Мен өз сөзіме жауап беремін!

Мен шегірткені түп тамырымен жоюға болатыны жөнінде көптен бері айтып та, жазып та келемін. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2017 жылғы 17 қаңтардағы №8 санында «Сары шегіртке қаптаса...» деген мақалам жарық көрді. Осы мақалада шегірткемен күрестің байырғы өзім куә болған әдіс-тәсілдерін жазған болатынмын. Ол мақалаға «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ ОҚО филиалының басшысы Әлім Арапбаев үн қосты. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2017 жылғы 16 ақпандағы санында Ә.Арапбаевтың «Тағы да сары шегіртке туралы» деген мақаласы жарияланды. Осыдан соң ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті ОҚО аумақтық инспекциясының сол кездегі басшысы Нұрбек Бадырақов пен Әлім Арапбаев хабарласып, менің шегірткемен қалай күресу керектігі жөніндегі мақалама қызығушылық танытты.
Мен Арыс ауданына қарасты Босаға деген жерде 30 жыл мал бағып, біраз тәжірибе жинақтаған адаммын. Дәлірек айтқанда, 30 жыл бойы шегірткелердің ортасында отырдым. Онда жастау кезім. Бірде Тұздыдөң деп аталатын белден аса бергенімде құрт сияқты жыбырлап жатқан түсі қорғасын сияқты қара дақтың үстінен түстім. Кейін мұның не екенін агрономнан сұрағанымда ол мен көрсеткен жерге бірге барып:
– Бұл – шегірткенің ұясы. Дереу орталыққа хабарлау керек, – деп ауылға тез қайтып кетті.
Қайтар жолда жан-жағыма байыптап қарап отырсам, ұя көлемі ұлғайып, жыбырлаған жәндіктер кең жайыла бастапты. Көп ұзамай Дәулетияр, Тұздыдөң, Қарақұм жайылымдарын, «Қожатоғай» кеңшарының Төребек, Бөріойнақ, Мәслихаттөбе, одан әрі Әлімтау, Бозай, Шардара өңірлерін шегіртке қаптады. Сәуір айының басында шегірткелердің көбейгендігі соншалық, малды да жүргізбей қойды. Олар күш алып бара жатқан соң 2 «АН-2» ұшағы, тағы бір тікұшақ келіп, аспаннан дәрі шашты. Бірақ, көбейіп кеткен шегіртке бой бермеді, дәріні бұйым көрмей, көбейген үстіне көбейе берді.
Сол жылдары ұшқыштарға (бұл ақшаның құнсызданған шағы еді) тәулігіне бір миллион сом төлеп жүрді. Бірақ, сол қыруар қаржы желге ұшты. Сәуір айының ортасында ала торғайлар пайда болып, шегірткемен аяусыз күрескенімен, олардың да зиянкесті түп тамырымен жойып жіберуге шамасы келмеді. Шегірткелер жүріп өткен жерлер күл болып күйреп, шөбі желге ұшып жатты. Қаншама жайылым, қаншама бау-бақша, егістік алқаптар оларға жем болды.
Осыдан соң келесі жылы топырақ беті көпсіп, құрт сияқты жәндік топ-топ болып быжынап жатқан ерте көктемде барлық малшылар, мамандар қолымызға бір-бір шелек керосин алып, ұяшық атаулыны өртеп шықтық. Осы тәсілді жыл сайын қайталап отырдық. Содан бастап бірен-саран болмаса, қою бұлттай тұтасып келген шегіртке үйірін көрмедім. Осы тәжірибені жоғарыдағы екі маманға баяндадым. Олар шегіртке қаптаған аймақты менімен бірге аралауға ұсыныс айтты. Шегірткеге шабуыл жорығына мүдделі болғандықтан, бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Арыс қаласына қарасты ауылдардың Қарағайлы, Жаңақұдық, Қарақұм, Қосқұдық, Жетіқыр, Жолөткен, Кескенсай, Шойтас, Босаға, Аққабақ, Шегірлі мал жайылымдарын сүзіп шықтық. Екі басшы да жол-жөнекей қойын дәптерлеріне әлденені түртіп алып жүрді.
Қалаға оралған соң Нұрбек інім маған қарап:
– Көке! Сіз бұрын да жайылымды шегірткеге қарсы дәрілеуге қатысып жүр екенсіз. Бізге жолбастаушы әрі ақылшы болып жүрсеңіз қайтеді? – деді.
«Елдің қамын ойлаған жігіттер екен ғой» деп қуанып қалдым.
Артынша Түркістан облысының сол кездегі әкімі Ж.Түймебаев аудан, қала әкімдерімен ауыл шаруашылығы басқармасының және мемлекеттік инспекция басшыларымен жиналыс өткізді. Онда үйірлі шегірткеге қарсы 276 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды. Оның 163,5 мың гектары агрегаттардың көмегімен, 40 пайыздан астамы авиация көмегімен, қалғаны аспалы бүріккіштермен өңделетіні белгілі болды. Облыс әкімі өңдеушілерге қатаң тапсырма берді. Шегірткеге қарсы күреске 287 анықтаушы, 71 арнайы техника, 5 «АН-2» ұшағы жұмылдырылды.
Міне, мен білгелі шегірткеге қарсы күрес жыл сайын жүргізіліп келеді. Бірақ, нәтиже кәне? Күрес нәтижелі болса, ана жылы Шардараның қауынын шегірткелер неге жайпап кетті? Жайылымдары тозған, егістіктері зардап шеккен диқандар неге жыл сайын шырылдайды? Егер залалсыздандыру, өңдеу жұмыстары тиянақты, ұқыпты жүргізілсе, шегіртке атаулы ендігі жойылып кететін уақыт болды ғой. Қаншама гектар жер химиялық дәрілерден уланып жатыр. Улы химикаттармен жұмыс істегендердің денсаулықтарына ешқандай зиян келмеді деп кім айта алады?!
Меніңше, шегірткемен бұлай күресуге болмайды. Бұрыннан келе жатқан халықтық тәсілді қолдансақ, жетіп жатыр. Бұл үшін малшыларға қаржы бөліп, оларды шегірткеге қарсы күреске жұмылдыру керек. Қазір барлық жер жекенің қолында. Олар өз жерінің экологиялық жағынан таза болуын қаламайды деймісіз?! Солар атқа мініп, топырағы қопсып жатқан жерге белгі қойып кетсе, артынан ұяшыққа керосин құйып өртесе, шегіртке атаулы, оның дернәсілдері қырылып қалар еді. Зиянкестерге қарсы күресті наурыз айының соңы мен сәуірдің басында тез бітіріп тастау керек. Ал, бізде қалай? Тиісті техника, мамандар дайындап, дәрі тауып жайылымдарға барғанша сәуір айының бел ортасы болады. Бұл кезде шегірткелер ұясынан ұшып үлгереді. Олар ұшар алдында ұрық тастайды. Егер қыс қатты болып, бір метр тереңдікке дейін тоң қатса, дернәсілдер қырылып қалар еді. Ал, бізде мұндай қыс жоқ. Сондықтан жыл сайын шегірткемен күресіп, әуреге түсіп жатамыз. Олар да көбейген үстіне көбейіп келеді.
Маған таныс малшылар хабарласып, шегірткені оңай да тиімді тәсілмен жою керектігін жоғары жаққа жеткізуімді сұрап жатады. Ал, мен не депутат, не қызметкер емеспін. Бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінемін. Сол хабарласқандар «химиялық дәрінің мөлшерін аз беретін секілді. Өйткені, дәрі шашқаннан соң шекірткелер екі сағаттан соң қайта ұшып жатыр» дейді. Мұны өзім де көрдім.
Жоғарыдағы сөзіме қарап, «бұл кісі мамандарды кінәлағысы келіп отыр екен ғой» деп ойлап қалмаңыздар. Менікі көргенімді ортаға салу, бұрынғылардың тәжірибесін тарату ғана. Егер осы тәсіл тиімділік көрсетіп жатса, ұяшықтарды ерте көктемде өртеуді неге қолға алмасқа?! Сонда қаржы да үнемделер еді, шегірткелер де азаяр еді. Малшы да, егінші де, диқан да зардап шекпес еді. Бастысы, өнім көлемі артып, табыс та тасқындай түсер еді.
Шегірткемен күресте кешегі көргендерімізді, өте тиімді тәжірибені қолға алсақ, ұтылмаймыз. Бұл сөзіме көненің көзі, байырғы маман ретінде жауап та бере аламын, кепілдік те бере аламын.
Елмұрат НҰРЖАНОВ,
мал шаруашылығының бірінші дәрежелі шебері.