Келестің келешегі кемел

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан, қала тұрғындарымен кездесулері және жеке қабылдаулары жалғасып жатыр. Осы аптаның ортасында Келес ауданы тұрғындарының өтініштері мен мәселелері, ұсыныстары тыңдалды. Облыс әкімі өңірдің, ауданның даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы жоспарлар мен міндеттер туралы ой бөлісті.
– Мемлекет басшысы тұрғындармен тұрақты кездесу, экономиканы әртараптандыру жөнінде тапсырмалар берді. Өңірде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Соның ішінде Келес ауданында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға қысқаша тоқталсам, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауданда былтыр 20 елді мекенде құны 2,6 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 13 елді мекендегі 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет үйі бой көтеріп, ауылдардың электр желілері жаңартылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 141 млн. теңгеге 23 жоба қаржыландырылса, биыл 539 млн. теңгеге 46 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 1 пайызға өссе, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі артығымен орындалып, 48 млрд. теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспары 6,4 пайызға өсті. Ауданды дамыту жұмыстары одан әрі жалғасады, – деген Нұралхан Көшеров биылғы жоспарларды да баяндады. Тұрғындарды «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық, көгалдандыру шараларына белсене қатысуға шақырды.
Биыл Келес ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 21 көше орташа жөндеуден өтсе, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 мектеп пайдалануға беріледі. 4 елді мекенде газ жүйесінің құрылысы жүргізіледі.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың есебінен кейін кездесу сұрақ-жауап форматына ауысты. Тұрғындар облыс әкіміне бағдаршам орнату, каналды тазалау, Мәдениет үйін салу, жайылым мәселесі, қоқыс полигоны, жолдың сапасы, білім, медицина саласына қатысты мәселелерді көтерді. Көкейкесті ойлар ашық айтылып, облыс әкімі тарапынан тиісті жауаптар берілді. Арнайы хаттама түзіліп, проблемалар назарға алынды.
Облыс әкімінің жеке қабылдауында да тұрғындар инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау және өзге де салаларға қатысты проблемаларды көтерді. Нұралхан Көшеров әрбір өтініш назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізілетінін жеткізді.