Айдың құпиясы және қазақ амалдары

Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қазақта Айға қатысты ырым-тыйым көп. Сондықтан ба, жастайымыздан әке-шешеміздің айтқандарына құлақ асып келдік. «Айға қарап қолыңды шошайтпа», «Терезе пердесін жауып қойыңдар, ай сәулесі түспесін», «Айға қарап дәрет сындырма», «Айға қарап телмірме» деген тәрізді тыйымдар жадымызда жатталып қалды. Бұрынғылар «Ай балаларды жақсы көреді. Сондықтан да ұрлап әкетеді» дегенді де айтатын. Олар Айдың балаларына қастандық жасамауы үшін ұл-қыздарының аттарын Айгүл, Айдана, Айнұр, Айтуған, Айшолпан, Толғанай, Айдын, Айжарық, Айбар, Айбалта, Айсұлтан деп те атады. Қазір бұларға Айару қосылды.
Адамдар Айдың табиғат пен адамдарға әсерін ертеден білген. Сол үшін де көріпкелдер, балгерлер, емшілер өздерінің ем-домдарын Айға байланысты айтатын болды. Ал, ақындар Айды жырларына қосты. «Ай жүзіңді көргенде тұра алмадым», «Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін, Кел десең неге аяйын, аттың терін», осылай жалғасып кете береді. Жазушылар да олардан қалысқан жоқ. Ғашықтардың айлы түнде сырласып жүрген сәттерін кез келген махаббат дастанынан табасыз. Айталық, Себастьян Бах айға қарап әуендер шығаратын болған. Ай Бахтың көзі мен құлағын алды, есесіне оған ғаламат шабыт берді, музыка берді. Бетховен «Лунная сонатасын» айға қарап отырып жазған. Соңынан саңырауға айналды. Ағылшын суретшісі Ли Хадвин жастайынан айға қарап ұйықтайды екен. Ол түнде тұрып, ұйқылы-ояу суреттер салатын болған. Сондықтан оны «ұйқылы суретші» деп атады. Бір ғажабы, оның салған суреттері басқа галактика көріністерінен тұрады. Дегенмен, ай сәулесі күшті «вампирлік» күшке ие екенін де ұмытпайық. Ол адамның барлық күш-қуатын сорып алатын көрінеді. Содан ба, басқа халықтарды білмедік, біздің қазақ «ұйықтағанда бетіңе ай сәулесі түспесін», «Ай жарығында көп жүрме» деп жатады. Ай сәулесі сау адамды жынды етіп, тіпті, өлтіріп жібереді дейді зерттеушілер. Ал, көнекөз қариялар балаларын ай толған кезде далада көп жүрме деп ескертіп отырады.
Ай расында да үлкен тылсым күшке ие. Ғалымдар оны Күн жүйесіндегі екінші тіршілік иесі пайда болған ғаламшар ретінде айтады. Осыдан біраз жыл бұрын НАСА-ның «Клементина» атты ғарышты зерттеуші зонды Ай бетінен көптеген суреттер әкеліп, жұртшылықты қайран қалдырды. Олардың әкелген суреттерінде Айда бұрын өркениет болғаны анық көрінетін еді. Тасқамалдар, қиранды қалалар, мұнаралар, пирамидалар соның айғағы. Ай бетіне тұңғыш қадам басқан АҚШ ғарышкері Нил Армстронг Айдан өзге өркениеттің ғарыш кемесін көргендігін айтып келген. Осы сөз қаншалықты шындық? НАСА-ның ғарыш кемесі сигара секілді сопақ белгісіз ұшатын нысанды суретке түсіріп алған. Сонымен қатар Ай бетіндегі кратерлердің түбінде қалған су, тоң мұз ғалымдарды қайран қалдырып отыр. Айды суық дене десек, оның бетінде лава көлі қайдан жүр? Бір таңырқатарлығы, Ай «көлдерінің» 80 пайызы Жерге көрінбейтін арғы бетінде жатыр. Сол «көлдердің» әсері ме, кім білсін, Ай бетінде жарқыл, көлеңке, бұлыңғыр бейне, кейде ғажайып шұғыла көрініп тұрады. Ықылым замандардан бізге жеткен аңыздарда 13 мың жыл бұрын болған топан судан кейін Ай пайда болған делінеді. Ал, одан бұрын Ай болмаған ба? Тағы бір болжам өткен замандарда аспаннан алып метеорит құлағанда Жердің бір бөлшегі бөлініп, аспанға қалқып шыққан деседі. Сонда Ай «Ай!» деп аһ ұрған көрінеді. Жердің сол ойықтарында бүгінде телегей теңіз шалқып жатыр. Жалпы, Жер бұрын сусыз болыпты. Аспаннан жауған мұз еріп, Жердегі тіршіліктің оянуына себеп болған көрінеді. Бір таңырқатарлығы, көне жылнамалар мен карталарда барлық ғаламшарлар бар да, Ай ғана жоқ. Сонда оның топан судан кейін пайда болғаны рас па?
Жалпы, Айдың Жерге әсері бұрыннан белгілі. Ол Жерге жақындағанда теңіздер тулап, дауыл тұрып, әлем астан-кестең болып жатады. Ай толғанда бірқатар адамдардың басының сақинасы ұстайтыны белгілі. Айдың адамға тағы бір әсері – сомнамбулизм, яғни, айкезбе ауруы. Мұның сырын медицина ғылымы әлі толық тапқан жоқ. Ай толған кезде адамдардың көбі өздерін нашар сезінеді, көңіл-күйлері бұзылады. Сәл нәрсеге тырысып қалады. Мұның сырын адам ағзасының 70-80 пайызы судан тұратындығынан деп шамалайтындар да бар.
Ғарышкерлер Айдан қоңырау үніне ұқсас дыбыстың үнемі шығып тұратынын айтып келген. Ол қайдан шығады? Тағы бір таңырқатарлығы, АҚШ ғарышкерлері Айдың бетіндегі магниттік белдікті зерттесін деп тастап кеткен аппараты бір жыл ғана жұмыс істеуі тиіс еді. Бірақ, ол белгіленген мерзімнен де ұзақ уақыт жұмыс істеуін тоқтатпаған. Сонда бұл аппаратқа токты кім беріп тұрды?
Аспанда қол созым жерде тұрған сияқты болып көрінетін Ай Жерден 384 мың шақырым қашықтықта. Оны ғалымдар Жерден жыл сайын 4 сантиметр алыстайды деседі. Ай өз осін айналғанда Жерге үнемі бір қырымен ғана көрінетіндігімен де ойландырады. Негізінен Ай бізге төрт қырымен белгілі. Ай туады, толады, желінеді және жоғалады. Ай туғанда және толғанда теңіздер тулап, адамдардың қышыма, бөртпе, бронхит, қан қысымы, басқа да аурулары қозады да, Ай желіне бастағанда басылады. Ай толғанда айкезбелік ауру (лунатик) да өрши түседі екен.
Дана қазақ осылардың барлығын бағзы заманнан білген. Айталық, «әулетіме тиіспейді» деп қыздарына айсырға таққан. Атын атаса балаларыма тиіспейді деп ырымдап, ат қойғанын жоғарыда айттық. Ай туғанда: «Ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа!» деп бата жасаған. Ай туғанда әжелеріміз, аналарымыз, қыз-келіншектер бастарына орамал тартып, Айға сәлем салған. Бұрынғылар ай толғанда қылышты – қынапқа, пышақты – қонышқа, балтаны – сапыға салып қояды екен. Өйткені, Ай қайралған нәрсенің барлығының жүзін жеп қояды деп түсінген. Бұл тәжірибеде расталған да.
Қысқасы, Айдың құпиясы көп. Солардың бірқатарын біздің бағзы бабаларымыздың білгені, кері әсерлеріне қарсы амалдар жасағаны қазақ халқының зейінді, білімді болғанын аңғартады емес пе?! Ту-у ғарыштан сыр тартып, оны кәдесіне пайдалана білген бабаларымызды осыдан кейін қалай әулие демессің?!