Менің жаным үнсіз жатқан тіршілік....

Еркебұлан Талғатұлы КЕНЕХАН 1991 жылы  Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің түлегі, М.Әуезов атындағы филология факультетінің магистрі. Облыстық «О.Бөкей оқулары» көркемсөз оқу байқауының бас жүлдегері, «Жалын» журналы тағайындайтын Төлеген Айбергенов атындағы әдеби жастар сыйлығының лауреаты, Зейін Шашкин атындағы сыйлықтың иегері, V республикалық «Жүз өлең» байқауының жеңімпазы, «Қазақстан авторлары» қоғамының мүшесі.
Мақпал Жүнісова, Асқар Жүнісбеков, Қайрат Нұртас, Ернар Айдардың орындауындағы бірқатар ән мәтіндерінің авторы. 

 Беу, ҚАЗАҚТЫҢ АУЫЛЫ

Даласындай пейілі де кең мекен, 
Дархандық та,  мейірім де сенде 
                                                 екен. 
Саған барып, жараланған жанымды, 
Жусаныңның иісіне емдетем. 

Қазағым деп қилы-қилы жол кешкен,
Дүлдүлдер де, қырандар да сенде 
                                                 өскен. 
Қарапайым, беу қазақтың ауылы, 
Қасиетіңе қандай мекен теңдескен?! 

Нәр сезініп топырағыңнан фәниде, 
Нар көңілім айналады сәбиге. 
Жер ғаламның мейірімді нүктесі, 
Бел баламын мен сендегі әр үйге. 

Беу туған ел, сен осындай тектісің,
Тең таратқан ошағынан от күшін. 
Таңнан тұрып еңбек еткен ағайын, 
Бір қазаннан асын ішкен кешкісін...

Әр баласын асырған баптап қырдан, 
Аппақ жаны жаралған аппақ нұрдан, 
Беу, қазақтың ауылы, сен аман бол, 
Қазақтың қазақтығын сақтап тұрған!

СЕНІМ

Аңсаған арман – самсаған жолдар, 
Ұсынар жанға сан мұңын. 
Сенімі қандай болса адамдар, 
Кешеді солай тағдырын. 

Жаныңды өмір күліп сыздатар, 
Жүрмейді оған жарлығың. 
Секілді маған үмітсіз сапар, 
Сенімсіз өткен әр күнің. 

Сенімсіз жанға жолама деген, 
Әкенің сөзін еске алдым. 
Ақылға соны санағанменен, 
Кеш байқап бәрін,  кеш қалдым. 

Биікке шығу қашан да қиын, 
Құлап кетуің бір-ақ сәт. 
Сенімді қолдан жасау да қиын, 
Жасаған жандар жүр  ақсап. 

Сенімсіз жанға сырыңды ашқаның, 
Өсекпен барып бітеді. 
Сенімсіз жанмен ғұмыр достығың, 
Есеппен барып бітеді. 

Сенімсіз жанның өмір-дерегін, 
Құрметтемейді бұл уақыт. 
Сенімге ие болу болу дегенің
Кез келген жетпес бір бақыт.

* * *
Менің жаным шөлдала:
Қанша үңіліп таба алмадым жол 
                                                дара...
Тап болуым ғажап емес сондықтан,
Бақытқа да, сорға да... 

Менің жаным үнсіз жатқан тіршілік,
Ұғынғанға тұрар мәңгі күн шығып.
Көшелерде менің жаным деп ойла,
Көктеп өсіп келе жатса бір шыбық.

Көңіліңде шын ән салса бұлбұл бақ,
Менің жаным сонда қолын тұр 
                                                бұлғап.
Жанарына шаттық құйғым келеді,
Әлдекімнің ойындағы мұңды ұрлап!

Менің жаным, досым, міне осындай,
Қара, бірақ, таңырқамай, тосылмай,
Менің жаным қасын керген қара 
                                                      бұлт,
Көк аспаны қалар кейде ашылмай.

Менің жаным бірде дауыл, 
                                         бұл шыным!
Біле алмадым қашан оның 
                                             тыншуын.
Келемін мен сан ойменен, әзірге,
Өз жанымның таба алмастан 
                                        тылсымын... 


КҮЗГІ САҒЫНЫШ

Жүрегімнің есігін қағып,
Қарап едің несіне ұрланып?
Біз кездескен күзгі қаланың,
Тұрушы еді кеші нұрланып... 

Естілгенде құстардың әні,
Қызығымның қысқарды бәрі.
Күзге тастап мені кетсең де,
Саған еркем құштармын әлі.

Күзгі бақтай сарғаяды,
Жүрек аңсап сол баяғы,
Махаббатты сен жайында.
Арманың бар басқа қандай,
Бақыт табу басқалардай,
Айтшы, бізге сонша қиын ба?

Сезімімнің сырлы сандығын,
Сен ашып ең тұңғыш, алтыным.
Кеудеңдегі сол бір от қайда?
Елемейтін түннің салқынын.

Басталса да тағдыр жаңадан,
Тек өзіңді жанмын қалаған.
Таусылмайтын сағыныш екен
Естелігің қалдырған маған.

МЕН ЖОҒАЛТҚАН ТҮНДЕР

Кім біледі кім көрді,
Мен жоғалтқан күндерді?
Неге ұмытып қалдым мен,
Қайғы-мұңсыз күлгенді?
Алаулаған таңдарды, 
Манаураған түндерді,
Түн ішінде есіме
Түсірмей ме бір белгі?

Сенсіз өткен әр күннен, 
Сенсіз терген әр гүлден
Елесіңді іздеймін, 
Көздерінен таң күлген!
Жан-дүнием қосылып, 
Сенсіз жауған жаңбырмен,
Уақытымнан кешігіп, 
Өкініште қалдым мен... 

Еріп кеткен ақ қардай,
Желіп те өткен тоқталмай,
Жас дәуренім бір жерде, 
Жасырынып жатқандай.
Сырғып өткен жылдардың, 
Сырын кімнен тыңдармын?
Өтер ме екем бір жанның,
Жүрегінде сақталмай... 

Ешкімді сағынбаймын,
ешкімді іздемеймін!
Білмеймін сезімнен бе, ақылдан ба?
Неліктен кездеспедім,
Өзіме жүрегімдей жақын жанға?... 


ӨКПЕЛЕЙ БЕРШІ

Арман-құсыңның көкке ұшыр бәрін,
Қосыла алмаймын әніне.
Өзегі дертті өкпешіл жаның,
Өкпелеп жүр ме әлі де?

Жолыңа сенің көп алаңдаймын,
Жолығар ма деп жорамалдаймын,
Өткенге, бірақ, орала алмаймын,
Өкпелей берші, қайтейін.

Қайғыңды сенің тұмар еткелі,
Менің де нұрсыз жай күйім.
Бәріне соның кінәлап мені,
Өкпелей берші, қайтейін.

Сезімге сендік мәңгі мас едім,
Өзіңе бір күн жетелер.
Адасып келсем алдыңа сенің,
Көрмеген болып өте бер...

БӘРІ ДЕ БЕКЕР

Бір жұлдыз сен деп ағып өтер,
Бір ғұмыр өзін тәрк етер.
Екеуміз бірге болмаған соң,
Бақыттың маған бәрі бекер.

Күз өтіп, көктем тағы жетер,
Аққулар әнін салып өтер.
Екеуміз бірге жүрмеген соң,
Уақыттың маған бәрі бекер.

Жаныңа сенің мәлім етер,
Жасындай көкті жарып өтер,
Жүректің қайтем махаббатын,
Жүрмесек бірге бәрі бекер.

Атады жаздың таңы бекер,
Жауады қыстың қары бекер...
Екеуміз бірге көрмеген соң -
Бәрі де бекер, бәрі де бекер!
МЕН СЕНІМЕН БІРГЕМІН МӘҢГІЛІККЕ

Мен сенімен біргемін, білесің бе,
Бұлтты жарып күн шықса, 
                                       күлесің бе?
Сол күндей боп жүзіңе күлкі сыйлап, 
Менің бейнем түсе ме бір есіңе?

Мен сенімен біргемін, сенесің бе,
Көп досыңнан көзбояу көресің бе?
Көп жандардың ішінде жалғыз 
                                                 қалып,
Менің мұңды күйіме енесің бе?

Ұқсайтыны бар еді жанымыздың,
Күйтабақта шырқайды әніміз мұң.
Алыс-алыс екі жол қосылғандай,
Қосылады жолымыз әлі біздің!

Сағынышпен өтіп күн, өтіп апта,
Бір сыр айтар жаңбыр да, 
                                      жапырақ та:
Мен сенімен біргемін, мен сенімен,
Жүргенменен екеуміз екі жақта... 

ЖАН ҚАЛҚА

Азабыңа шырмалдым,
Орамалын бұлғар күн.
Есіме алып жүрейін,
Сыңарын бер сырғаңның.
Көз жасың жүрегіме құйылғандай, 
қиын қандай!

Сен болып бар қайғым,
Арайсыз таңдаймын.
Алтындай көшпелі
Сезімді кестелі
Аңғарта алмаймын,
Жан қалқа, кеш мені!

Күйіп-жанып отқа арман,
Көз ұшында жоқ болған,
Көктеміме ұқсайсың
Он сегізім ап қалған.
Қайтейін, енді қайта күйіп-жанбай, 
қиын қандай... 

Сағым болып арманың,
Сырғи берер алға күн.
Сағынатын өзіңді 
Ұмытпа бір жан барын.
Тағдырың жалғыздықпен 
                                        қиылғандай, 
қиын қандай... 


АНАНЫ АҢСАУ
(Қыз баланың монологы)

Ән болып санада,
Әлдиің, жан ана,
Бесіктен бізге мәлім.
Өзіңдей болар кім?
Өсірдің балаңның,
Орындап жүз қалауын.
Мен солай таныдым,
Өлшеусіз қадірін,
Өзіңдей ізгі ананың.
Өзіңмен шаттанам,
Аяулы ақ мамам,
Жетсінші жүзге жасың!

Сен қалдың ұяда,
Самғадық қияға
Бесіктен сен тербеген.
Тағдырға көндірген,
Сағыныш көрдім мен,
Көзіңде мөлтеңдеген.
Перзенттік сезіммен,
Нәр алып өзіңнен,
Ұл-қызың өркендеген,
Жүрсем де ана боп,
Аңсаймын бала боп,
Сөзіңді еркем деген.

Жылдар-ай жосылған,
Ұзадым қасыңнан,
Жолымен қыз баланың.
Ұлың боп жаралмай,
Қасыңда бола алмай,
Мен сені қызғанамын!
Ар менен ұяттың,
Жалауы сияқты,
Анашым, ақ жаулығың.
Сен таққан орамал,
Жол екен ең адал,
Жолыңды жалғап жүрмін.

Еркебұлан Кенехан.

Пікір қалдырыңыз