Көпті көркем мінезімен баурап алатын...

Ерлан Қуандық, «Оңтүстік Қазақстан».
Қазақ «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» дейді. Ал, Майлықожа ақын «Ағасы жақсы қандай-ды, Алдыңда асқар таудай-ды. Сүрінгенде сүйеніш, Құлағанда қолдайды» деп жырлайды. Бір туған бауырдың қадір-қасиеті жайлы жан тебірентер сөздер аз емес.
Қалдарбек үйдің үлкені болды. Артынан еріп жүрсін деп менің есімімді Ерлан қойыпты. Менен 3 жас, 4 ай үлкендігі бар еді. Арада 1969 жылғы Бауыржан есімді ағам болған. Мен оны көрмедім. Балпанақтай бала 1 жасында көз тиіп шетінегенін айтатын үлкендер. Жүруге жарап қалған бауыр еті баласынан айырылу анамыздың жүрегін сыздатқан. Содан болар, араға бір жыл салып өмірге келген мені шешем «суық тиіп қалмасын, тіл-көзден абай болсын» деп барынша сақтанып, сырт көзден, көпшіліктен қалқалап өсірді. Жүгіруге жараған тұста Қалдарбекке «ініңе қарайла, өзіңнен бір елі тастамай алып жүр» деп жиірек тапсыратын. Бала күнімізде Арыстың көшесінің шаңын шығарып доп қудық. Мектеп қабырғасында алдымен Қалдарбек, кейін мен футбол секциясына жазылдық. Әкеміз Жүнісбай Қуандықұлы алтын медальмен бітірген бұрынғы 21-інші, кейін №7 мектеп болып ауысқан теміржол мектебінде оқыдық.
Отбасымыздағы үш ұл, үш қыздың ішінде Қалдарбектің оқымыстылығы, білімге зеректігі бәрімізден оқ бойы озық тұрды. Кітапты жастанып оқыды. Жаңа шыққан газет-журналдарды жібермей оқитын. Велосипедпен орталық базардағы киоскіден ерінбей сатып әкелетін. «Советский спорт» өмірлік серігіне айналды. Әдебиетті сүйді. Қазақ жазушыларынан өзге, шетел классиктерінің шығармаларын да оқып өсті. Әкеміз секілді ол да мектепті алтын медальмен бітірді. 1984 жылы ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түсті. Үйдегілер бар, әкемнің ағасы – Үсіпбай атамның әулеті, айнала түгел қуанды. Ол қуанышты отбасымызда өзімізше атап өтіп, тойлағанымыз есімде. Қалдарбек бізге – бауырларына шындығында үлгі болды. Мектепте барлығымыз үздік оқыдық, Ботагөз – алтын, Айгүл күміс медальмен бітірді.
Ағам бірінші курсты бітірген жылы 8-сыныпқа өткен маған Алматыдан футболға арналған «Адидас» аяқ киімін сатып әкеліп берді. Сондағы қуанғанымда шек болмады. Екінші курсты аяқтап, Украинаның Днепропетровск қаласында әскери борышын өтеді. 1988 жылы университетке қайта оралған тұста мен ҚазМУ-ге оқуға түстім. Осы жылы журфактің №5 жатақханасынан маған орын тимеді. Есесіне әскерден оралған заң факультетінің жігіттеріне 3-қабаттың оң қапталы бұйырды. Бірінші курста Қалдарбекпен 308-ші бөлмеде бірге тұрдық, бір төсекте ұйықтадық. Осы жылдары оның курстастарымен ғана емес, әскери борышын өтеген достарымен де етене араластым. Кейін оқу бітіріп кетсек те, оның достары мені кезіктіре қалса, жаңылмай тез танитын.
Ағам саналы ғұмырын ғылымға арнады. Университетті бітірген соң Ұлттық Ғылым академиясының аспирантурасында оқыды. 1996 жылы ауыл шаруашылығындағы су пайдалану құқы тақырыбында ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Әбуәлі Еренұлының жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. Заң ғылымдарының кандидаты атанды. Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болды. 24 жасында отау құрды. Екі қыз, екі ұл өмірге келді. Балаларын да оқу-білімге баулыды. Бір ұлы әке жолын қуып, заңгер болды.
ҚазМУ-дің заң факультетінде оқып жүргенде Сұлтан Сартаев, Әбдуәлі Еренов, Калимулла Халиков, Нажметдин Мухитдинов сынды атақты профессор-оқытушылардан дәріс алды. Талапты шәкіртін ұстаздары да қолдады. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде (бұрынғы КазПИ-де) оқытушылық қызметте болған Қалдарбек 1997 жылы 30 жасында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетіне декан қызметіне тағайындалды. Түркістанда төрт жылдай абыроймен қызмет атқарды. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде де бірнеше жыл декан болды. Кейін Алматыға қайта оралды. Алдымен халық шаруашылығы университетінің «Құқық» ғылым-білім департаментінің профессоры қызметінде жүрсе, кейін өзінің қара шаңырағы – ҚазМУ-ге келді.
Адал еңбегі мен маңдай терінің нәтижесінде 1 монография, 9 әдістемелік оқу құралы, 100-ден астам мақала, студенттер мен көпшілікке арналған 7 кітабы жарық көрді. Былтырғы қаңтарда Ұлттық заң академиясының толық мүшесі (академигі) атанды. Ғылым мен білімге, заң саласына сіңірген еңбегі бағаланды да. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы Қалдарбек Қуандықовқа «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісін табыстады. Өмірінің соңғы жылдары ол Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Кеден, қаржы және экологиялық құқық» кафедрасының қауымдастырылған профессоры қызметін атқарды.
Өлшеніп берген өмірі болар, әулеттің үлкені Қалдарбек ағам Қуандықов 58 жасқа қараған шағында өмірден озып, мәңгілік мекеніне кете барды. Басқа түссе – баспақшыл. Жеңгем – ерінен, перзенттері – әкесінен, біз бауырдан айырылдық. Қабырғамыз қайысып, жүрегіміз сыздады. «Қап, бала-шағасын толық аяқтандырып, ұлдарын үйлендіріп, келін түсіргенде, арамызда әлі де жүре тұрғанда болар ма еді» деген қимастық сезім тұр көңілде. Алайда, үкім Алладан болған соң, иісі мұсылман адам тағдырға иман келтіріп, қаза қайғысына шүкір қылады.
Қазақта «Мың малың болғанша, бір балаң ғалым болсын» деген өсиет сөз бар. Пайғамбар хадисінде адам баласы дүние салған соң, оның амалдары тоқтайтыны, алайда, үш амалдың сауабы, яғни жария садақа, пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын ізгі ұрпағының әрекеті марқұмға үздіксіз жетіп тұратыны айтылған. Сондықтан шәкірт тәрбиелеп, оларға білім дәнін сеуіп, ғылымға баулу да Алла жолындағы сауапты амал екен.
Қалдарбек өмірде ақкөңіл, ашық-жарқын азамат болды. Көппен тез тіл табысатын. Жылы шыраймен амандасатын. Көркем мінезнің арқасында ұрыс-керістен, жанжалдан аулақ жүрді. Қақ-соқпен шаруасы болмады. Жүйкесін күтіп, қадірлі уақытын жейтін парықсыз ортадан бойын аулақ салды. Бар күшін білімге, пайдалы ғылымға, танымды кітап жазуға арнады. Ендігі жерде артынан дұға қылу ғана еншімізге қалған амал боп тұр...
Қалдарбектің пәнидегі білім жолындағы талмай ізденісіне бақилықта сансыз сауаптардан жазылғай! Иманы өзіне жолдас болсын. Қатым Құран түсіріліп, сауабы Қалдарбекке бағышталды. Аллам барлық ізгі амалдарымызды қабыл етсін. Артында қалған ұрпағы – бала-шағасына, жеңгеме, бауырлары бізге Алла тағала көркем сабыр берсін! Жаны жәннатта болғай!