Кәсіпкерлік саласының жұмысы зерделенді

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен лездемелік мәжіліс өтіп, онда өзі жетекшілік ететін салалардың жұмысы сараланып, тапсырмалардың орындалуы тексерілді.
Мәжіліс барысында шаруалар көтеріп жүрген өзекті мәселелердің заң аясында шешімін тапқандары зерделеніп, бақылаудан алынса, мамандармен аудандарда өткен кездесу барысында түскен жаңа ұсыныстар мен өтініштер тапсырма-жоспарға енгізіліп, қадағалауға алынды.
Облыс әкімінің орынбасары шағын және орта бизнесті дамыту үшін көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар бойынша түсіндіру-ақпараттандыру жұмысы әлі де өз деңгейінде емес екенін айтып, жауапты сала басшыларына ескерту жасады.
Күн тәртібіндегі кезекті мәселе – жаңадан құрылатын индустриалды аймақтарды инфрақұрылыммен қамту бойынша әзірленген жобалау-сметалық құжаттардың ресімделу сатысы қаралып, ұсынылатын инвестициялық жобалар зерделенді. Сондай-ақ, «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» мекемесінің есебі тыңдалды.
Аса қауіпті зиянды жәндіктерге (Марокко шегірткесі) қарсы жүргізілетін іс-шаралардың атқарылу барысы да талқыға түсіп, бірқатар қосымша тапсырмалар берілді.