Тұрбаттықтар ерте тұрып, кеш жатады

Ажар Бермұханова,
«Оңтүстік Қазақстан».

Тұрбат ауылдық округінде экономиканың барлық саласында оң өзгерістер бар. 
Бұл ауыл Өзбекстанмен шекаралас. Шекараның жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Ауылдағы ХІІ-ХІІІ ғасырларда салынды делінетін «Ысмайыл ата» кесенесі – елімізге танымал рухани орындардың бірі. Кесенеге 2002-2003 жылдары реставрация жүргізілді. Бүгінде демеушілер мен ауыл тұрғындарының қолдауымен намазхана мен кесененің кіреберіс жолдары жөнделген. Мешіт аумағынан жас өскіндердің Құран жаттауы үшін үш қабатты ғимарат бой тіктеген. Кесенеге зиярат етушілер қатары көп.

Жалпы, тұрбаттықтар қарапайым еңбек адамдарымен мақтана алады. 
Сондай еңбекқор жандардың бірі әрі бірегейі – астық өндірісінің майталманы, механизатор, Социалистік Еңбек Ері Төле Ағабеков. Ол бүгінде ауылдық ардагерлер кеңесін басқарады.  
Округтегі Тұрбат, Өндіріс, Қызылдихан, Еңбек елді мекендерінде жалпы саны 
11 мыңның үстінде халық тұрады. Олар егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. 
Тұрбаттықтар бүгінде табиғи газбен толық қамтылған. Қызылдихан елді мекеніне су құбырларын тартуға 693 млн. 798 479 теңге жұмсалыпты. Оны мердігер мекеме – «Мелиоратор» ЖШС атқарған. Екі су қоймасы орнатылып, екі құдық қазылған. 39,7 шақырымға ауыз су құбыры тартылып, 430 абонентке су берілді. Өндіріс елді мекенінде электр жүйелерінің құрылысын «Қаз-Строй-Эверест» ЖШС жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда бағаналар орнатылып, электр желілері тартылуда. Үш трансформатор қойылған.
Ауылдың ішкі көшелері орта жөндеуден өтуде. Қызылдихан елді мекенінде 15,231 шақырымға, ал, Тұрбат ауылында 11,754 шақырымға асфальт төселініп жатыр.     
Биыл Тұрбат ауылдық округі диқандары барлық дақыл түрінен жоғары өнім алды. Атап айтқанда, жалпы егіс көлемі 5,558 мың гектарды құрайды. Соның ішінде күздік бидай – 1372,8, жаздық бидай – 123,7 гектар. Биыл 227,0 мың тонна минералды тыңайтқыш алынып, ауыл шаруашылығы тракторлар паркі 8 жаңа трактормен қамтылды. 
Ауылдық округтің әкімі Әбдіғали Ертаевтың айтуынша, мұнда бүгінде 4 ЖШС, 12 ӨК, 28 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Олардың қарамағында 8 мың қара мал, 4 мыңнан аса жылқы, 22 мыңнан астам қой-ешкі,  12 мың құс бар. 
«Еңбек-Агросервис» ЖШС, «Тұлпар» СПК АШӨК, жеке кәсіпкер Сайдахмат Юлдашов асыл тұқымды мал өсіреді. 
Округте 81 шағын және орта кәсіпкерлік субъект жұмыс істейді.  Негізгі капиталға 8576,4 млн. теңге инвестиция бағытталған. Мәселен,  Өндіріс және Тұрбат елді мекендерінен 200 орынды «Таң-Б» және «Тоғжан-Ана» жекеменшік балабақшалары ашылған. Екі балабақшада 45 адам жұмыс істейді. Сонымен бірге Тұрбат ауылында «Еркежан» балалар орталығы ашылды. Мұнда спорттың  шахмат, үстел теннисі және тағы басқа түрлерінен үйірмелер жұмыс істейді. 
Бүгінде Тұрбат жылыжайлар орталығы саналады. Қазір округте 54,8 гектар жылыжай бар. Соның 25 гектары шаруа қожалықтарына тиесілі. Үйіргелік жылыжайлар тағы бар. Өз кәсібін дөңгелетіп, өзгеге де шарапатын тигізіп отырған «Сайдусман», «Сайдурасул», «Ергеш», «Батиржон» сынды шаруа қожалықтары мен «Гүлмансур» ЖШС-нің жылыжайлары 12 гектардан астам жерге орналасқан. Оларда қиярдың әр гектарынан орта есеппен 350 тонна, қызанақтың әр гектарынан  525 тонна өнім алынады. Жылыжайларда жылына 180-190 тонна көмір жағылады екен. Сол секілді питомниктердің әр гектарында 50 мың дана гүл өсіріледі. 
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында әлеуметтік жұмыс орындарына 41 адам орналасып, жоспар  216 пайызға орындалыпты. Жастар практикасына – 36, қоғамдық жұмысқа – 42, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 20, «Күміс жас» жобасы бойынша 11 адам еңбекке тартылған. 
Жеңілдетілген несиемен төрт адам грант алып, мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайыз несие алуға 70 адам ниет білдіріпті. 
Иә, ерте тұрып, кеш жататын тұрбаттықтардың табысы бұдан да қомақты боларына көңіл сенеді.
                           
 Қазығұрт ауданы.
    Суретте: Тұрбат ауылдық оуругінің әкімі Әбдіғали Ертаев.

Пікір қалдырыңыз