Қазақтың тойы құр мақтан, баянсыз дүние ме?

Ерлан Қуандық,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қазақта «Той – Құдайдың қазынасы» деген қанатты сөз бар. Біреуге жақсы тілек айтса да «Жиған-тергенің тойға шашылсын» деп жатады. Ондағысы қуанышқа жет, той көр, шаңырағыңда жақсылық болсын деген ниеті болар. Бұрындары негізінен үйлену тойы ғана дүркіреп тойланатын. Біз соны көріп өстік. Сүндет той мен қыз ұзату тойларын бүгіндей екенің бірі жасай бермейтін. Кейін тойдың түрі көбейді. Түрленді. Өзгерді. Тіпті жарысқа, бәсекеге айнала бастағандай әсер қалдырады...
Әлемде «Той дегенде қу бас домалайды» дейтін қазақтай тойшыл халық жоқ шығар. Ізетке найза бойламас. Пейілі дархан даласындай кең қазақ қуанышын әлемге жар салып, жария етпесе тыныш ұйықтай алмайтыны несі осы? Қазақта қазір не көп, тойдың түрі көп. Бесік той, шілдехана, құрсақ шашу, сүндет той, тілашар, қыз ұзату, үйлену тойы, құдалық той, 1 жастан басталатын 30, 40, 50, 60, 70-ке келген түрлі мерейтойлар тағы бар. Түрлі дүрмек жиындармен астасып жататын дүр-думанның естісі де бар, есері де бар. Астамшылыққа ат мінгізіп, алыстағы ағайынын әуре етіп туған күн, қызметке тұрған күнін де атап өтетін дарақылықты халықтың қай мінезіне жоримыз?
Ілгеріде қазақтың тойы ұлттық тәрбиенің бесігіндей болған. Олай дейтініміз, кезінде әдет-ғұрып пен салт-сана, таңды таңға ұластырып жырлайтын ән мен күй, айтыс, барлығы да той үстінде өткен. Ал, қазіргі тойлар қай жағынан алсаң да, бұрынғыдай мағыналы емес. Мәнсіз, дарақы, даңғаза бола түскендей. Тойға мейлінше көп адам шақыру үрдісі соңғы отыз жылда қатты белең алды. Ертеректе тойханалар жоқ кезде көршінің ауласын қосып алып той өткізетін. Кейін зәулім тойханалар бой көтерді. Дегенмен, мұндай тойларды бір шетінен асаба игере алмай жатса, екінші жағынан еркін отырып өзара әңгімелескен көпшіліктің даусынан, тілек айтуға шыққандардың көсіле сөйлеуінен той жиналысқа ұқсап кететін.
Ең алдымен тойға шақырылатын қонақтың саны туралы айта кетсек. Осы орайда бізге, әсіресе қазақтың тойына шынымен шектеу қажет-ақ. Әдетте үлкен тойханада (бұрын үйдің ауласында) 500-700, тіпті бір мыңға дейін адамға лайықталып жасалған ұлан асыр тойдың мән-мағынасынан гөрі дабыра-даңғазасы басымырақ көрінеді. Мұндай адам саны көп тойда әрине, қуанышқа келген әрбір қонаққа жеке көңіл бөлу былай тұрсын, тіпті кімнің келіп-кеткенін білмей қалуыңыз да бек мүмкін. «Кімнің тойға келгенін видеодан көрдім» деген таңқалу 150-200 адамдық шағын тойға қатысты айтылмасы анық.
Айтпақшы, көрші Өзбекстанда бұл мәселе реттелген. Ол жақта тойға 200-ден артық адам шақыра алмайсыз. «Палау беру» рәсіміне шақырылатын адамдар саны да 250-ден аспауы тиіс. Егер қос жұп тойы болса, оған 250-ге дейін ғана адам қатыса алады. Жаңа ереже бойынша, ол жақта жаназамен байланысты рәсімдер үш күннен артық созылмауы керек екен. Тұрғындары да осыны мақұлдап, заңы да соны бекіткен.
Біздегі бүгінгі тойдың форматына қатысты пікір білдіріп жүргендердің дені той иелерінің мақтангершілікке бой алдыртып, асабалардың әйтеуір күлдіртуді ғана мақсат тұтар жеңілтектіктен бейбастыққа апаратын арзанқол ойындарынан шаршағанын айтады. Ел арасында жалпы тойға қатысты реніш көбейді. Бұған бір жағынан тойдың жиілігі, яғни көптігі, аптаның жеті күнінде де той өтетіні де өз әсерін тигізбей қоймайды. Себебі, жұмыс күні тойға барған адам ертеңіне қайтадан жұмысқа баруы керек. Екі күн қатарынан тойға барған адам үшінші күні сілесі қатып қалады. Бұл бір. Екінші жағынан тойда ертеңгі жұмысты әрі уақтылы тынығуды ойлап отырады. Содан тойға демалуға келген адамның кейпіне кіре алмайды, не тойды тастап кете алмайды, шыдау керек деп өзін-өзі қамшылап, ішінен ертерек қайтуды ойласа да, амалсыз отырады. Сондықтан тойға келер адам санын шектеумен қатар, оның аптаның қай күндері өткізілетіні де зерделенсе, артық болмайды.
Одан кейін тек бізде ғана (Шымкент қаласы мен Түркістан облысында) әсіресе жаз айларында темекі шегуді сылтауратып, жаппай сыртқа шығып кететін әдет бар. Тіпті кейде бір үстелде 12 адам түгел түрегеліп кетіп қалады. Бұл сырт көзге өте оғаш көрінеді. Мәдениетке де томпақ. Одан кейін бір ғана үстел емес, 5-6 стол, кейде қонақтардың жартысы темекі шегетін уақыттан аса, сағаттап сыртта жүреді. «Тойхана іші ысып кетті, кондиционер жоқ» деген сылтаудың бұл әрекетті қаншалықты ақтап алатынын білмедік. Өкінішке қарай, осы көрініске көзіміз әбден үйреніп те кетті. Сырттан қонақ келсе, дереу байқай қояды. Байқап қана қоймайды, оған ренжиді де. 2017 жылы бір әріптесіміздің тойына келген астаналық қонақтар сөз сөйлеген уақытта үстелде адам қалмағанына таңырқап, бұл көріністі тойды сыйламау деп бағалап, сыртта жүргендерге қапа болған. Ал, керісінше Астана, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында өзіміз қатысқан тойларда бір үстелден 2 адамнан артық сыртқа шықпайық, той иесі ренжіп қалмасын деген жауапкершілігін байқағанда шынайы қуанғанбыз.
Тойға жұрт күйбең тіршіліктен демалсам, емін-еркін отырып, тамақтанып, ән тыңдап, сергіп қайтсам деп келеді. Сөз сөйлеп, ізгі тілегімді жеткізсем дейтіндер де бар. Тойға тілек білдірушілер жайлы кейінірек жазамыз. Бірақ, қазіргі тойда демалудан гөрі жүйкеңізді жұқартар көріністер көп. Солардың бірі – даңғаза әуен. Оңтүстікте асабалар да, әншілер де дыбыс күшейткішті барынша көбейтіп, ең жоғары шегіне апарады. Микрофондағы жоғары дыбыстың даңғырына өзінің барынша дауыстап сөйлегені қосылады. Мұның бәрі миыңды тесіп жібере жаздайды.
Бірер жыл бұрын Орал қаласында үйлену тойында болдық. Микрофонның дыбыс деңгейі залдың шеткі столындағы қонақтың құлағына жететін дәрежеде ғана болды. Салтанатты шара біткенше шаршаған адам байқалмады. Осыны бізге де енгізу қажет деп ой түйдік. Шындығында тойға келген қонақ демалып, жарасымды әзіл сөз, жағымды әңгіме, есті әндер тыңдап, бір серпіліп қайтуы тиіс қой. Жоқ, бізде бәрі басқаша. Ән де, әуен де жанға жайлы, көңілге жағымды, құлаққа жеңіл естілгені дұрыс. Бұл да ырғақтың деңгейіне келіп тіреледі. Асабалар ойын өткізгенде көбіне билетіп жатады. Тамаққа тойып, кекіріп отырған адам үшін кез келген ойынның минуттық шектеуі болғаны дұрыс. Мейлінше қысқа болғаны жақсы. Тойға келген әр адамға құрметпен қараған абзал. Он биге дейін бірнеше жұпты қатар әрі тоқтатпай билетіп, арасынан шаршап шалдыққанын, сүрініп құлағанын келеке ету қалай қарасаң да ерсі. Бір сыйлық үшін қонақты су терге түсіріп, әбігерге салып, жүз билету әдепке сыймайды. Алматы, Астана және басқа да өңірлерде әр әннің арасында аз-кем үзіліс болады. Түркістан мен Шымкенттегі тойларда қатарынан 4-5 би жалғасып жатады. Жастарға білінбес, жасы егде тартқан адамдар үшін бұл құр шу, құр даңғаза. Кез келген ойын, кез келген қойылым тойға шақырылатын адамдардың категориясына орай ойнатылғаны жөн.
Қазақтың тойына өзгеріс керек деген мәселе жиі көтеріле бастады. Бірі тойға жаңа формат керек десе, бірі жаңаша серпін қажет дейді. Осындай пікірлердің бірқатарын алдық. «Әлеуметтік желіде дарақыланып күлдірем деп бүлдіріп жатқан той видеоларын көргенде ұяласың. Түйе, жылқы, машина кіргізіп, қойға шапан жауып, жартылай шешініп билеп, ұрпаққа өнеге беретін апа, әже, аталарымыз мәдениет, ар, ұяттан безіп, ақ жаулығын жалбыратып, ата сақалын секілдетіп, қисалаңдап билеп жүргендері қандай жиіркенішті» дейді осындай көрініске кейіген бір оқырман. Енді бірі «50-ден асқанда таққа отырып, оны төрт-бес жігітке көтертіп мәз боп келе жатқан ақымақ пен оған қол шапалақтап ыржалаңдаған есалаң тобырға қарап күйінесің. Сол тойда тәйт деп тоқтататын дана қария мен әже табылмағанына таң қаласың. Ал, елді күлдіреміз деп рухани азғындыққа жол беріп жатқан оңай олжа тапқыш білімсіз тамадалар тойды даңғазаға айналдырып, ақша үшін абырой, арды аяқасты етіп қазақ деген ұлттың қасиетті атына кір келтіріп жатқанын білмейді-ау! Біз қайда бара жатырмыз? Ойланатын уақыт жеткен жоқ па? Елге сөзі өтіп, тоқтау салатын аталар қайда?» деп ренішін айтқан. Енді бірі «Қырғыз елі той өткізуді мемлекеттік деңгейде қолға алды. Қаншама жанды қарызға батырып, орыстың салтымен екі жасты үлкендерден жоғары шығарып, төрге отырғызып, торт асатып, шырақ үрлетіп жатқан тойлардан береке тапқандар бар ма? Қазақ қашан жас келінді төрге отырғызып еді? Босағаға жақын отырғызып, баталарын беруші еді ғой» деп өзінің келіспеушілігін жеткізген.
Тойдың ұзақтығы туралы да түрлі ұсыныстар айтылып жүр. Белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев «Қазақтың тойы бес сағат болады. Оны қысқарту керек. Әрі кеткенде жарты сағат болсын, мүмкін қырық минут, жарайды, елу минут болсын. Одан аспасын» деген пікірді жиі айтып жүр. «Шаншар» әзіл-сықақ театрын құрушылардың бірі, елге танымал актер Жүсіп Ақшора «Бізге тойды тоқтату керек. Жартысынан көбін алып тастау керек. Сүндет той деген бұрын болмады. Бесік тойдың не керегі бар. Баяғыда «Тыштың ба, тыштың ба?» деп бес кемпір келіп, кәмпитін шашып кететін. Қазір 200-250 адам шақырасың. Алыстан ат арытып қонақ келеді, ағайындарды шақырасың, көпті әуреге саласың» деген пікірде. Ал, белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы үйленуге қатысты мынадай пікір білдірген: «Енді тағы ысырапшылдықты азайтсақ, иә? Өткенде, «Той жасадыңыздар ма, шашылдыңыздар ма, қанша кетті?» деп оқырмандардан сұрасам бола ма… Біразы қарызға белшесінен батқанын айтты. Иә, той деген береке, алыс-беріс, басқосу ғой. Дегенмен, 2-3 сағаттық қызықтың қарызын жылдар бойы өтейміз де жатамыз. Мысалы, тәтті шай, сырға салу, құдалық дегендерді бір тойға біріктірсек, оның өзі біраз үнемдеу. Сосын тойдың бәрі түсте болса қайтеді деп қоям. Асқазанды ойлап жатқаным ғой. Ұйқы да, ағза да тыныш» деп жазды журналист.
Той бизнесін де мемлекет қолға алу керек деп жүргендер жетерлік. Солардың арасында нақты ұсыныс айтқандар бар. Мәселен, «Көше толған кафе, ресторандардан ел экономикасына қандай пайда түсіп жатыр? Есептеп көрген жан бар ма? Той болсын. Бірақ, мәдениетті, шектеулі, ұлттық нақыштағы орташа, шағын тойлар жасап үйрену керек. Мұны түзетудің бірнеше жолын ұсынамын» дей келе өз ұсынысын айтқан.
«Барлық тойханаларға салық салу керек. Тамадалар лицензия алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлесін. Той уақытын 3 сағатқа қысқартып, үйлену тойы, қыз ұзатудан басқасына шектеу болса. Барлық той тек фуршетный столда өтсе. Қонақ саны 100-ден аспаса, артығына тойхана иесіне айыппұл салынса. Би мен ұлттық сайыстарды өткізуге ғана рұқсат беру керек. Тойда 60-тан асқан ақсақалдар мен әжелер ғана құттықтап, қалғандары «Той тілегі» кітабына тілектерін жазып кетсін. Жұмыс күндері той тойлатуға тыйым салынсын. Мемлекет тойхана салуға 5 жылға мораторий жариялауы керек. Жалпы, кез келген той жеке адамның жақын туыстарымен бөлісетін жеке қуанышы. Демек, туған күн сынды даталы жеке тойлар, тұсаукесер, тілашар, құдалық, т.б тек қуаныш иесінің өз үйінде тойланса. Ендеше шақырылатын қонақ саны азайған сайын шығын көлемі де азаяды. Бұл әулеттің экономикасына да зиянын тигізбес еді. Қаптаған тойхана сала бермей, кәсіпкерлер өндіріс орындарын ашсын. Той жасау үлкен қаражатты қажет етеді. Алайда, ол жағы бізді еш алаңдатпайды. Иә, шүкір, қазір бәрі бар, бәрі жеткілікті. Тіпті, қаржы жоқ болса да, несиеге ақша алып той жасай беретін халықпыз. Сөйтіп, ысырапшылдыққа жол бергенімізді өзіміз байқамай қаламыз. «Судың да сұрауы бар» демекші, қай нәрсенің де түбінде сұрауы болатынын естен шығарып жатырмыз» деп ойын қорытқан.
ТҮЙІН. Қалай десек те, қазақтың тойына тың серпін қажеттігі әлдеқашан белгілі болды. Соңғы айтылған ұсыныстың да жаны бар. Тойға ортақ бір тәртіп керек. Жан-жақты екшелген, мақұлданған тәртіпке келу қажет. Бұл тойға шақырылатын адамдар санына да, тойдың ұзақтығына да, өткізілетін күндеріне де, бос сөзді, сайқымазақ асабаға да, дарақы ойын-сауыққа да, демалыстың берекесін қашырып азан-қазан, у-шу қылатын музыкаға да, обал-сауапқа да, ысырапқа да қатысты. Бұған тағы сөз сөйлеу мәдениетін қосыңыз. Бізде көп адамның тойдағы тілекке дайындалмайтынын екінің бірі біледі. Ол адамның ішкі мәдениетінің деңгейін байқатады. «Абай атамыз айтқандай, неғыса, неғылып жүре беріңіздер» деп тойда тілек айтқан үлкен ағамыздың күлкіге ұшыраған бейнежазбасы әлеужеліні шулатты. Ондай мысалдар көп-ақ. Тілектен өзге де күлкіге қап жүрген жеріміз аз емес. Ал, сіз қалай ойлайсыз?!.
Ибрагим Орынбеков
Мәселені жан-жақты талдап, сараптап жазылған мақала!