспеуге бекінген мұсылман атты әскері генерал Майнштейннің танк армиясына тойтарыс береді. Осылайша фашистердің «Винтергивиттер операциясының» күл-талқаны шығады. Кезінде бұл алапат соғыс жөнінде кинофильм де шығады. Теңдессіз ерлік жазушы А.Исаевтың «Десят мифов второй мировой. С шашками на танки» деген кітабында да кеңінен көрініс тапқан. Осы алапат майданда ат құлағында ойнайтын қазақ жауынгері Сақыбай Қожамбетов аман қалған жауынгерлердің бірі болады. Уақыт өте келе генерал Майнштейн өзінің естелік кітабында ең ауыр шайқас мұсылмандардан құралған атты әскер жауынгерлерімен болғанын мойындап жазады.
Сақыбай Қожамбетов соғысқа аттанардан бұрын, яғни 1941 жылы Мақалбайқызы Мамыққа үйленеді. 1942 жылы дүниеге ұл бала келеді. Оған Наган деп ат қояды. Өкінішке орай, осы жалғыз перзент 16-ға толар-толмас шағында, 1958 жылы дүниеден өтеді. Осылайша, Сақыбай тұқымы мүлдем өшіп кетеді. 
Соқа басы жалғыз қалған Мамық апа 1997 жылы көз жұмады. 
Айтып, айтпай не керек, осыдан сексен жыл бұрынғы қанды майданның шемен болып қатып қалған жарасының орны тірі жүрген бірер ғана аталарымыздың тәнін әлі де сырқырататынын білеміз бе осы?! Қазір Могиканның соңғы тұяқтары ғана қалды-ау!...
Ерлік пен елдік сынға түскен сол соғыста талай-талай боздақтар туған жердің топырағын бір басуды армандап, жат жерлерде бір-бір төбешікке айналды. Кейінгі ұрпақтың мұны ұмытуға хақысы жоқ! Осындайда бейтаныс болса да өтінішін айтқан Жаңабек сияқты азаматтарға алғыс айтуға тиіспіз! Арада сексен жылдан аса уақыт өтсе де туыс атасы Сақыбайдың жатқан жерін, қабірін тауып, топырағын уыстауды, басына Құран оқытуды ниет ету дегеніңіз азаматтықтың нағыз үлгісі дер едік. 
Кезінде бір жазбамда шағын ғана қазақ ауылында тіршілік еткен Қара кемпірдің ақтық демі қалғанша соғыстан оралмаған ұлын бір көруді армандап, сағыныштың отына өртеніп кеткенін жазған едім. Қазір еске алып отырған Мамық ана да дәл осындай жағдайда өмірден өтіпті-ау... Ауыр қайғыдан еңселері езіліп, бас көтере алмай өмірден өткен Аналарды санап тауыса аламыз ба?! Тағдырдың қара дауылына төтеп берген, асыл азаматтарына мәңгі адалдықтарын танытып, жалған дүниені тәрк еткен Аналардың кіршіксіз махаббаттары қандай мадаққа болса да әбден лайық болар!.. 
Жатқан жерлерің жайлы, топырақтарың торқа болсын, жар құшағында тербеле алмай арманда кеткен шаһит ерлердің мәңгілік махаббаттары! 
Мамық ананың қайғымен, мұңмен өрнектелген тағдыры қазақ әйелдерінің бойындағы ізгілік қасиеттердің жарқын көрінісі болып табылса керек. Осындай аналарға алтыннан ескерткіш тұрғызсақ та артықтық етпес, сірә! 
Мамық ана да соғысқа лағынет айтып, зарлаған күйі бұл пәниден өтті. Өмірінің соңғы минуттарына дейін қан майданда із-түзсіз жоғалып кеткен ерін бір көруге зар болып, көкірегі шер-шеменге толып, күйіктен өртеніп кетті. Біз соғысты қырық бесінші жылы аяқталды дейміз. Жоқ, соғыс аяқталғанымен, дерті әлі басылған жоқ. Сол қанды қырғынның зардабы тимеген әулеттер некен-саяқ болар. Талай  ошақ сөніп, талай шаңырақ ортасына түсті. Солардың бірі бейтаныс азамат Жаңабек Орынбасарұлының атасы, сүйегі қай жерде қалғаны белгісіз майдангер Қожамбетов Сақыбай Бердіқұлұлының тағдыры десек, қателесе қоймаспыз.
Біз сексен жылдан бері соғыс көрмей өстік. Сол Сақыбай көкелер кейінгі ұрпақтың соғысты көрмеуі үшін қан төгіп, шейіт болды. Егемен ел болдық. Қазаққа бұдан асқан бақыт бар ма?! Берген батамызды «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деп аяқтаймыз. Ең бастысы, еліміздің тыныштығына не жетсін! Тыныштық болса, ел аман болады. Ел аман болса, бақытты өмірді өзіміз жасаймыз. 
Иә, ендігі ұрпақ соғыс көрмесін! 

Сейдулла САДЫҚОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік 
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы.
Пікір қалдырыңыз