Ұл ержетті, қыз бақытын тапты

«Оңтүстік Қазақстанның» өкіл ұлы Наурызбай Бегімбет Қазығұрт ауданының «Алтынтөбе» кеңшарында дүниеге келген. Көптен бері перзент сүйе алмай жүрген қазығұрттық жас отбасында «Оңтүстіктің» 75 жылдық торқалы тойы қарсаңында, тура Ұлыстың ұлы күні 22 наурызда жарық дүние есігін ашқан сәбиге Наурызбай деп ат қойып айдар тағып, өкіл бала етіп алғанбыз. Редакция ұжымы бала өсіп, мектеп табалдырығын аттағанға дейін 22 наурыз күні бүлдіршіннің отбасында болып, мерекемен құттықтап қайтып жүрді. Бүгінде Наурызбай бала ержетіп, Астанадағы жоғары оқу орнын бітіріп, бизнес саласына бет бұрды. Автокөлікке қажетті заттар шығаратын кішігірім өндірісі бар. Қазір Астана қаласында ата-анасы Бейімбет және Жадырамен бірге тұрады.
Наурызбай есейіп, ер жеткен соң «Оңтүстік Қазақстан» тағы бір бүлдіршінге өкіл әке болды. Періште қыз Шымкенттің тумасы. Әкесі Нысанбек Жұмағұлов редакцияның бас есепшісі болып бірталай жыл жұмыс істеген. Кейін денсаулығына байланысты өзге жұмысқа ауысқан еді. Міне, сол Нысанбек аға мен жеңгеміз Ақмаралдың отбасында дүниеге келген Ақнұр Шымкенттегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияны үздік бітірді. Сосын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, есептеу техникасы және информатика факультетін тәмамдады. Қысқасы, қызымыз да бой жетіп, биыл тұрмыс құрды. Редакция қызметкерлері Ақнұрдың тойына арнайылап барып, жас шаңыраққа бақыт тілеп қайтты.
Нұрлан ҚҰЛБЕК.