Ақыреттік дос болдық

– Әселхан Қалыбековамен 2000-шы жылдардан бастап, құдайы көрші болдық. Алғаш көшіп келгенде қазақтың дәстүрімен ерулік бердік, көп өтпей ол кісінің дастарқанынан дәм татып, ілік-шатыс араластығымыз жарасып жүре берді.

Сол жылы Әсекеңмен бірге ауыз бекіттік. Ол «келіндерді әуре етпей-ақ қоялық, сен біздің үйге қона сал» деп шақырып алатын. Сәресіні бірге ішіп, намазымызды оқып, дұғамызды жасап жүрдік. Оның діни білімі анау-мынау молданың өзін шаң қаптыратын. Сол жылдардың өзінде «сәждеге жығылғаныма он бес жыл болды» деп жүретін. Менің намаздағы көп қателігімді сол кісі дұрыстап берді, дін тақырыбындағы сауалдарыма да жауабы дайын еді. Басымыз қосылғанда айтар әңгімеміз көбінде дін, поэзия, әдебиет төңірегінде өрбитін. 
Әселхан өте мейірімді еді. 2004 жылы жолдасым қайтыс болғанда қайғымды бірге көтеріп, қашан еңсемді көтергенше жаныма жалау болғанын қалай ұмытайын?! Ол менің ақылшым еді ғой. Оның қайырымдылығын көргендер көп еді. Қашан да қиналғандарға қол ұшын созуға дайын тұратын. Тұрмысы төмен отбасыларға, қаржыдан қиналғандарға үнемі жанашыр болып, қажетін өтеп беріп жүретін.
2007 жылы қарашаның басында немересін жүгіртіп, шақыртып алды. Барсам Әсекең «ауданға кәсіпкер Серікжан Сейтжановтың демеушілігімен Мекке сапарына жеті жолдама келіпті. Саған да біреуін алдым. Екеуміз қажылыққа барып қайтайық» деп отыр. Ақын апам болмаса, ондай қасиетті сапар маған бұйырмайтыны анық қой. Аллаға мың шүкір айтып, жолға шықтық.
Мекке сапарының қызығы мен ғибраты мол болды. Пайғамбарымыз бен сахабалардың жатқан орындарын жақыннан көріп, зиярат еттік. Адамдардың көптігі сонша, Қағбаға жақындау мүмкін емес. Бір ғажабы, біз үшінші мәрте айналғанда, Қағбаға қарай жолымыз ашыла кетті. Құшақтап, ерін тигіздік. Бұл да Алланың кереметі, тылсым дүниенің санаға сыймайтын кереметі ғой, әйтпесе ол жерде Қағбаға жетудің қиындығын барған адамдар жақсы біледі.
Сол сапарда Мина тауында ата-бабамыздың рухына ғана емес, бүкіл қазақ елінің болашағының жарқын болуын тілеп дұға оқыдық. Сол жерде Әсекең маған: «Екеуміз ақыреттік дос болдық. Сенің балаң – менің балам, менің балам – сенің балаң. Қайғымыз да, қуанышымыз да ортақ. Мен өлсем сен жоқтайсың, сен өлсең мен жоқтаймын» деп серттескендей болған едік.
Келесі жылы екеуміз Ыстықкөлде жиырма күндей дем алдық. Ол кісіні ауа райының қолайсыздықтарының өзі тоқтата алмайтын. «Бұл жерге жатуға келген жоқпыз ғой» деп, демалысын мәнді өткізуге тырысатын. Әсекеңнің жүректілігін де сол кезде байқадым.
Бір жолы пароходпен Ыстықкөлдің ең терең жеріне бардық. Судың тереңдігі 180 метр екен. Әлдекімдер суға түсіп жатты. Біз сәл-пәл шеттеп, шегіншектеп тұрғанбыз. Кенет Әсекең: «Құдай өзі берген жанды өзі алады» деді де, суға секіріп кетті. Мен тоқтатып үлгере алмай қалдым. Ол кісінің бұл әрекетінің себебін ертеңіне жазған өлеңінен түсіндім.

180 метр тереңдік,
Бүлк етпес мені елең қып,
Ақ кеменің үстінде
Әртүрлі ойға бөлендік.
Орыс та шықты бір сүңгіп,
Татар да шықты бір сүңгіп.
Қырғыз да шықты бір сүңгіп,
Екі қазақ қиялдап,
Әуелі біраз іркілдік.

Өзіңді досым, ал, ұста,
Көрейін шауып намысқа!
Қазақты қорқақ дегізіп
Болмайық күлкі алыста.
Ұқсаймын деме ессізге
Думан-ды жалған бізсіз де.
Жан – Құдайлық, тәуекел,
Секіріп кеттім түпсізге.

Естігендер мырс етті,
Көл шайқалып гүрс етті.
Су жоғары көтерді,
Тентек қой деп бір тепті.
Қандай сұлу дархандық,
Көз тоймай көлге аң-таң жұрт.
Қазақшалап қайтарда,
Аңыратып ән салдық. 

Аманкүл Рысбек, 
көршісі.
Пікір қалдырыңыз