«Қазақ күресіне арналған музей ашылуы керек»

Жуырда «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының құрылтайшысы, спорт мәдениетін зерттеуші Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ арнайы іссапармен Түркістан қаласына келген. Мәртебелі қонақ орайы келген бір сәтте «Оңтүстік Қазақстанның» оқырмандары үшін сұхбат берді.

– Сіздің саяси  тақырыптарға қалам тартатыныңызды білеміз. Бұдан бөлек ұлттық спорт пен мәдени мұра бағыттарында да ізденіп жүрсіз. Елордада таныстырылған «Baluan tas» ұйымының мақсаты не, ерекшелігі қандай? Бұл құрылым ұлттық спорттың қай салаларын қамтиды?

– Иә, біз  Наурыз мейрамы қарсаңында «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясын құрдық. Сөйтіп,  қазақ халқының дәстүрлі спорт түрлерін жүйелі түрде зерттеу, дамыту және оны әлемдік деңгейге шығару жолындағы алғашқы қадамды бастадық. Ұйым тек ұлттық спорт түрлерін зерттеп қана қоймайды, сонымен қатар рухани, мәдени және зияткерлік құндылықтарды біріктіретін бірегей платформа болуды көздейді.

Мақсатымыз – қазақ күресі, көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы, садақ ату, аударыспақ, құсбегілік, тоғызқұмалақ, асық ойындары сияқты төл спорт түрлерін толық қамтып, сол арқылы елдік рухты көтеріп,  тарихи сана сабақтастығын қалыптастыру. Мысалы, біз тек өзімізге етене бағыттағы спортшы даярлауға ғана атсалыспаймыз.  Спорт түрлерінің философиясын, эстетикасын, тарихи тамыры мен персонаждарын да қоса түсіндіреміз. Яғни ұлттық спорт – бұл тек дене тәрбиесі ғана емес, рух тәрбиесіне де қатысты мәселе.

Бұл ретте ұйымның ағартушылық бағыты өте маңызды дер едім. Болашақта балалар, жастар және кәсіби спортшыларға арналған оқу бағдарламаларын әзірлеп, жаттықтырушылар мен әдіскерлерді оқыту ойымызда бар. Ғылыми-зерттеу бағыты бойынша ұлттық спорт түрлерінің техникалық және тарихи ерекшеліктерін зерттеп-зерделеу, олардың физикалық және психологиялық артықшылықтарын ашу басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар ұлттық спорттың барлық қырларын саралап, түркі-қазақтың спорттық тарихына арналған ғылыми еңбектер жариялауға да  көңіл бөлінбек.  Қазірдің өзінде көкпар тарихы мен мәдениетіне қатысты 4 томдық, «Балуандар әлемі», балалар мен жасөспірімдерге арналған «Қазақ күресі деген не?», «Асық ату деген не?», «Пілмен күрескен қазақтың 7 палуаны» атты кітаптар баспаға жіберуге даяр. 

– Ұйымды не себепті «Балуан тас» деп атадыңыздар?

–  Мен  «Балуан тас» атты қос томдық кітап шығарғанмын.  Ұлы даланың көне сақ-ғұн дәуірлерінен үзілмей келе жатқан балуан тас көтеру рәсімі болған. Балуан тасты ердің ері ғана көтере алады. Бұл – адамзаттың қаһармандық келбетін көрсетеді. Мұндайда балуандар рухани және физикалық сыннан өтеді. Айталық, бірде әйгілі әнші Майра Уәлиқызы  Қоянды жәрмеңкесінде Қажымұқанды кездестіріп қалып, түйенің үлкендігіндей дәу қара тасты көрсетіп, «Үйімнің маңын шаң басып кетті, мына тастың орнына үй тіксем бе екен» деп жұрт алдында балуанға астарлай әңгіме айтады. Сонда атамыз белгілі әншінің бұл сөзді өзін сынау үшін әдейі айтып тұрғанын түсініп, «Сынасаң сына, Майра» деп жаңағы тасты оп-оңай орнынан көтеріп, аударып тастапты. 

Әсілінде, бұрынғы алыптар 300 келіден бастап 1,5 тоннаға дейін тас көтерген. Ондай тастар  еліміздің шығысы, орталығы, оңтүстігінде баршылық. Көбісі Кеңес өкіметі кезінде шаруашылық мақсаттар  үшін  жойылған. Сондай тастардың бірі Темірлан мұражайында тұр. Балуан Шолақ көтерген 800 келілік  тас Шу бойында. Жалпы, мұндай тастардың 11-інің тұрған жері белгілі. Қытай мен Моңғолиядағы қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарда да өте көп. Бұл тастар қазақ балуандарының қаншалықты мықты екенін көрсетіп қана қоймай, олардың әралуан дәуірдегі  тағдырларына қойылған ескерткіш іспетті. Олардың әрқайсысының тарихын жүйелеп хатқа түсіріп, бейнебаяндар жасасақ дейміз. Тіптен, заманауи ауыр атлетика спорты үшін де мұның тәрбиелік рөлі зор.  Айта кетейін, 2021 жылы бірнеше жылдық ізденісті қорытындылап, «Балуан тас. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» атты екі томдық кітабым жарық көрген-ді. 

Қос томдыққа қазақ халқының балуандары мен күрес өнеріне қатысты аңыз-әфсаналары, қисса-дастандары, ел аузындағы  аңызға айналған алапат күш иелері мен олардың балуандық жолындағы тосын хикаялары мен оқиғалары,  кейбір жекелеген тарихи деректер енгізілді. 

Кітаптың басты жаңалығы – ұлттық спорт пен дегдарлық мәдениет туралы жаңа көзқарас қалыптастыруы.  Жинақта Шыңғыс хан дәуірінен қазірге дейін есімі ұмыт бола бастаған барлығы 500-ге жуық балуан қамтылса, оның 70-тен астамы  оңтүстік өлкесінде өмір сүрген балуандар.

Балуан тас! Бұл балуандық рухты, ерлікті, тарихи мұраға, қазақтың күш пен рух мәдениетіне деген құрметі деп танысақ керек. Сонымен бірге бұл атау қазақ күресін, батырлықты жаңғырту мен дәріптеуді мақсат етеді. Қысқаша айтқанда, «Балуан тас» – бұл халықтың мызғымас рухын, ерлік пен елдік дәстүрін бойына сіңірген атау. Осы атаумен  ұйым құрғанда  тек спорттық бағыт ғана емес, жалпы ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын іргелі құрылымға айналады деп ырымдадық.

– Сіздің бастамаңызбен іске асырылған «Қазақ күшінің картасы» жобасы көпшіліктің ықыласын тудырып отыр. Бұл идея қайдан туды және нақты қандай нәтижелерге қол жеткізгіңіз келеді?

– «Қазақ күшінің картасы» – менің  балуан тастарға қатысты көп жылдан бергі зерттеулерім мен архивтік жұмысымның нәтижесінде туған идея. Біз батырлар мен балуандар көтерген алып тастарды іздеп тауып, олардың гео-графиялық нүктелерін картаға түсіріп жатырмыз. «Baluan tas» ұйымының тұңғыш бастамасы болып отырған бұл жоба арқылы қазақтың күш мәдениетін жүйелі мұраға айналдырып, бүгінгі ұрпаққа насихаттау жолын таңдадық. Айтып өткенімдей, тастар – тек физикалық күштің емес, ұлттық мінездің, ерлік пен рухтың символы. Жоба нәтижесінде әр өңірдегі балуан тастар туралы дерек-мағлұматтар жиналып, олар картаға түседі, тележоба, интерактивті платформа, ғылыми конференция және деректі фильм жасалады. 

– Сіз бірнеше рет сұхбаттарыңызда «Қазақ күресі – ұлттық идентификацияның коды» деп айттыңыз. Осы ойыңызды кеңірек тарқатсаңыз...

– Қазақ күресі –  жай ғана спорт емес. Ол – бабалардан қалған ойын ғана емес, ол – рухани  код та болып табылады. Өйткені, күрес – ердің өнері, елдің өрісін кеңейтетін амал. Біздің батырлық эпостар, жырлар, тарихи шежірелерде балуандық сипат кең орын алады. Демек, бұл – халқымыздың өзін-өзі тану, ерлік пен адалдықты бағалау үлгісі. Осы тұста мен нақты ұсыныс айтамын: Қазақ күресіне арналған арнайы музей ашылуы тиіс және ол музей Түркістанда ашылуы керек! 

– Сонымен, сіз ұлттық спорт пен мәдениеттің байланысын қалай бағалайсыз және бұл екі бағытты үйлестіру қаншалықты маңызды? 

– Бұл екеуі – бір-бірін толықтыратын тұтас дүние. Ұлттық спорт – төл мәдениеттің денесі болса, мәдениет – спорттың жаны. Біз тек жаттығу мен жарыс шеңберінде қалып қоймауымыз керек. Ұлттық спорт түрлері тек денені шынықтырмайды. Олар жүрек пен санаға да әсер етеді. Рухты да шыңдайды. Мәселен, садақ ату – мергендікті ғана емес, ішкі тыныштықтың, рух тұрақтылығының көрсеткіші. Жамбы ату – ептілік пен естіліктің синтезі. Тоғызқұмалақ – логика мен дүниетанымның тамыры. Сондықтан бұл екі бағытты тұтас қарап, мемлекет саясатына интеграциялауымыз керек. Бұл – ұлттың ішкі-сыртқы иммунитетін нығайтатын  жол. Қолдаушылар қарасы  аз емес.  Әзірге Түркістан қаласында ғана өкілдік құруға қол жеткіздік. Бірақ, бүкіл Қазақстан аумағында филиалдар ашылатынына сеніміміз кәміл. Оған біршама уақыт керек.  Ұйымның қаржыландыру көздеріне келсек, ол көпқырлы. Мемлекеттік қолдау мен мәдениет және спорт, білім, ғылым министрліктерінен гранттар, жеке инвесторлар мен корпоративтік демеушілердің көмегі арқасында қаржыландыруды қамтамасыз етеміз. Қазірдің өзінде «Шұға» атты фильмге 100 миллион теңге құюға әзір түбі семейлік, бірақ Шымкентте өсіп-өнген Арман Байқадамдай әлеуетті инвестор таптық. Сонымен қатар оқу бағдарламалары мен жаттықтыру қызметтерінен алынатын табыстар да қаржылық ресурс. 

Сайып келгенде, ұлттық спорт пен мәдениеттің үйлесімін қамтамасыз етіп, осы салада тұрақты даму орталығын қалыптастыруды мұрат етеміз. Мақсат айқын болғандықтан, армандардың орындалатынына да сеніміміз кәміл.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет, сәтті бастамаларыңыз жүзеге аса берсін!

Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз