Туған жерге кіндігінен байланған

Қақаған қыстың аязды күндерінің бірінде Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылындағы елге сыйлы, ауызы дуалы Мәмбет ақсақалдың отбасында шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. Әке қуанышында шек жоқ, қызыл шақалақ нәрестені құшағына қыса түсіп, «сенің атың енді Мұхтаралы болады» деп азан шақырып, ат қояды. Өкінішке қарай, балпанақтай сүйкімді сәбидің қылығы шығып, айналасын, ата-анасын шуаққа шомылдыра бастаған шақта аяулы анасы Құндызай Жолымбекқызы келесі перзентін босану үстінде қайтыс болып кетеді. Осылайша, үш жасар Мұхтаралы анасыз жетім қалып, басына тағдыр салған қатал сындардан сабақ алып, шынболаттай ширығып өседі. Қайта оралмас балалық шағы аяулы анасына деген сарғайған сағынышпен өткен ол ауылындағы бастауыш мектептен сауатын ашқан соң аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепте білімін ары қарай жалғастырады. 1977 жылы аталмыш мектепті бітірген балаң жігіт арман жетегінде Алматыға аттанып, құжаттарын ауыл шаруашылығы институтына тапсырады. Содан Алматыда бұрыннан тұратын, институтты қызыл дипломмен бітіріп, аспирантураны тәмамдаған, ғылым кандидаты деген дардай атағы бар өзіне жақын туысқан болып келетін бір ағасының үйін көруге аңсары ауады да тұрады. Көп кешікпей оның да сәті түседі. Сөйтсе, Алматыны тіреп тұр деген ағасы қаланың сыртындағы кішкентай ғана қоржын тамда тұрады екен. Оның үстіне тұрмыстары да тым жұпыны, көзге қораш көрінеді Мұхтаралыға. Осы жағдайды көзімен көріп, жүрегімен сезінген Күмісбастаудың перзенті бүйткен Алматысы бар болсын, есім барда елімді табайын, қой бақсам да ауылда өлмеймін ғой деген оймен құжаттарын институттан кері қайтарып алып, елге тартып кетеді...
Ауылға келе салысымен керітартпа, сыңаржақ, жатыпішер кейбір жалқау жандар сияқты керіліп-созылып жүріп алмай ел-жұртпен бірге колхоздың  өмірі бітпейтін қайнап жататын жұмысына белден араласып кетеді. Бала кезінен ат жалына жармасып өскен оған колхоз басшылары үлкен сенім білдіріп, алдына ұжымшардың бар жылқысын салып береді. Қандай жұмыс болса да тартынбайтын Мұхтаралыға жылқышы болу зор мәртебе еді. Арада өткен бес-алты жылда жас жігіт ұжымшардың маңдайалды аға жылқышысы атанады. Осы салаға он бес жылын арнаған ол Кеңес Одағы тараған соң, 1996 жылы өндірістік кооперативтің бригадирі болып бекітіледі. Жұмыстан қол үзбей жүріп өзінің жеке шаруашылығын дамытуды да іскер азамат ұмыта қоймайды...  Атап айтқанда, қорасындағы мал санын көбейтіп, оған қоса бұл өңірге қолға өсіру қолайсыздау деп табылатын он шақты түйе ұстап, өз тіршілігін жасай берді. Ол өндірген қымыран мен шұбат бала-шағасының нәпақасынан бөлек, аудан тұрғындарының да ырыс-несібелерін арттырып жатты...
 «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, осылайша  адал еңбегінің арқасында табысы тасқындаған, ісі алға басқан Мұхтаралы туған жерінің көркеюі үшін де қолынан келгенін аянып қалмады. Ұлы Отан соғысына Күмісбастау ауылынан аттанып, оралмаған ардагерлердің өшпес ерліктерін кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі  қалдыру мақсатында ауылына өз қаражаты есебінен 1996 жылы мәрмәр тастан қаланған, батырлардың аты-жөндері жазылған ескерткіш-тақта орнатып берді. Ауыл жастарына спортпен мықтап айналысу үшін футбол, волейбол алаңдарын салып, ауылға кіреберіс жерге «Күмісбастау ауылына – қош келдіңіздер!» деген көрнекі жазуы бар қақпа тұрғызуды қолға алды. 2018 жылы Бәйдібек ауданында өткен облыстық «Қымызмұрындық» фестивалінде Түлкібас ауданының абыройын асқақтатып, гран-приді жеңіп алып, сыйлыққа құлынды бие алғаны да жерлестерінің әлі есінде. 
Кіндік қаны тамған Күмісбастау елді мекенінде қоныс тепкен  мешіттің  жанынан медресе ашқаны да,  көпшілік үшін құдайы тамақ беретін арнайы  жай салғаны да Мұхтаралының ел қамын ойлайтын абзал азамат екенін аңғартып тұрғандай. Ол жерлестерімен бір мәжілісте отырып, ортаға «осы түйе өсірсек қалай болады?» деген сауал тастайды. Сонда сол жерде отырған үлкен-кішілер таңданып, «Не айтып отырсың, есің дұрыс па? Түлкібасты түйе жерсінуші ме еді, оның үстіне біздің өңірде түйе жейтін жантақ та өспейді ғой. Бекерге аштан өліп қалмай ма?» деп шулап қоя береді. Бірақ, айтқанынан қайтпайтын Мұхтаралы көп ұзамай әлгі сөзін іс жүзінде дәлелдеу үшін, ердің екі сөйлемейтінін көпшіліктің алдында  таныту үшін намысқа тырысып, Шәуілдірден екі інгенді бурасымен қосып сатып  алып келіп, аз ғана уақытта олардың санын 20-ға жеткізді. Ол түйелердің шұбат-қымыранымен бүкіл аудан тұрғындарын, сауда орындарын қамтамасыз етіп, өзін нағыз істің адамы екенін дүйім жұртқа танытты.
Мұхтаралы Ыбырайымов өнегелі отбасының алып бәйтерегі іспеттес. Құдай қосқан қосағы Алтыншаш Әбубәкірқызы екеуі Алланың берген алтын асықтай бес перзентін жан-жақты етіп өсірді, оларға саналы тәрбие берді. Олар да ата-аналарының үміттерін ақтап, сабақтарын жақсы оқыды. Қалаған мамандықтарына қол жеткізіп, жоғары білімдерін алып шықты. Қазіргі таңда  ұрпақтары кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Олардан тараған қылықтары балдай тәтті  немерелері де бүгінде үлгілі тәрбиелерімен ұстаздарының алғысына ие болып отыр.
Бар саналы ғұмырын тек ауыл шаруашылығы саласына арнаған еңбек ардагерінің ұзақ жылғы жемісті еңбегі ескерусіз қалған жоқ.  ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен және облыс, аудан әкімдерінің, мәслихат төрағаларының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, Мақтау қағаздарымен марапатталған. Түлкібас ауданының құрметті азаматы атанып, ауданның төбе биі, қоғамдық кеңестің төрағасы болып біраз жылдар қызмет атқарды. Бүгінде еңбек ардагері зейнеткерлік демалыста жүрсе де ел ағасы, аға буын өкілі ретінде аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстардан, үлкенді-кішілі  жиындардан шет қалмай ауыл жастарын имандылыққа, адал еңбекке баулуға, ұлттық ат спортына шыңдауға үлесін қосып жүр. Өмір көрген жанның осынау белсенділігі бәрімізді  қуантады, әрине.

Орынтай КӨМЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Түлкібас ауданы. 
Пікір қалдырыңыз