Қазіргі жастар қандай кітап оқиды?


Ойды дамытып, әлемді тану жолында кітап оқудың берері зор. Қазіргі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы туралы жиі айтылып жүр. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы, әлеуметтік желілердің әсері мен сан алуан электронды құрылғылардың қолжетімділігі кітап оқуға қалай әсер етіп жатқанын білу үшін жастар арасында сауалнама жүргізген едік.

       

1.     Сіз қандай жанрдағы кітап оқығанды ұнатасыз?

2.     Айына (немесе жылына) қанша кітап оқисыз?

3.     Ең соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

 

Осы сұрақтарға жастарымыз былай деп жауап берді.

Санжар, 20 жаста, студент:



– Мен  көбінесе мотивациялық, психологиялық жанрдағы кітаптарды оқығанды ұнатамын. Сонымен қатар, әдеби классикаға да қызығушылығым бар. Нақты айына немесе жылына қанша кітап оқитынымды айта алмаймын, бірақ қолым бос кезде оқуға тырысамын.

Соңғы оқыған кітабым қазақ жазушыларынан Т.Сәукетаевтың «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі. Жас жазушылардан Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романын шолып шықтым. Бұл роман Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы әлеуметтік проблемаларды көтерген романдардың бірі ретінде жақсы жарнамаланды. Өз миссиясын атқарды ма, жоқ па, айта алмаймын. Бірақ, жас жазушылардың да еңбектеніп жатқанына қуанамын. Психологиялық жанрдағы Дейл Карнегидің «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» атты кітабы да ұнады.

 

Асылзат, 20 жаста, студент:


Эксперимент жасап, мүмкіндікке қарай әртүрлі жанрдағы кітаптарды оқығанды ұнатамын. Бірақ, көбінесе таңдауым детектив  және психологиялық жанрдағы кітаптарға түседі. Жақсы кітап бірінші беттен-ақ оқырманын баурап алады. Баурай алмаған кітапты әрі қарай оқи алмаймын.

Бос уақытыма және көлеміне байланысты кітапты бір айда не одан да көп уақытта оқып бітіремін. Бір кітапты үш ай оқыған кезім де болған.

Соңғы оқыған кітабым танымал жазушы Агата Кристидің  «Жерлеу рәсімінен кейін» атты детективі. Қазақта детектив жазатын жазушы саусақпен санарлық қана. Кемел Тоқаевтың «Сарғабанда болған оқиғасын» оқығанмын. Әрине, ол өткен ғасырдың оқиғасы. Бізге бүгінгі қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға қатысты детективтер болса. Өйткені, детектив жанры жастарды қызықтыратын жанр.

 

Ұлжалғас, 18 жаста, студент:


– Басында детектив, психологиялық триллер жанрындағы  кітаптарға қатты қызығатынмын. Әсіресе, Майк Омер, Агата Кристи және Джон Маррс, Қайрат Жолдыбайұлы секілді авторлардың шығармалары айрықша тәнті етті. Кейіннен, басқа да жанрларды оқып көрейін деп, махаббат туралы кітаптар мен тарихи романдырды да оқып бастадым.

Кітапты жоспарлап, мына айда мынанша кітап оқимын деген сияқты алдыма міндет қоймаған екенмін. Әр кезде әр түрлі, бір айда төрт кітап оқып бітірген кездерім де болған. Екі ай болды бір кітапты әлі оқып жүрмін. Оқу маусымы болған соң сабақтан да қол тие бермейді, уақыт тапшы. Кітап оқу процесінде қаламгердің жазу стилі де, сөз саптауы, сюжетті жанды етіп беруіде үлкен рөл атқарады. Сол себепті де кей кітапты жеңіл оқып, тез бітіріп тастайсы. Ал, кейбір кітаптарды екі оқып, ойланып барып түйсініп, сосын ғана ары қалай жылжуға тура келеді. 

Ең соңғы оқылған кітабым Анна Джейннің романтикалық жанрдағы туындысы. Өкінішке орай, оның жалғасы әлі баспадан шыққан жоқ. Мен секілді талай оқырман жалғасын асыға күтіп жүр деп ойлаймын.

 

Аружан, 25 жаста, магистрант:



– Мен психологиялық кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Психологияға деген қызығушылығым 20 жасымнан басталды. Адамдардың типтерін, мінез-құлқын зерттеуді ұнатамын. Әсіресе адамның өз-өзін қоғамда ұстауы, қарым-қатынас жайлы ақпараттар өте қызық.

Айына бір кітап оқуға тырысамын. Үнемі білімімді толықтырып отырғым келеді. Көбірек кітап оқуға кейде үй тірлігінен босай алмай қаламын, кейде зауқым соқпай қалады.

Менің ең соңғы оқыған кітабым В.В.Боголовский, А.А.Степанов, А.Д.Виногродова сынды 3 автордың зерттеуімен психология негіздері жайлы жазылған «Жалпы психология» атты қызық кітап. Жеке тұлға, адамдардың пайда болу кезеңіндегі зерттелген психологиялық еңбектер, психологияның бағыттарының түрлері т.с.с. тақырыптар қамтылған. Психологияға қызығып, тереңінен үңіліп оқығысы келетін жандар үшін кітапты оқуға кеңес беремін.

 

Сауалнамаға қатысушылардың жауаптарынан байқалғандай, қазіргі  жастарды көбірек психологиялық жанрдағы кітаптар қызықтырады. Бұл дегеніміз жастар өзін танып, өз болмыстарын қалыптастыруға, өзін-өзі дамытуға көңіл бөлетіндерін білдіреді. Сондай-ақ, заманауи детектив те сұранысқа ие.

Ия, жастардың кітап оқуына бүгінгі технологиялық жаңалықтардың да әсері болуы мүмкін. Дегенмен, заман талабына сай, жастардың көзқарасымен үндесетін, қоғамның тамырын дөп басатын туындылар өз оқырманын табады деп сенеміз. Жақсы кітаптың жерде қалмайтынын осы жауаптардан да аңғарамыз. Жалпы, оқу мәдениетін қалыптастыру үшін кітаптарды түрлі форматта, түрлі жанрда жарнамалап отыру қажет. Сондай-ақ кітап оқуды қалыптастыруға бағытталған креативті шаралар өткізу керек сияқты.

 

Талшын ЖЫҢҒЫЛБАЙ,

М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың

 3-курс студенті
Пікір қалдырыңыз