МЕДИАЦИЯ МӘМІЛЕГЕ КЕЛТІРЕДІ

Медиацияның ең тиімді тұсы, онда екі жақты да қанағаттандыратын шешім қабылданады.

Өмір болған соң түрлі таластардың туындап жататыны белгілі. Әсіресе, бүгінгідей жаһандану заманында шешілмеген жанжалдар, түсініспеушіліктер, ұрыс-керістердің, яғни даулардың тым жиілеп кеткені рас. Бірақ, соның барлығын сот арқылы шешу мүмкін емес. Осы орайда сотқа дейінгі істі қарап, екі тарапты мәмілеге келтіретін медиция қызметінің барын ұмытпағанымыз жөн. Бүгінде бұл қызметке сұраныс артып келеді. Ақты ақ, қараны қара деп әділ шешім шығару судьяларға артылған үлкен жауапкершілік. Ал, ар алдындағы адалдықтан аттамай, екі тарапқа ортақ шешім шығару – әр адамның азаматтық парызы.

Жалпы, дауды ың-шыңсыз реттеудің ең тиімді тәсілі осы медиация институты екенін әлем елдері әлдеқашан мойындап қойған. Десе де медиацияны біздің ата-бабаларымыз ең алғаш болып қолданғанын ерекше мақтанышпен айтсақ болады. Мәселен, бұрынғы дала заңдарында ел ішіндегі дау-жанжалдарды шешу билер мен ақсақалдарға жүктелген. Шындық жолында туыстық жоқ деген қағидаға сүйенген олар істің әділ шешілуін көздеген. Демек, медиция институты біздің қоғамға ешқандай жат емес. Керісінше, бабалар сөзіне құлақ түріп, медиацияны ары қарай дамытуды қолға алғанымыз жөн.

Әрине, соттың іс қарау қорытындысы бойынша, әдетте, бір тарап жеңіп, екінші жақтың жеңілетіні анық. Кейде екі жақтың да көңілі толмай қалатын кездері болады.  Ал, медиацияның ең тиімді тұсы, онда екі жақты да қанағаттандыратын шешім қабылданады. Екі тарап бітімгершілікке келсе, екі жаққа да тиімді шешім шығарылады.

Сотқа жүгіну үшін біраз шығындалуға туралы келеді. Бұл айтпаса да белгілі жайт. Мәселен, сот барысында мемлекеттік алым төлеу, адвокаттың қызмет ақысын төлеу, сараптама жүргізу үшін ақы төлеу сияқты қажеттіліктерге қалтаңнан әжептәуір ақша шығаруың қажет. Ал, медиацияда тараптардың бұған жұмсайтын қаржысы үнемделеді.

Сайып келгенде, татуластыру рәсімдерін қолдану азаматтар үшін де, сот үшін де тиімді. Сотқа тиімді болатын себебі, бітімгершілікпен біткен істер арқылы әкімшілік істердің саны азаяды. Сол арқылы судьялардың жүктемесі кеміп, басқа істерге көбірек көңіл бөлуге, бос уақытында ізденуіне жол ашылады. Сонымен қатар, тараптарды татуластырудың сыйластықты сақтауға да ықпалы мол. Болмашы нәрсе үшін жақыныңды жатқа айналдыру кімге керек?

Міне, сотқа арыз жазбас бұрын, жұртшылық осыған мән беруі керек. Мүмкіндік болса, ағайынның көмегіне, ақсақалдар алқасының талқысына салғаны дұрыс. Болмаса медиаторларға, судья-медиаторларға жүгінгені абзал. Қалай болғанда да кез келген адам даудың ұрыс-керіссіз, бітіммен шешілуіне мүдделілік танытқаны жөн. Бұл ретте насихат жұмыстарының жолға қойылуы, одан жұртшылықтың хабардар болуы медиация көмегімен шешілетін істердің санын көбейтеді деген ойдамыз.

Берік КӘРІМ,

Түркістан облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы.  

Пікір қалдырыңыз