Қарбыз да пісті, картоп та қапқа түсті

Гүлдана АЙХОДЖАЕВА,
«Оңтүстік Қазақстан».
Келес ауданының Бозай ауылдық округіне қарасты Тартоғай елді мекенінде биыл да қарбыз ерте пісті. Тәжірибелі диқан Жүсіпбек Әшірбеков өз иелігіндегі 25 гектар суармалы алқапқа еккен қарбызын заманауи технология мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде жылдағыдан бір аптадай бұрын жинауға кірісті.
Тамшылатып суару тәсілін қолдану арқылы шаруа су үнемдеп қана қоймай, өнімнің сапасын жақсартып, көлемін де арттырды. Әр қарбыздың орташа салмағы 10 келіні құрап отыр. Қазіргі таңда Ж.Әшірбеков еккен қарбыздардың келісі жергілікті нарықта 200 теңгеден саудалануда.
Шаруа қожалығы маусымдық жұмыстарға күніне 40-қа жуық ауыл азаматтарын тартып отыр. Бұл ауыл тұрғындары үшін де табыс табуға мол мүмкіндік.
Биыл егістік алқапты шегірткеден қорғауда жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілген қолдау айтарлықтай болды. Уақтылы жүргізілген залалсыздандыру жұмыстары мен жүйелі бақылау шараларының арқасында алқап зиянкестерден зардап шекпей, мол өнім алуға қол жетті.
– Шегірткеден келер қауіптің алдын алудағы бірлескен әрекет пен қолдаудың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Бұл – тек менің ғана емес, бүкіл Тартоғай диқандарының қуанышы, – дейді Жүсіпбек Әшірбеков.
Биыл сарыағаштық диқандар 2,1 мың гектар алқапқа картоптың ерте пісетін сортын егіп, қазіргі уақытта өнімін жинауға кірісіп кетті.
Биыл ауданда жалпы 75,7 мың га алқапқа егін егілді. Оның ішінде 51,1 мың гектары – бұршақты және майлы дақылдар (бидай – 40,5 мың га, жүгері – 1,5 мың га, арпа – 7,9 мың га, күнбағыс –224 га, мақсары – 910 га), 479 гектары – бақша, 2,1 мың гектары – картоп, 10,6 мың гектары көкөніс болса, 11,5 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілді.
Қазіргі таңда Қабланбек, Құркелес, Жартытөбе және Тегісшіл ауылдық округтерінде ерте пісетін картопты жинап алу науқаны қызу қарқынмен жүруде.