Шындық, еркіндік, рух жаршысы еді...

Ұстаз бен шәкірт арасын кейде нәзік иірімді байланыстар жалғап жатады. Ұстаздың шәкіртіне деген сенімі, шәкіртінің ұстазына деген адалдығы осындай қарым-қатынастың тууына себепші болып тұрады. Менің Қайырғали Медет ағаммен болған сыйластық, бауырластығым осы ұстаз бен шәкірт арасындағы берік байланыстың нәтижесінде пайда болды. 

Ол кезде қолымызға әлі диплом алмасақ та журналистиканың әліппесін ұғынып, тілшілік қызметтің соқпағына алғаш қадам басып жатқан кез-тұғын. Өмір сол кезде біз үшін мұхит ішінде жайқалған аралдай еді. Біз сол аралға жетіп, өмірден өз үлесімізді тезірек алу үшін асыға құлаш сермей алға ұмтылдық. Осындай асқақ арманмен алғаш рет «Шымкент келбеті» газеті редакциясының есігін имене ашқанымыз әлі есімде. Шаһардың бас басылымының сол кездегі редакторы Қайрекеңнің кабинетінде қабылдауында болып, журналистиканың шынайы кәсіби саласына енді табан тірей бастағанымды ұғынғандай болдым. Қайырғали аға басында өте сұсты көрінді. Жүзінде қаталдық бардай сезіндім. «Қатал басшымен қалай жұмыс істесер екенмін?» деп те басында ойландық. 

Бірақ, Қайрекең біз ойлағандай қатал емес екеніне ұзақ жыл шәкірті болып, қол астында жұмыс істеу барысында айқын көз жеткіздім. Әрине, басшы болған соң бірінші кезекке талапшылдық  қойылады емес пе?! Расында,  ол кісі өте талапшыл еді. Боямасыз шынайы, нақты деректермен және өткір жазылған мақаланы жақсы көретін. Сол үдеден шығу үшін көп ізденіп, қаладағы қордаланған проблемалардың талайын көтеріп жаздық. Ал, екі мыңыншы жылдардың басында Шымқалада проблема деген жетерлік еді. Әлеуметтік сала көп ақсап тұрды, жаңадан көпқабатты тұрғын үйлер салынбаған. Ауылдардан адамдардың қалаға қарай көшкен легі қызып жатқан кез. Түйткілдің нағыз өзегі коммуналдық сала болды. Міне, осы аталған мәселелерді Қайрекеңнің редакторлығымен газет бетінде тайсалмай көтердік. 

Шынында да ағамыздың редактор болып тұрған кезінде басылым беделі өсті. Жазылым таралымы да көтеріліп, газет жаңа деңгейге шықты. Мұның бәрі, біріншіден, ағамыздың өз қызметіне адалдығының, іскерлігінің арқасы болса, екіншіден, шындықты шырылдап жеткізген газеттің оқырман арасында құрметі болғандықтан еді. Сонымен бірге ол кезеңде шаһардың бас басылымында бүгінде журналистика саласының нағыз кәсіби мамандарына айналып, есімдері танымал бола түскен азаматтар жұмыс істеді. Олардың біразын атап айтсақ, Айгүл Мамытқызы, Ғалымжан Елшібай, Шадияр Молдабек, Раушан Баударбек, Бақытжан Әбдіраш, Фарида Шарафутдинова секілді білікті мамандар еді. Солармен бірге біз де иық тіресе жұмыс істеп, бір-бірімізден көп нәрсе үйрендік. Ал, ұжымның ұйытқысы, жол сілтеп, бағыт-бағдар нұсқаушы қашан да Қайрекең еді. Бүгінде мемлекеттің саяси ұранына айналған адалдық, әділдік қағидаттарын ағамыз сол кездің өзінде аузынан тастамай, әрбір лездеме сайын бізге айтып, ағалық ақыл-кеңесін беріп отыратын. 

«Шымкент келбетінде» бірге қызмет атқарған жылдары ол кісі маған әкемдей жақын адам болып кетті. Жарықтық ағалық қамқорлығын әрқашан аямайтын. Жұмыстағы қаталдығы, талапшылдығы бір бөлек, басқа кезде одан жұмсақ, ақкөңіл, мейірімді адамды таппайсыз. Қайрекеңнің қайсар, өжет мінезін де айтпай кетуге болмас. Журналистке тән мінез осындай болуы керек-ау, шамасы. Момын болсаң да сені басынатындар көбейеді. Ал, ағамыз өзінің табиғи болмысындағы өткір мінез, қайсар қасиетімен талай кедергіні бұзып-жарып, қоғамда әбден бітеу жараға айналған өте күрделі мәселелерді көтеріп, сол тақырып төңірегінде ауқымды проблемаларды қозғайтын. Бір кездері өзі де шәкірт болған ағамыз менен бөлек жоғарыда аталған азаматтарға да жанашыр ұстаз, мықты тәлімгер бола білді. Құдайға шүкір, Қайрекеңнің шекпенінен шыққан шәкірттер өмірде өз жолдарын тауып, бүгінде әркім өзі таңдаған салада үлкен жетістіктерге жетіп отыр. 

Қайырғали Медет ағамыздың өзі де қаламы қарымды журналист болды. Оның қаламынан туған дүниелер өткір де өзекті мақалаларға арқау болып жатты. Тек журналист емес, шығармашылықта жазушылық қырымен де танылған азамат еді. 

Өзім осы қарашаңырақта 2002-2006 жылдары табан аудармай төрт жыл еңбек етіппін. Мен үшін бұл жылдар нағыз өмір мектебі болды. Ал, редакция екінші үйімізге айналып, журналистика өнерінің қыр-сырын меңгерткен ұстахананың қызметін атқарды. Сондықтан еңбек жолымдағы осы бір сәттерді сағына еске аламын. Әсіресе, ағамызбен бірге өткізген сыр-сұхбатқа толы кезеңдер мен үшін ең бір әсерлі де ұмытылмас шақтардың бірі. 

Айтқандай, Қайырғали ағамыздың тағы бір қасиеті, ұлтжандылығы мен қайраткерлігі еді. Қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға бей-жай қарай алмайтын. Соның әсерінен өзі бас болып, Шындық, Еркіндік, Рух ұғымдарын ұйыстырған «ШЕР» клубын құрды. Кезінде осы клубқа талай қоғам қайраткерлері мен белсенділері келіп, шер тарқатқан еді. Ағамыздың азаматтық қоғамның дамуына қосқан осы бір жақсылықтарын қалайша ұмытайық?! Ол тек журналист емес, зиялы қауым өкілі ретінде еліміздің болашағы үшін жанталасқан кешегі ұлт көсемдерінің ізін жалғаған асыл жандай көрінуші еді. 

Әрине, өткен шақпен естелік жазу да оңай емес екен. Өзіңе жақын тұтқан адамыңның бұл өмірде енді жоқ екенін сезіну жүрекке сондай ауыр тиеді. Дегенмен, адамның өзі өлсе де, оның рухы мәңгі жасайды. Ал, ағамыздың артында қалған талай мұра жатыр. Міне, сол кейінгі ұрпақ үшін азық болып қалады. 

Қайрекең жеке шығармашылықпен айналысып, кітап жазатын. «Кітап –  жан азығы» дейді ғой. Сол айтқандай, ағамыздың ендігі ғұмыры осы еңбектерімен бірге мәңгі жасай береді. Ендігі біздің міндетіміз – Қайрекеңнің жүріп өткен жолын, өнегелі істерін, өмірде қандай парасатты жан болғандығын осылайша естеліктер арқылы кездесулер ұйымдастырып таныту ғана. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» деп Абай атамыз жырлағандай, өзі жазып кеткен кітаптары барда, артында жоғын жоқтап қалған шәкірттері тұрғанда Қайрекеңнің есімі ешқашан да ұмытылмайды.    

Ағамызбен ғұмырының соңына дейін араластық. Денсаулығы болмай, мазасыз күй кешіп жүрген уағында да талай жағдайын сұрап тұрдық. Қай уақытта хабарлассақ та ол кісі тек мейірлі үнімен, сол баяғы ағалық қалпымен бізбен әңгімелесіп, реті келсе ақылын айтудан аянбайтын.

Халқымыз бағзы заманнан ұстазын қадірлеген ғой. Адамзатқа тәлім-тәрбие беруші ұстаздың әрқашан қазақ қоғамында дәрежесі биік болды. Біз үшін де Қайрекеңнің ұстаздық мәртебесі ешқашан аласарған емес. Ағалық зор ілтипатын, әкелік қамқорлығын дәйім жадымызда тұтып жүреміз. Қазақ журналистикасында мықты қаламгерлер болса, соның ішінде Қайырғали Медет ағамыздың шығармашылығы, басқарушылық қабілеті, соңынан небір мықты шәкірт тәрбиелеп, өшпес із қалдырған ұстаздық жолы жағынан даңқы әрқашан биік тұрарына сенім кәміл. 

Сіз біздің әрдайым жүрегіміздесіз!

Пейіште нұрыңыз шалқысын!


Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ,

облыс әкімінің орынбасары.


Пікір қалдырыңыз