Қайырымдылық жүрек қалауымен жасалады

Ауыл – руханиятымыздың, ұлттық құндылықтарымыздың түпқазығы.  Табиғаты тамылжыған таулы өңір Түлкібас ауданының Тұрар Рысқұлов ауылында Нұржан Байменов есімді зейнеткер тұрады. Жастайынан кәсіпкерлікпен айналысқан ол жерлестеріне қайырымдылық қолын созып, қалың жұртшылықтың алғысына бөленген жан. Нұрекең бір кездері аудан орталығындағы жүн, темір-терсек қабылдайтын жерде жұмыс істеп жүргенде-ақ ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қорғалған  60 отбасыға өз қаражаты есебінен табиғи газ кіргізіп бергенін ауылдастары әлі ұмытқан жоқ. Нұржан Әбдінұрұлы қырат беткейден ойпаңға түсетін, ұзындығы 70  метрдей болатын жерге жол салып, оған баспалдақ төсеп көпшіліктің алғысын алды. «Кеңес кезінде жол әбден тозып, жаяу жүргіншілерге едәуір қиындық туғызушы еді. Талай адам құлап, майып та болған. Әсіресе, қыс мезгілінде, жауынды-шашынды күндері  тіпті қиын еді. Бұл мәселе ауылдықтарды қатты алаңдатты. Содан нартәуекел деп бұл істі мойныма алып, қолдағы бар қаражатыма баспалдаққа қажетті құрылыс заттарын сатып алдым. Төрт құрылысшы жігіттің еңбекақысын төлеп, жұмысты бастап кеп жібердік. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дегендей, қызу басталған жұмыс екі аптада толығымен бітті. Аудан тұрғындары мен қонақтары енді осы баспалдақ төселген жаңа жолмен емін-еркін түсіп-шығуда. Мен әрине, мұны өз атымды шығару үшін істеген жоқпын. Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бар. Сол сөз бекер емес. Ауылының көркеюі мен абаттануына әрбір азамат үлес қосуы керек. Ал, сол ауылдағы көмекке шын мұқтаждардың тілегін орындау үлкен қайырымдылықтың бастауы. Қайырымдылық жүрек қалауымен жасалады? Ел азаматтарының ынтымақ-бірлігі бекем, тірліктері тындырымды болса, мемлекетіміз де мығым болады» дейді кәсіпкер. 
Жақында Нұржан Әбдінұрұлы тағы бір игілікті істі бастап жіберді. Сол көпірге дейінгі жол жауынды-шашынды күндері ми-батпаққа айналып, жаяу жүргіншілерге қиындық туғызатын. Топырақ жолдардың сапасыздығы туралы жергілікті әкімшілік те хабардар. «Бұл жолдың проблемасын ауылдағы ағайын жақсы біледі. Мектепте он жыл бірге оқыған сыныптас досым Нұржан іске кірісіп, көлік жалдап, ұзындығы 300 метрге жуық  айналма жолдың маңайын түгел тазалады. Өз қаражатымен шағал тас төседі. Одан әрі құрылыс талаптарына сай бетон жол салып, қыс уақытында тұрғындар қиналмасын деп жерлестеріне бар жағдайды жасады. Бүгінде Нұржан салған  сол жолмен аудан тұрғындарының үлкені  де, кішісі де емін-еркін қатынап, қайырымды жанға ризашылықтарын білдіруде. Иә, қарапайым халықтан ақша емес, алғыс алып жүрген досымның әрбір жасаған жақсылығы біздің де кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады» дейді білікті дәрігер-хирург, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Қуаныш Нұрлыбаев.
Түлкібас ауданы тау бөктеріне орналасқандықтан қыс мезгілінде қардың  қалың түсетіні, үлкен күре жолдардың жабылып қалатыны белгілі. Сондай  бұрқасын боранда баспалдақ жолдың жұрттың жүруіне қолайлы болуы үшін жолды тазалау Нұржан үшін жазылмаған заң іспеттес. Зейнеткерлікке шыққалы жол тазалау, баспалдақтардың мұзын еріту, қар күреу, тазалық сақтау сынды жұмыстар бұл кісінің міндетіндей болып кеткен. «Күн жылынып, көктем басталса, баспалдақ жолдың екі жағындағы  қырат беткейлеріне сәндік ағаштар, шырша көшеттерін көптеп отырғызу ойымда бар» дейді кәсіпкер. 
Әдетте, сауапты іс жарнамалау үшін жасалмайды. «Оң қолың бергенін, сол қолың білмесін» деген тәмсілді ұстанатын халықтың ұрпағымыз. Нұржан Байменов те жасаған сауапты істерін жариялағанды ұнатпайтын жан. Алайда, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Нұрекеңнің адамгершілік қасиеті мен іскерлігін ауыл ғана емес, аудан халқы да жақсы біледі. Зейнеткерлікті демалыс санап, уақытын босқа өткізіп жүрген кейбір замандастарымыз осындай азаматтардан үлгі алса екен дейсің. 

Орынтай  КӨМЕКОВ. 
Түлкібас ауданы.
Пікір қалдырыңыз