Биіктерді білімімен бағындырған Назерке

Сымбат МАРАТ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қазіргі таңда білімімен мыңды жығып, талантымен көпшілікті тәнті етіп, өзінің замандастарына, құрбы-құрдастарына үлгі болып журген жастардың қатары қалың.
Солардың бірі де бірегейі Назерке Інкаш. Ол 2005 жылы 19 наурызда Ордабасы ауданы, Мақташы елді мекенінде дүниеге келген. 2010-2022 жылдары З.Исабеков атындағы жалпы орта мектебінде білім алды. Назерке мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ біршама жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтар болсақ, «Үздік оқушы–2019» байқауының жеңімпазы атанып, эссесі арнайы жинаққа енді. Абай оқулары мен өзге де түрлі көркемсөз байқауларына қатысып, аудандық, облыстық, республикалық дәрежедегі бірнеше жүлделі орындарға ие болды. Білімге құштар жас талап 2021 жылы химия пәнінен өткен республикалық олимпиадада 1-орынды жеңіп алды. Сол жылы «Жас дарын», 2021 жылы «Жас ақын» төсбелгісін кеудесіне тақты.
2022 жылы Назерке мектепті алтын белгімен тәмамдады. Дәл сол жылы ару қала Алматыға оқуға түсіп, грант иегері атанды. Бүгінде Назерке Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде оқиды. 2022 жылдан «Абылай хан» дебат клубының мүшесі, «Лига волонтеров» клубының еріктісі болды. Назерке онда да өзінің белсенділігімен, ынталылығымен, ізденісімен көзге түсті. Алғыр да зерек Назерке осы жылы президенттік шәкіртақыға ие болды. Жан-жақтылықты жаны сүйетін бойжеткен поэзияны жақсы көреді. 2023 жылы «Мұрагерлер» атты поэзия клубын ашып, жырсүйер, студенттердің басын қосты. 2024 жылы сәуір айында оқу орнында Б.Есеналиев, Е.Тұрғанбек, Т.Жаманқұлов сынды өнер майталмандарымен кездесу ұйымдастыруға ұйытқы болды.
Назерке Інкаш көшбасшылық қабілетке де ие. 2023 жылы университеттегі шет тілдер педагогикалық факультетінің лидері атанды. Сонымен қатар, Назерке ғылыми жоба жазумен де айналысады. Ғылыми жобалары Финляндиядағы, Франциядағы басылымдарда жарық көрді. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түркияның Чанаккале қаласында білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасуда.