Ол көрген қиындықты бірде-бір редактор көрген жоқ...

Абай Балажан,
«Оңтүстік Қазақстан».

Күні кеше ғана шыға бастағанына ресми түрде жүз жыл толды делінетін «Оңтүстік Қазақстан» газеті еліміздің, мемлекетіміздің тарихи жылнамасы ғана емес, алды тұтас ұлтқа, соңғылары өз буындарына ұстаз бола білген бірегей тұлғаларды қалыптастырған қарашаңырақ десек, қателеспейміз. Сөзді әріден бастасақ Сұлтанбек Қожанов, Ораз Исаев, Нәзір Төреқұлов, Жүсіпбек Арыстанов, Әділбай Омаров секілді біртуар тұлғаларға келіп тірелесіз. Беріден қайтарғанның өзінде Әсет Тілеуке, Әмірсейіт Әлиев, Әлім Тұяқбаев, Жұмамұрат Тұяқбаев, Пәйіз Кәдеев, Сәділ Кәдеев, Әбдіманап Әлшериев, Уәлихан Темірбеков, Байдулла Қонысбеков, Төрехан Рәмберді, Төрекелді Байтасов, Оразхан Жарқынбеков секілді аты аталған, аталмаған қаншама тәлімгерлер еске түседі. Әрқайсысы бір шың, әрқайсысы бір төбе. Олардың бір-бірімен қарым-қатынастары, сөз саптаулары, әзіл-қалжыңдары, қарапайым жүріс-тұрыстарының өзі бір ұлағат болатын. Осылардың ішінде Кәрекеңнің – Кәрім Үкібаев ағамыздың жөні тіптен бөлек еді ғой... Иә, ол нағыз Ұстаз еді.

Мен «Оңтүстік Қазақстан» газетіне корректор болып қабылданған 1984 жылы күзде Кәрім аға партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаратын. Біз отыратын баспаханаға айына бір рет кезекшілікке келеді. Тез шүйіркелесіп кеттік. Тіпті, ол кісінің кезекшілікке келетін күнін асыға тосып жүретін болдым. Біреу сенер, біреу сенбес, біздің сол кездегі хал алыс сапарға кеткен туған ағасын күтіп жүретін кішкентай балақайдың халына көбірек ұқсаңқырайтын. Кезекшілікке келген соң жағдайымды сұрайды, «лажы болса мына жерде көп отырып қалма, жазып көрін» деген ақылын айтады. Бір сөзбен айтқанда, жанының жылы шуағына шомылдырып кетеді.
Алайда, Кәрім ағаның «мына жерде көп отырып қалма» деген тілегі бірден орындала қойған жоқ. Аппаратқа өтудің сәті түспей, КазГУ-дің дипломымен бес жылдай корректор болып жұмыс істеуге тура келді. Ағам әрдайым-әрдайым «мен де жұмысты корректор болып бастап едім, бірақ көп ұзамай аппаратқа ауысып кеткенмін. Ойпырмай, сенің жолың неткен ауыр еді...» деп қояды. Сөйтіп жүргенде Кәрім ағам жауапты хатшы болып жоғарылады.
Мен әлі корректормын, жұмыс орным редакцияда емес, баспаханада. Бір күні таңертеңгісін жұмысқа келіп, терілген материалдарды реттестіре бастағаным сол еді, Кәрекең телефон соқты. Амандық-саулықтан соң «қайдасың?» деді даусы қатқылданып. «Қайда боламын, жұмыстамын, сіз қазір кабинетке телефон соғып тұрған жоқсыз ба?!» дедім мен де. «Өтірік айтпа, жұмыста емессің, ол сенің кабинетің емес, сенің кабинетің менің қасымдағы кабинет» деді жадырай күліп. Сөйтсем Кәрекең редакторға «маған орынбасар етіп, Абай Балажановты беріңіз» деп қайта-қайта кіріп жүреді екен. Бүгін соның сәті түскен күн екен. Араға бес жыл салып, аппаратқа осылай ауыстым.
Кәрім ағамен 15 жылдай бірге қызмет атқардым. Мүмкіндігінше жақсы ағаға ұқсап бақтым. Оның еңбекқорлығын, жұмысына деген адалдығын, қарапайымдылығын, алдымен елге болсын дейтін ақеділ пейілін барынша бойыма сіңіруге тырыстым. Сонша телегей теңіз білімнің иесі бола тұра білетіндігін көрсетіп қалуға ұмтылмайтын. Өрекпімейтін. Біз орысша мәтіндерді қазақшаға сөздіксіз аударғанымызға мәз болып жүргенде ол кісі қазақшадан орысшаға сөзбе-сөз аударатын. Ұлт тарихына,  дүниежүзілік тарихқа қанша жетік болып тұрса да суырылып сөз алмайтын, пікір таластырып қызылкеңірдек болмайтын. Не болса да ішіне сақтайтын. «Қиналып өстік, жағдайым кісі қызығарлықтай емес» деген сөздерді аузына да алмайтын. Төрт құбыласы тең адамша жүретін.
Бір күні жұмыстан түн ортасына таяу жаяу қайтқанымыз бар. Ол кезде Кәрекең бас редактор, мен жауапты хатшымын. Неге екенін білмеймін, сол жолы Кәрекем бір шешіліп кеп берсін! «Бірінші жеңгең қайтқанда мен отызға да толмаған едім. Медицинаның шамасы жетпейтін науқас болмайды, демек, ертең-ақ тұрып кетеді» деген сенімнің жетегінде жүре беріппін. Алайда, жеңгең сол құлағаннан тұрмады. Сондықтан жүрегіңде Құдайың жүруі керек, түсіндің ғой» деп ауыр ойға шомып кеткен кейпі әлі көз алдымда.
Кәрім ағаның төрт ұл, екі қызының тәрбиесі кісі қызығарлықтай. Ақшагүл жеңгеміздің қолынан да талай шай іштік. Жеңгеміз марқұм да дастарқаны жиналмайтын, береке дарыған жан еді. Бүгінде екеуін де тек сағынышпен еске алуға тура келеді.
Әсет Тілеуке атамызға дейінгі редакторлардың ешқайсысын көзіміз көрмеді. Біздің білетініміз Әсет Тілеукеден бері қарайғы редакторлар. Осы редакторлардың ішінде жұмыстың ауыртпашылығын, қиыншылығын, азабын  ең көп көргені – Кәрім Үкібаев. Ол «Оңтүстік Қазақстанның» тізгінін нағыз өтпелі кезеңде – 1992 жылдан 1998 жылға дейін ұстады. Оның көргенін біреуіміз де көрген жоқпыз, оның иығына түскен салмақ біреуіміздің де иығымызға түскен жоқ.
Қалай Кеңестер Одағы тарай бастады, басқа да республикалар секілді Қазақстанның да экономикасы бір-ақ сәтте тас-талқан болды. Ит иесін танымайтын заманға тап келдік. Ақша сағат сайын құнсызданады. Тек шикізатқа негізделген республикада қағаз шығаратын зауыт жоқ. Қағазды дәл қазіргідей Ресейден сатып аламыз. Зауытқа бүгінгі бағамен 10 тонна қағазға ақша аударып жібересің, ақшаң түскен кезде оның құны 10 келі қағазға ғана жететін болып қалады. Сол жылдары Қазақстандағы барлық облыстық, аудандық газеттер жабылып қалды. Тек «Оңтүстік Қазақстан» ғана жабылған жоқ, айына бір рет бір бет болып шығып тұрды. Кәрім Үкібаевтың өлермендігінің арқасында. Кәрім Үкібаевтың намысқойлығының арқасында. Кәрім Үкібаевтың іскерлігінің арқасында. Бизнесмен ұлының қаражатын  газетке қағаз сатып алуға салып жібергені сол намысқойлығының, сол өлермендігінің мысалы емес пе?!
Ол жылдары тираждың да құлдырауы заңдылық еді. «Оңтүстік Қазақстанның» да таралымы күрт кеміді. Тоқсаныншы жылдардың ортасы ауа жағдай қалыпқа келе бастады. Кәрім Үкібаевты қызметінен босатқанда оған тағылған «ресми айыптардың» бірі «газет тиражы құлдырап кетті» деген айып болды. Ал, шын мәнінде сол 1998 жылы тираж 16 мыңға көтерілген еді.
Күлбілтелемей турасын айтайық, Кәрім Үкібаевтың «Оңтүстік Қазақстанға» сіңірген еңбегі, оның көрген қиыншылықтары осы газетті шығарған Сұлтанбек Қожанов бастаған Алаш ардақтылары сіңірген еңбектен, олар көрген қиындықтан бір де кем болған жоқ. Сұлтанбек ағалары сияқты атылып кетпеді демесеңіз, Бейсенбай көкелері сияқты сотталып, итжеккеннің нанын жеп келмеді демесеңіз, Кәрім Үкібаев та биліктен қиянат көрді. Осынша еңбек сіңіргенде «рахмет!» деген сөздің орнына «орныңызды босатыңыз!» деген сөзді естіді. Біз әділетсіздіктен ешкім өліп кетпейді деп ойлаймыз. Иә, ешкім бірден тіл тартпай кетпейді, бірақ жүрек пен жүйкеге түскен салмақ бәрібір өз дегенін істемей тұрмайды. Ол адамды баяу орын алатын өлімге әкеледі. Тірі болса ертең жетпіс беске толатын Кәрім Үкібаевтың да жүрегі мен жүйкесіне аз салмақ түспеді. Ақырында қайран ер инсульт дейтін дертпен жиырма жыл бойы алысты да бір-ақ күнде шын дүниесіне аттанып жүре берді.
Кәрім Үкібаевтың қызметінен мемлекет те, қоғам да, ұлт та зиян шеккен жоқ, қайта рухани тұрғыдан есепсіз пайда көрді десек, біздің бұл сөзімізді ешкім теріс дей алмас. Ал, елге, қоғамға, мемлекетке пайда келтірген адамдарға кеш те болса құрмет көрсетілуі тиіс. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде Кәрім Үкібаевтың атын ұрпақ есінде қалдыру үшін Түркістан облыстық әкімдігі мен Шымкент қалалық әкімдігі сергектік танытса дейміз. Түркістан және Шымкент қалаларындағы бір-бір көшеге оның есімі беріліп жатса, ол бүкіл саналы ғұмырын ұлт руханиятына арнаған азаматқа көрсетілген лайықты құрмет болар еді.
Ендігі сөз сіздерде, ел тізгінін ұстаған азаматтар! Біздікі тек «бүгін сіздер басқарып отырған өлкеде осындай да жақсы азаматтар өткен» дегенді еске салу.
Иә, Кәрім ағамыз тірі болғанда бүгін 75 жасқа толар еді...
Пікір қалдырыңыз