Ауылым – алтын бесігім

Ұзақ уақыт көрмесем ауылымды қатты
сағынып қаламын. Біздің ауылдың табиғаты, тыныштығы пен үйлесімділігі, адамдар
арасындағы шынайы қатынастар маған ұнайды. Ауыл адамдарының өмірі қарапайым
болғанымен, олар еңбексүйгіш, қайырымды, мейірімді болып келеді. Қаланың
қарбалас тіршілігінен бір сәтке алыстап, ауылға сапар шеккенімде, жаным ерекше
тыныштық табады. Ауылға кіре бергенде-ақ таза ауасы, көгілдір аспаны, кең
жайлауы мен жасыл алқабы көз сүйсінтеді.
Таңертең күннің шуағы терезеден
сығалап, әтештің шақырған дауысы оятатын. Таңғы шық тамған шөптің иісі,
құстардың сайрағаны мен малдың мөңірегені ерекше табиғи үйлесім тапқандай. Әжем
пешке от жағып, самауырын қойып, ыстық бауырсақтың иісі бүкіл үйге жайылатын.
Ал атам қорадағы малға қарап, тіршілігін бастайтын.
Күн ұясынан көтерілгенде,
даладағы тіршілік қыза түседі. Ауыл тұрғындары
таң атпай еңбектің қамына кіріседі. Бірі малын өріске айдап, бірі егістік
басына бет алады. Шаруа қожалықтары, егіншілік, мал шаруашылығы,
бақша өсіру сияқты жұмыстар күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналған. Еңбекқорлық,
шыдамдылық пен табандылықты ұстанған әр адамның өз жұмысына деген құрметі қашанда
жоғары. Қаланың шуынан алыс, ауылдың тыныш ортасында адам табиғатпен үйлесімді
өмір сүреді. Мұндағы адамдар бір-біріне туысқандай жақын. Әркім өз ісімен
шұғылданып, бірақ қиын жағдайда көмектесуді ешқашан ұмытпайды.
Ауылда маған ең
ұнайтыны – адамдардың ашық-жарқын көңілі мен қонақжайлылығы. Қай үйге барсаң
да, дастарқаны жаюлы. Қаладағыдай асығыстық пен салқын қарым-қатынас жоқ,
керісінше, шынайылық пен кеңпейілділік басым.
Ауылым – менің балалық шағымның
куәсі. Осында жалаңаяқ жүгіріп, бұлақтан су ішіп, алма бақтарында ойнаған
күндерім еске түсті. Қорадағы қозыларды қуып, бау-бақшадағы жемістерді жеп,
арықта салқындап жүрген сәттер – менің өмірімдегі ең таза, ең шынайы бақыттың
көрінісі.
Бүгінде әр жаз сайын ауылға барып, туған-туыстармен қауышу мен үшін үлкен
қуаныш.
Ауыл – менің жүрегімнің бір бөлшегі,
менің алтын ұям. Ол жерге қайтып барсам, балалық шағымның іздерін тағы да
басқандай боламын.«Ауылдан
адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген сөз — ауыл мен оның адамдарының
арасындағы терең байланыс пен өзара қарым-қатынасты сипаттайтын ұлы сөз. Бұл
сөз ауылдың өзіндік өмір салты мен мәдениетінің адам бойында мәңгілікке
қалатынын білдіреді. Ауылдың қадір-қасиетін ұмытпай, әрқашан онымен рухани
байланысымызды сақтай білейік дегім келеді.
Нұрдана ПЕРНЕБЕК,
М.Әуезов атындағы
ОҚУ-дың 2-курс студенті.
Ұлдана
Керемет ????????